«Әйелім мен үшін соңына дейін тұрып берді»
Төреғали Төреәлінің әйелі, блогер Толқын Тұрарбекқызы алтынды перзентін өмірге әкелді. Осыған орай өнер иесі қуанышымен бөлісіп, әйеліне алғысын жаудырды.
«Қуанышымда шек жоқ. Бұрынғы балаларымда басқаша еді, осы жолы бәрі басқаша боп тұр, сезім бөлек. Төрештеріңізге ақыл кірген сияқты ма, сабырлымын, байсалдылық келген сияқты.
Толқын деген ер екен! Тоқабай, саған Алла разы болсын! Біздің ұрпағымызды көбейтіп жатырсың. Алла тілеуіңді берсін! Сен мен үшін соңына дейін тұрып бердің ғой. Енді мен сен үшін тұрып берем, көресің. Алла менің көзімді қайта-қайта жеткізіп жатыр ғой. Айтшы, саған не алып берейін?! Аспандағы ай керек пе, әлде теңіздің ортасынан үй тұрғызайын ба? Әуелі Құдай, сосын мен сен үшін бәрін жасаймын», - деп әйеліне сезімін білдірді әнші.
Перзентхананың босану залынан шықпаған әйелін Төреғалидің өзі күтіп алған. Әйелі мен баласы жататын бөлмені гүлмен көмкеріп тастаған. Ал босандырған дәрігерлерге тәтті мен гүл сыйлап, қуантқан.
«Балам жұма күні өмірге келді. Жұма намазға кеткем, сөйтсем артымша Толқын перзентханаға кетіп қалыпты. Намазда тұрмыз, жаңбыр біресе жауады, қайтадан қоя қояды. Осылай бірнеше мәрте қайталанды. Мұндай жағдай Фатима қызым өмірге келгенде Қытайда болып еді. Бір кезде жаңбыр құйды. «Босанып қалды-ау» деген сезім болды, сөйтсем шынында да Толқыным босанып қойыпты. Өзі хабарласып, сүйінші сұрады», - деді Төреғали Төреәлі.
Әншінің бес перзенті бар еді, үш қыз, екі ұл. Алтыншысы ұл болды. Оған ТөреАхмет деп ат қойды.
«Өмірге келді тағы бір Ахмет,
Құдайдың мұнысына рахмет.
Алладан өзім барып сұрап алғам,
Мұхаммедтің басында дұға тілеп.
Атасы ТөреАхмет деп атын қойды,
Ахмет Мұхаммедтің бір аты деп.
Ахмет Байтұрсынов атасындай
Алаштың көзін ашар жыр оқы деп.
Бұны бірақ кенжем деп ойламаймын,
Талаптанып көремін бір-екі рет»,- деп өлең арнады Төреғали Төреәлі.