"Анамыз "көрінгенге неге сене бересің, қайдан білесің қосып айтып отырған шығар" деп, салқынқандылыққа үйретті"
"Өнер қырандары" театры көрермендерге өткір әзіл, мағыналы қойылымдарымен танылған. Театрдың директоры Мадияр Серікбаевтың жұбайы Дана Тұрарбек тек сахнада ғана емес, әлеуметтік желідегі парақшасында да қоғамдағы мәселелерге қатысты көзқарасын білдіріп отырады. Актриса ғаламтордың кері әсерінен ерлер өсек айтуға құмарланып кеткені жайлы жазба жариялаған.
"Неге адам ғайбатты әйбәт көреді?
Байқағаным бұрындары өсек деген сөз әйелдерге ғана қатысты боп көрінсе, қазір ғаламтордың кесірінен ерлерде ұсақталып төсекші-өсекші болып бара жатқандай. Бірақ әңгіме мұнда емес.
Неге адам көпшілікте біреуді талқыға салғанды ұнатады? Өйткені солай ол өзіне көңіл аудартқысы келеді екен. Біреуді төмендету арқылы өзін жоғарлату, өз-өзіне сенімсіз, махаббатқа зәру адамдарда болады. Отырған ортасында іштей өзін қабылдатқысы келетін, ұнағысы келіп тұрған адам, санасыз түрде өзгенің етін жеп, сүйегін мүжи бастайды. Бірақ бұл әдістен еш ұтпайды, өкініштісі өсекші атанғаны емес, сорақысы өсекші жәннатқа кірмейді.
Сен де мен де пенде демекші кемшіліксіз ешкім жоқ және барлық адамға бірдей ұнау мүмкін емес. Бірақ өзіңнің арыңның алдында, АЛЛА Тағаланың алдында адал бола білу керек. Бізді анамыз кішкентайымыздан өсек айтпауға, жамандамауға, беталды сене бермеуге үйретті. Анау сондай екен ғой десең, қай мұғалімің айтты, көрінгенге неге сене бересің, қайдан білесің қосып айтып отырған шығар деп, салқынқандылыққа үйретті. Осыдан сөз тасығаныңды естиін аузыңды күйдіріп, тіліңді кесіп аламын дейтін. Қорыққаннан аузымызды ашпайтын едік. Құрбы-құрдастарының сөзге жақындауы үйге келсе, құлағыңды түрмей бар ана жаққа деп қуып жіберетін. Баланы жастан демекші мұның бәрі тәрбие. Кішкентайынан тілін тия білген есейгенде ессіз жағын ашпайды.
Айтайын дегенім, өсек айту қасірет, не бұл өмірде, не ана өмірде пайда бермейді. Сол үшін де дінімізде сөйлесең жақсы сөз сөйле немесе үндеме деп әдемі қайырған", - деп жазған Инстаграмдағы парақшасында.