"Алтын домбыра" айтысының бас бәйгесі Жансая Мусинада.
Әзіл айтыстың хас шебері Жансая Мусина Астанада өткен "Алтын домбыра" айтысының Бас бәйгесін жеңіп алды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Бауыржан Халиолла жариялады.
Ол өзінің желідегі парақшасына "СҮЙІНШІ!!! СҮЙІНШІ!!! СҮЙІНШІ!!!
"АЛТЫН ДОМБЫРА" ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАНСАЯСЫНДА... ЖЕҢІС ОҢАЙ КЕЛГЕН ЖОҚ!!! Астанаға "Алтын домбыра" айтысына қандай азаппен келгенімізді өткен күндері жаздым ғой...
Енді қашан айтыс басталғанша мігір жоқ. Осыншама бейнетпен келгенде жалауымыз желбіреп қайтса екен деп тілеумен болдым.
Халықтың ықыласында, лебізінде шек жоқ.
Содан Астанадағы бір досыма хабарласып, жағдайды айтып, ақшасын беріп Жансаяның атынан деп бір қой құрбан шалдым, дұғада болыңдар деп.
О баста қазылар алқасында едім, Жүкең "Сенің маған сөзің керек, елге айтысты тіліп талдайсың ғой" деп қояр да қоймай тәуелсіз сарапшы қылды.
"Әй, Сен маған жолай бермеші. Мына ақындар маған жақын екеніңді біледі. Мына "сайтан" тағы келді, бірдеңе бүлдіреді" деп күдіктеніп жүр деп күледі. Оны тыңдайтын мен бе, Жүкеңнің оң жағына, сол жағына шығам. "Шөлддім, шай" десе шәйнекпен, су десе водовозбен тасуға дайынмын.
Сөйтіп жүргенде алғашқы айтыс күні де келіп жетті. Бағымызға орай Мақсат Аханов пен Жансаяның айтысын мен талдайтын болдым. Себебі тәуелсіз сарапшы үш адам.
Сөз соңында көзді жұмып қойып "Осы айтыстың билігі менің қолымда болса "Алтын домбыраны" Жансаяға берер ем" деп ұрып жібердім. Халықтың реакциясын байқайын дегем, күллі зал гу ете түсті "дұрыс, дұрыс" деп.
Үміт ұлғая түсті.
Бірыңғай он ұпаймен жартылай финалға шықты. Екінші айналымда аяулы ақын, жігіттің төресі Рүстем Қайыртайұлымен айтысатын болды. Мұнда да сәтті шығатынын ішім сезді. Себебі Рүстем ақынның баласы, қарсыласын ешқашан жеңіс үшін тұқыртпайды, қайта көтермелеп отырып, реті келсе мәрттік танытып отырып айтысады.
Әңгіме шешуші кезеңде кіммен шығуы мүмкін, сонда болды...
Әрқайсы дәмелі. Кім болса да ер азамат қой, жалғыз қызға шабуыл жасай қоймас, мүмкін жігіттік көрсетіп жол бере салар деп ішім жақсылық сезе бастады.
Бірақ айтыс осымен бітті... Сонымен жеңістің ауылы алыс емес тек қазылар алқасының патша көңілі шешеді. Демімді ішіме тартып отырмын. Бір мезгілде сахнадан "Алтын домбыра" Жайықтың Жансаясында" деген Жүкеңнің сүйкімді дауысы саңқылдап жатты.
Буындарым босап, көзіме жас келді. Мен емес, күллі Жайық жұрты бөркін аспанға атып жатқан көз алдыма елестеді..." деп жазды.
Бұл жаңалықты естіген Жайықтың жұртына қосылып, бар Алаш жұрты қуанып жатыр десек артық айтқандық емес. Себебі аз ғана уақыттың ішінде ақынды құттықтаған жазбалар желіде жарыса жарияланып жатыр.
Біз де айтыстың еркесін жеңісімен құттықтаймыз!