«Кондиционер ауруының» белгілері және аллергиялық реакция неден болады?
Сурет: ЖИ
Ыстық жаз күндері кондиционер нағыз құтқарушы болып көрінеді. Алайда оны дұрыс пайдаланбау құтқарушы рөлінен қауіп төндірушіге айналдырады. Мұны көпшілік білгенімен, дәл қай ағза мүшелерінде нақты қандай дерт тудыруы мүмкін екеніне терең бойлай бермейді. Анығында, салқындатқыштың суықтап қалудан да басқа қауіптері көп.
Тыныс алу мүшелері
Кондиционердің кері әсеріне ең сезімтал бөлім – тыныс алу жүйесі. Нақтырақ айтсақ, өкпе, тамақ, мұрын. Кондиционер бөлмедегі ауаны құрғатып жібереді, бұл мұрын мен тамақтың шырышты қабығының кебуіне әкеледі. Салдарынан ағза бактериялар мен саңырауқұлақтарға қарсы тұру қабілетін жоғалтып, синусит немесе терең тіндік инфекциялардың даму қаупі артады. Сонымен қатар, сүзгідегі шаң-тозаңның ауаға таралуынан өкпе зиянды микроорганизмдерге толуы мүмкін.
Көзге кері әсері
Кондиционерден үрленген ауа «құрғақ көз синдромын» тудырады. Бұл көздің қызаруына, тез шаршауына және көзде «құм» тұрғандай сезімнің пайда болуына әкеп соғады.
Теріге де тиеді
Кондиционердің теріге тигезін зияны «Ауру ғимарат синдромымен» сипатталады. «Ауру ғимарат синдромы» – АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің (EPA) «Sick Building Syndrome» туралы зерттеулерінің қорытындысында пайда болған термин. Бұл дегеніміз – терінің тітіркенуі, құрғауы және бөртпелердің пайда болуы.
Белді ауыртады
Кондиционердің тікелей салқын ағыны бұлшықеттердің қабынуына (миалгия) және бел ауруына соқтыруы мүмкін.
Қандай ауруларға себеп болады?
Кондиционерді пайдалану кезінде ең көп таралатын қауіпті аурулар қатарына мыналар жатады.
Легионеллез – легионелла пневмофила бактериясы тудыратын ауыр пневмония түрі. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, бұл бактерия кондиционер жүйелеріндегі сулы ортада тез көбейеді. Аэрозоль арқылы өкпеге түсіп, ауыр пневмония (легионерлер ауруын) тудырады. Аурудың белгілеріне жоғары температура, жөтел, кеудедегі ауырсыну және тыныс алудың қиындауы жатады. Бұл дерт өмірге өте қауіпті болуы мүмкін.
«Кондиционер ауруы». Бұл термин кондиционер астында ұзақ отырғанда пайда болатын бастың ауруы, бұлшықет ауырсынуы және шырышты қабықтардың құрғауы сияқты симптомдар жиынтығын сипаттайды.
Инфекциялық аурулар. Кондиционер жүйелерінде шаң мен ылғалдың жиналуы саңырауқұлақтардың өсуіне жағдай жасайды. Бұл иммунитеті төмен адамдарда өкпе абсцесін тудыруы мүмкін.
Аллергиялық реакциялар. Дұрыс жұмыс істемейтін кондиционер ауаға аллергендер мен химиялық буларды бөліп, демікпе мен созылмалы бронхиттің өршуіне себеп болады.
Зиянды әсерін азайту үшін...
Кондиционердің зиянын азайту үшін сүзгілерді үнемі тазалап, жүйеге техникалық қызмет көрсетіп отыру қажет. Құрылғыны жүйелі түрде тазалау қауіпті азайтуға көмектеседі.
- Сүзгілерді үнемі тазалап, ауыстырып тұрыңыз. Кондиционердің сүзгілері ауадағы шаң-тозаңды, зең спораларын, бактериялар мен вирустарды ұстап қалады. Алайда сүзгі ескірген немесе ластанған сайын, қорғаныш қызметі әлсірейді. Мұндай жағдайда құрылғы жиналған микроағзаларды қайтадан бөлме ауасына таратуы мүмкін.
- Су арқылы салқындатылатын жүйелерге ерекше көңіл бөліңіз. Ірі өндірістік және коммерциялық кондиционерлердің салқындату жүйесінде су пайдаланылады. Егер судың температурасы (+25)–(+45)°C аралығында болып, ұзақ уақыт қозғалмай тұрса, легионеллез бактериясы қарқынды көбейеді. Мұндай қауіптің алдын алу үшін салқындату жүйесін арнайы дезинфекциялаушы құралдармен өңдеу және барлық су жүйелерін жоғары температурадағы сумен шаю ұсынылады.
- Өндіруші нұсқаулығын сақтаңыз. Инфекциялардың таралуына әкелетін негізгі себептердің бірі – құрылғыны пайдалану кезінде өндіруші нұсқаулықтарын орындамау. Кондиционерді тексеру, тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары нақты регламент бойынша жүргізіліп, оны білікті мамандар орындауы тиіс.
- Кәсіби тазалау мен дезинфекцияның маңызы. Құрылғыны уақытылы тазартып, залалсыздандыру бөлмедегі вирустардың мөлшерін азайтуға көмектеседі. Техникалық қызмет көрсетуді арнайы дайындықтан өткен мамандар жүргізіп, атқарылған жұмыстардың есебін тіркеп отырғаны жөн.
- Тазалау кезінде қорғаныс құралдарын пайдаланыңыз. Кондиционерді тазалау немесе бактерия жұққан болуы мүмкін бөлшектерге қызмет көрсету кезінде маска, респиратор сияқты тыныс алу мүшелерін қорғайтын құралдарды қолдану керек. Бұл құрамында бактерия болуы мүмкін су тамшыларын жұтып қою қаупін азайтады.
- Мыс құбырлар қауіпсіздеу болуы мүмкін. Ұзақ мерзімді профилактика үшін су жүйелерінде полиэтилен сияқты полимерлі құбырлардың орнына мыс құбырларды пайдалану ұсынылады. Себебі олардың ішкі бетінде бактерияларының колониялары әлдеқайда баяу түзіледі.
Қандай температура қауіпсіз?
Денсаулықты сақтау үшін бөлмедегі температура мен ылғалдылықтың тепе-теңдігін сақтау маңызды. Бұл ағзаның қызып кетуінен де, кондиционердің жағымсыз әсерінен де қорғайды.
Зерттеулер көрсеткендей, кондиционерді 24°C немесе одан төмен деңгейге қою денсаулыққа байланысты шағымдарды жиілетеді. Мұндай жағдайда неврологиялық бұзылыстардың белгілері, аллергиялық реакциялар және психикалық жайсыздықтар жиірек байқалған.
Сондықтан бөлмедегі температураны 24°C-тан төмен түсірмеген жөн, ал көпшілік үшін 25–26°C жайлы әрі қауіпсіз болып саналады.
Кондиционердің салқын ауасын денеге тікелей бағыттамаңыз.
Бөлме ауасының шамадан тыс құрғауына да, шамадан тыс ылғалдануына да жол бермеңіз.
Кондиционерді жүйелі түрде тазалап, сүзгілерін уақытында ауыстырып отырыңыз.
Құрылғыға техникалық қызмет көрсетуді білікті мамандарға сеніп тапсырған дұрыс.
Ханбибі ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


