Сиыр еті вирустық инфекциядан қорғайды

0
7 516

Инфекциялық вирустардан адамның иммундық жүйесі қорғайды


Сиыр еті вирустық инфекциядан қорғайды

Бүкіл әлем инфекциялық ауру коронавирустың таралуынан шошынып, сақтанудың жолдарын қарастыруда. Соған орай диетология сарапшылары да қарап қалмай бұл індеттің алдын алу үшін иммунитетті көтеретін тағамдарды атады.


Инфекциялық вирустардан қорғайтын - адамның иммундық жүйесі. Алайда иммундық жүйенің белгілі бір ауруға қарсы тұруы үшін құрамы дәрумендер мен пайдалы заттарға бай азық-түліктердің көмегі қажет.


Сарапшылардың пайымынша вирусқа қарсы басты компоненттердің бірі - мырыш болып табылады. Онсыз кейбір иммундық жасушалар жұмыс істей алмайтын көрінеді. Сондықтан да мырышқа бай ет тағамдарын көп тұтынған дұрыс. Әсіресе бұзаудың бауыры, сиыр, қой еттері және жұмыртқа мен бұршақ тұқымдастарды ерекше атап өтуге болады.



Иммунитеттің көтерілуіне ықпал ететін тағы бір көмекші – С дәрумені. Ол ағзаның қорғаныш қабатының жұмысын күшейтіп, тұмау мен инфекциялық аурулардың жеңіл өтуіне әсер ете алады. Сол себепті де цитрусты жемістермен бірге қаражидек, мүкжидек, шырғанақ, қызанақ және қызанақ шырынын көбірек тұтынған абзал. Бұдан бөлек, пияз да С дәруменінің қайнар көзі екенін ұмытпаған жөн.



С дәруменімен қатар ағзаны сыртқы зиянды инфекциялардан қорғау үшін Е дәрумені де ағзаға өте қажет. Аталмыш дәрумен иммундық жүйе жасушаларын белсенді етеді. Е дәруменін жаңғақтар мен түрлі дәндерден алуға болады. Мысалы, күнбағыс дәнінің ¼ стақаны Е дәруменінің бір күнге жетерлік мөлшерін құрайды. Сонымен бірге бадам жаңғағының ¼ стақаны да ағзаны 1 күндік Е дәруменімен қанықтыруға жеткілікті саналады.


Балықтың құрамында кездесетін омега-3 қышқылы да зиянды бактерияларды жойып, иммунитетті нығайтады.


Тағамдардың ішінде ешкімнің ойына келе бермейтін йогурт та бар. Диетологтардың айтуынша қышқыл сүт өнімдері вирустың ағзаға таралуына кедергі жасайтын қасиетке ие екен. Жақында ғана жүргізілген зерттеуге сүйенер болсақ, күніне 1 стақан йогурт ішіп жүрген жандар тұмауға 25 пайыз аз шалдығатынын көрсеткен.

Міне, зерттеу нәтижелері осындай деректерді алға тартады. Қауіпті вирустардан сақтанғыңыз келсе, жоғарыда аталған азық-түлік өнімдерін көбірек тұтынуға тырысыңыз!

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ