Жасанды интеллект пен заманауи платформалар мұғалімнің жұмысын жеңілдеткенімен, оны алмастыра алмайды.
көрнекілік: education.ru сайтынан
Бүгінде мұғалімге артылған жүк де аз емес. Күн сайынғы сабақ жоспары, оқушылардың білімін бағалау, құжат толтыру дегендей толассыз жұмысқа енді цифрлы технологияларды үйрену де қосылды. Бұрын тек күнделік пен оқулық жеткілікті болса, қазір әр мұғалімнің сабағында түрлі платформалар мен жасанды интеллект құралдары болуы керек.
Чат GPT, Kahoot, Quizziz, Wordwall, Gamma секілді платформалар бүгінде мұғалімдердің көмекшісіне айналды. Біреу сабағына интерактив қосса, енді біреу оқушыларды қызықты тесттер арқылы білімін тексеріп жүр. Әсіресе Чат GPT мұғалімдер арасында үлкен танымалдылыққа ие болды — сабақ жоспары, эссе жазу, тіпті оқушының жеке деңгейіне қарай тапсырма дайындауға дейін көмектеседі. Бірақ осының бәрі осындай мінсіз бе? Әрине, жоқ. Әр құралдың өз минустары бар, ал мұғалімдер үшін бұл минустарды білу маңызды.
1. Жасанды интеллект тек интеллектке негізделген
Иә, жасанды интеллект керемет. Ол тапсырма дайындайды, мәтіндерді өңдейді, ақпарат жинайды. Бірақ бір нәрсені ұмытпаған жөн: мұғалімнің жүрегіндегі сезімді ешқандай технология алмастыра алмайды.
Мысалы, Чат GPT оқушының көңіл-күйін түсіне алмайды. Оқушы сабаққа көңілсіз келсе, жасанды интеллект оған жылы сөз айтып, мотивация бере алмайды. Бұл жерде мұғалімнің кәсіби тәжірибесі мен жанашырлығы таптырмас құрал болып қала береді.
2. Платформалардың техникалық шектеулері
Қазір мұғалімдер арасында жиі қолданылатын платформалар:
- Kahoot — оқушыларға қызықты викторина жасауға арналған тамаша құрал. Бірақ оның ең үлкен минусы — қазақша мәтін енгізгенде көп қателіктердің орын алуы және интернетке тәуелділігі. Онлайн байланыс үзіліп қалса, сабақты қызықсыз қылып жіберуі мүмкін.
- Quizziz — тест жасауға жақсы. Алайда, оқушылар сұрақтарды бір уақытта көре алмай, барлығы әр түрлі деңгейде жауап беріп жатқанда бақылау қиындайды.
- Wordwall — ойын форматындағы тапсырмалар құруға керемет. Бірақ тегін нұсқасында құралдар саны шектеулі.
- Gamma — презентация жасауға таптырмас құрал. Дегенмен, оның кейбір анимациялары интернет жылдамдығына тәуелді және қазақ тіліне қолдау көрсетуі әлі жетілдірілмеген.
- Quizziz немесе Kahoot сияқты платформаларда оқушылар өздігінен жұмыс істегенде мұғалім олардың шын мәнінде тапсырманы қалай орындап жатқанын толық бақылай алмайды. Бұл оқушылардың алдау мүмкіндігін арттырады.
3. Техникалық қиындықтар мен дағдылардың жетіспеуі
Әрбір мұғалім технология маманы емес. Кейбірі Word бағдарламасының өзін әрең меңгерсе, енді бірі платформаларға тіркелу барысында қиындықтарға тап болады. Қосымша құралдарды үйрену уақытты талап етеді, ал сабақ жүктемесі ауыр болған мұғалімге бұл оңай шаруа емес.
4. Жасанды интеллекттің қателері
Жасанды интеллект кейде дұрыс емес немесе қисынсыз шешімдер ұсынады. Кейде тарихи фактілерді шатастырады немесе қате ақпарат береді. Мұғалімдер бұл жағдайда ұсынылған мәліметтерді міндетті түрде тексеруі керек.
5. Оқушылардың оқуға деген мотивациясының төмендеуі, тәуелділік
Интерактивті платформалар оқушыларды бастапқыда қызықтырғанымен, уақыт өте келе бұл қызығушылық төмендеп кетуі мүмкін. Оқушылардың бар назары экранға ауып, мұғалімнің сабақ түсіндіруіне назар аудармай қалуы да ықтимал.Технологияның күн санап дамуы мұғалімдер мен оқушылардың оған тәуелді болуына әкелуі мүмкін. Мұғалімдер қарапайым әдіс-тәсілді, дәстүрлі сабақ өту дағдыларын ұмытып қалуы мүмкін.
6. Шығындар мәселесі
Кейбір платформалар бастапқыда тегін болғанымен, толық мүмкіндіктерін пайдалану үшін ақылы жазылым қажет. Мұғалімдер үшін бұл қосымша қаржылық шығынға алып келеді, ал мектептер мұндай шығындарды әрдайым көтере бермейді.