6-сынып оқушысының ӨНЕРТАБЫСЫ: "Сұрыптаушы РОБОТ" қалай жасалды?

0
652

Бекарыс Тайырұлы "Зерде" республикалық конкурсында робототехника санаты ерекше робот ұсынып, бірінші орынды жеңіп алды


6-сынып оқушысының ӨНЕРТАБЫСЫ:


6-сыныптың оқушысы не істей алады дейсіз бе? Бірі ән айтып, халықаралық байқаулардан жүлде алса, бірі спортта жеңіске жетіп, өз есімін танытуда. Ғылым, білім, IT-ге қызығатын оқушылар да бар. Солардың бірі – Бекарыс Тайырұлы. Ол жыл басында "Зерде" республикалық конкурсында робототехника санаты бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Оның конкурсқа ұсынған жобасы – экологияны жақсартуға көмектесетін сұрыптаушы робот. Бұл жобасы арқылы ол өз ортасының экологиялық мәселелерін шешуге үлес қоспақ.


Робототехникаға қызығушылығы қайдан басталды?

Бекарыс Алматы қаласындағы №174 мектептің 6 сынып оқушысы. Өзінің айтуынша, оның техникаға қызығушылығы бала кезінен басталған. "Бірінші сыныпта әкем маған Scratch бағдарламасын үйретті. Түрлі ойындар мен бағдарламалар құрастырып, кейін Arduino платформасында құрылғыларды басқаруды үйрендім. Әкем маған Wedo 2.0 деген робот әкеліп бергеннен кейін роботтар әлемі мен үшін ерекше қызықты салаға айналды", – дейді ол. Бекарыс робототехникаға мектеп үйірмелерінде емес, үйде өз бетінше көбірек дағдыланғанын атап өтті.


Бекарыстың экологиялық мәселені шешуге бағытталған жобасы

Бекарыс өз жобасының идеясы туған ауылындағы қоқыс полигонының экологиялық зиянынан туындағанын айтты. "Жел тұрғанда, қоқыстың иісі мұрынды жарады. Бұл тек біздің ауылдың емес, басқа да елді мекендердің үлкен мәселесі. Сондықтан осыған байланысты өзімнің роботымды жасауға бел будым", – дейді жас өнертапқыш. Оның жасаған сұрыптаушы роботы қалдықтарды түсіне, тығыздығына және магниттік қасиеттеріне қарай ажыратады. Бұл адам еңбегін жеңілдетіп, экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді.


Робототехниканың болашағын қалай көреді?

Робототехника бүгінде әлемдік деңгейде үлкен маңызға ие. Көптеген дамыған елдерде өнеркәсіп, медицина, ауыл шаруашылығы және тұрмыстық қызметтерде роботтар кеңінен қолданылуда. Бекарыстың айтуынша, Қазақстанда да бұл саланы дамыту қажет. "Егер оқушыларға ерте жастан техникалық білім берілсе, болашақта елімізден әлемге әйгілі инженерлер, ғалымдар шығады. Біздің қоғамда әлі де ІТ мен техниканы меңгеруге деген сенімсіздік бар. Бірақ робототехника – келешектің мамандығы", – дейді ол.

Бекарыстың мақсаты – болашақта робототехника саласында үлкен жетістіктерге жету. Ол жасанды интеллект негізінде жетілдірілген роботтар жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ол қазақ тілді бағдарламалау платформаларын іске қосу идеясын алға тартты.

"Қазір бағдарламалау тілдерінің көпшілігі ағылшын тілінде, ал оны үйренуге уақыт қажет. Егер қазақша платформа жасалса, IT саласына қазақ жастарының қызығушылығы артар еді", – дейді ол.

Бекарыстың анасы Бақыт Кемелбекқызы ұлының бала кезінен-ақ ерекше сұрақтар қоятынын, қызығушылығы өзгеше болғанын айтады. "Ол төрт жасында-ақ: "Ұшақ тез ұша ма, әлде құс па?", "Роза гүлі әдемі болса, неге тікені бар?" деген сұрақтар қоятын. Біз оның қызығушылығын қолдап, телескоп, микроскоп, глобус сияқты білімге қажетті заттар алып бердік. Ол арнайы үйірмелерге көп қатыспады, өйткені оның басты ұстазы – әкесі болды", – дейді анасы.


Бекарыс Тайырұлы – технологиялық даму мен инновацияға бағытталған жаңа ұрпақтың жарқын өкілі. Оның экологияны жақсартуға арналған роботы – болашақта үлкен өзгерістер әкелетін жобалардың бастауы ғана. Осындай балаларды қолдау – еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін арттырудың басты жолы.


Мұндай дарынды балаларға қолдау көрсету, оларды дамытуға жағдай жасау – Қазақстанның ғылым мен технология саласындағы болашағын айқындайтын маңызды қадам. Бекарыс секілді оқушылардың еңбегі мен таланты ел ертеңінің жарқын боларына сенім ұялатады.