Оның бар ойы - күйеуімді өзінің сіңлісіне үйлендіру екен
көрнекілік сурет: avatars.dzeninfra.ru
"Айрандай ұйыған, жап-жақсы отбасымыз деп айта аламын. Ұсақ-түйек ұрыстар боп тұрады, әрине. Ондай барлық отбасында болады деп ойлаймын. Бірақ біздің үйдегі осындай кішігірім түсініспеушіліктерге абысыным араласа береді. Ол араласқан мәселе ушығып, үлкен дауға айналатын болды. Осының себебін түсінбей жүр едім" - түркістандық келіншек ERNUR.KZ тілшісіне өзін таң қалдырған жайтты баяндады.
"Абысынымнан әбден көрдім. Келін болып түскеннен аңдығаны мен. Енеме жамандауы, қайынбикелеріме өсектеуі әбден шаршатты. Осы шаңыраққа менен бұрын келін болып түсіп, тәжірибесі көптеу болған соң, үйдегілер көбінесе сол абысыныммен санасады. Ал менің айтқанымды ешкім құлағына ілмейді, сенбейді, түсінгілері келмейді. Соны пайдаланғысы келе ме әлде өзі сияқты үйде отырмай, жұмыс істеп, табыс тапқанымды көре алмай ма, әйтеуір жақтырмағанын сездіріп жүреді.
Тіптен бір байға тигендейміз. Неге соншалықты қадалып қалғанын білмеймін. Басқа тірліктеріме араласқаны мейлі, тым құрыса түнгі ұйқы мен төсегімді аңдуы шектен шықты. Бұл абысынымның қызғанышынан туындаған жағдай ма, түсініксіз.
Қашанғы сүмірейе беремін, бір күні қатты ашуым келгенде төркініме кетіп қалдым. Абысыныма бұл күшті жаңалық, қуаныш болған шығар. Себебі жек көретін адамы үйінен кетсе, еркін тыныстап қалады ғой.
Әрине біржолата кетемін деген ой болмаған. Тек қана "Күйеуім соның сөзін сөйлемесін, ойлансын, мені түсінсін. Мен де кішкене миымды тынықтырайын" деген оймен кішігірім үзіліс орнатқан болатынмын. Содан кейін болған жағдайды естігенде есеңгіреп, өз құлағыма өзім сенбей отырып қалғанмын.
Мен үйден кеткен соң-ақ абысыным "Танысып көр, жақсы жігіт" деп күйеуімнің телефон номерін отырып қалған бөле сіңлісіне беріпті. Ондағы мақсаты да белгілі ғой, заңды түрде ажыраспасақ та, арамызға өзге адамды кірістіріп, барлығын «шешіп» тастағысы келген. Екеуі бір-бірімен сөйлесіп, жақын болып кетсе, бәлкім үйленіп кетер деп дәмеленген ғой. Бірақ күйеуім ол қызды жақсы танитын көрінеді. Жүріс-тұрысы көп қыз болған соң «хабарласпа маған» деп оны бұғаттап тастаған екен.
Кейін біз бір-бірімізбен ұрысып-керіспеген соң, екеуара мәселе болмаған соң ақылға салып, қайта қосылдық. Содан бері абысыным мені де, күйеуімді де жек көріп кетті.
Маған ең бастысы абысынымның ыза-кегі емес, отбасыммен бірге болуым маңызды. Сондықтан, бұрынғыдай абысыным неге бұлай қарайды деп артық ойлармен өзімді мазаламайтын болдым. Әлбетте, еңсемді езген мұң да болды, барлығы өз орнына түсіп, реттеліп кетсе екен деп те тіледім.
Күйеуімнің әке-шеше, бауырларының алдында оларға қарсы шығып, мені жақтамаса да, басқаға айырбастамайтынына көзім жетті. Балаларын да қатты жақсы көреді. Ендеше біз басқалар үшін неге азап шегіп, өмірімізді қиындатуымыз керек? Осы ойға келуім мұң екен, "Битке өкпелеп, тонымды отқа жаға жаздаппын. Енді ешқашан күйеуімді тастамаймын" деп шештім.
Осылайша абысынға ренжіп, өз отбасымды бұзып ала жаздадым. Осы жағай қыз-келіншектерге сабақ болса екен. Ешқашан асығыс шешім қабылдамаңыздар. Не нәрсенің болмасын ойланып, кеңесіп, оң орайын табуға болады. Ал менің абысыным секілділер – өте бақытсыз жандар. Жүрегінде кек пен көреалмаушылық тұрған жан ешқашан бақытты бола алмайды."