​«Әйелім менімен жатпайды»: шымкенттік азамат өткен ісі үшін өкінетінін айтты

0
1 550

«Жасаған қателігім қарындасымның алдынан шықты»


​«Әйелім менімен жатпайды»: шымкенттік азамат өткен ісі үшін өкінетінін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ғұмырының көбін сүріп, басынан небір нәубетті өткізген көрген қария болмасам да өз басымнан өткізген жағдайдан ой түйіп, сабақ алған, өзімнен кейінгі інішектерге бір кісідей ақыл айтуға жарайтын азаматпын. Сол себепті біздің отбасымызда болған бір оқиғаны айтып бермекшімін. Бұл желік қуып, қызық іздеп жүрген жігіттерге ой салса екен», - дейді Бекқали есімді азамат.


Шымкенттік оқырманымыз алты жылдан бері әйелімен бір бөлмеде түнемейтінін айтты. Оған өзі кінәлі екен. Жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Осыдан біраз жыл бұрын әрі ағайын, әрі сыныптас Айдос деген досым Астанаға жұмысқа шақырды. Қара шаңырақтың иесімін, үйде кемпір-шал бар, тұрақты жұмыс болмаған соң бала-шағамызбен сол екеуінің зейнетақысына телміріп отырмыз. Бармағанда қайтем, қуана келістім. Айдос айтқан құрылыс бара сала басталмады. «Тендер ала алмай жатыр екен, біраз күтеміз» деген соң базарға күзетші боп орналастым. Құрылыста істеуге барған 6 жігіт пәтер жалдап тұрдық. Ішіндегі екеуі мен сияқты отбасын асырау үшін келген, үшеуі бойдақ. Бастапқыда тапқанымызды ай сайын ішпей-жемей үйге жөнелтіп отырдық.


Кейін бәрімізді қара басты. Арамыздағы бойдақтар бізді азғырды. «Кім көріп жатыр, өмірдің бір рахатын сезінсеңдерші» деп үйге қыздар шақыратын болды. Бір дәмін татқан соң қоясың ба, базардағы саудагер қыздармен де сауық құрдым. Ондайда ақшаның басы құралмасы анық, үйге ақшаны аз жіберем. Әйелім телефон соқса көп сөйлеспейм, кей күндері тұтқаны көтермей қоям. Тура жолдан тайқып, сауық-сайран салып кеттім.


Күндердің күнінде менің хабарсыз кеткеніме уайымдаған әйелім мен мамам мені іздеп қалаға, одан базарға, базардағылардан сұрап, мен жатқан пәтерге келіпті. Жексенбі күні тойлататын әдетімізге басып, жанымыздағы ауылдас жігіттің туған күнін тойлап жатқанбыз. Үйде базарда сауда істейтін төрт келіншек бар. Бәріміз маспыз. Музыканың даусын шығарып, қыздармен билеп жатқанда үйге Назерке мен мамам келеді. Жігіттер де мас, оларды туған күнге келген қонақтар деп үйге кіргізген. Үйге кірген соң, менің басқа қызбен екенімді олар көрді.


Назерке сонда ештеңе деместен есіктен шығып кетті. Жол бойы Назерке жылап, екеуі келген ізімен пойызға отырып, ауылға үндемей жетіпті. Назерке үйге жеткен соң әкемді алдына отырғызып, көргенінің баяндап берген. «Енді маған рұқсат беріңіздер, ажырасам, онымен ары қарай өмір сүре алмаймын» деп жылаған. Сонда әкетайым менің отбасым бұзылып кетпесін деп шыр-пыр болып, мен үшін келінінен кешірім сұрапты. «Құлың болайын, төрт немеремнен мені ажырата көрме. Оларсыз біз қалай өмір сүреміз?! Керек десең сол Бекқали өмір бақи үйге келмей-ақ қойсын, маған бала емес, немере керек, мен сендерді таңдаймын» деп әкем жылап жіберген.


Назерке де ақымақ емес қой, атасын жылатып тастай алмайды. Сөйтіп екі күннен соң «Мейлі, ата, сіздің дегеніңіз болсын. Біз осында қаламыз. Балалар өз тамырынан ажырамасын. Бірақ, менің бір шартым бар. Бекқали үйге келмей тұрмайды. Түбі бір қайтады. Бірақ енді оның әйелі емеспін. Балалармен бөлек бөлмеде өмір сүрем. Онымен енді ешқашан бір жастықта жатпаймын» деп кесімді сөзін айтыпты.


Мамам мына сөзден кейін қатты қорқып кеткен бе, араға ең жақсы көретін қарындасымды салып, мені ауылға шақыртып алды. «Ауырып қалдым, тез жетіңіз» деп қарындасым хабарласқанда бәрін тастап, ауылға қарай құстай ұштым. Сөйтсем олар әйдейі осылай деп мені қорқытып, шақырып алыпты. «Әйеліңе ие бол, бала-шағаңның алдында отыр!» деп мамам да ұрысып, әкем қамшымен сабап, желіккен көңілімді жарты күнде басты.


Міне содан бері, 4 жыл өтті. Мен ауылда қалдым, қазір мектепте күзетшімін. Бір шаңырақ астында демесек, Назерке екеуміз екі бөлек тұрамыз. Кешірім де сұрадым, аяғына жығылдым, көңілі сол күйі жібіген жоқ. Көршім сияқты, бірақ ата-анама жақсы қарап, қызметін жасап жүр. Маған да тамағын береді, киімімді жуады, бірақ әйелдік парызын өтемейді. Төрт ай қыз-қырқынмен қыдырам деп төрт жыл азапта өмір сүріп жатырмын.


Айтайын дегенім, жалғыз қарындасым үш жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Бағы жанбай, пұшайман болып отыр. Күйеу бала күйдіріп жатыр. Басында ішіп келіп ұратын, енді қыздарға барып, қарындасымның ар-намысын аяққа таптап жатыр. Құдалардың үйіне барып, талай айттық. Қарындасымды үйге әкетіп те көрдім. «Кешіріңіздер» деп сүмірейіп келіп, екі мәрте алып кетті. Бірақ жүрісін қояр емес.


Қарындасымның бұл күйге жеткеніне қатты налимын. Әйеліме жасағаным жалғыз қарындасымның алдына келді. Жақында әйелім мен қарындасымның әңгімесін естіп қалдым. «Жеңгей, не істесем болады?! Жылап та, жалынып та айттым, жүрісін қояр емес. Шаршап кеттім. Екі баламды аяймын, әйтпесе, өлгім келеді» деп жылап қоя берді. Оны естіген әйелім де «Түсінемін сені. Маған да оңай емес. Бекқали да дәл солай көңілімді қалдырды ғой. Оны ешқашан кешіре алмаймын. Оны көрген сайын сол қызбен төсекте жатқаны ойыма келеді. Үлкендердің сөзі болмаса, мен де басқа жаққа кетер едім» деп көңілі босап қалды. Оңбай қателескенімді осы кезде шын түсіндім.


Жігіттер, естерің болса сырттан жылу іздеудің қажеті жоқ. Әйелің де біреудің қарындасы, оның да наласы, қарғысы бар. Әйеліңе істеген опасыздығың ертең қарындасыңның, қыздарыңның алдынан шықпай қоймайды. Сондықтан мүмкіндігінше ақырын жүріп, анық басайық. Ешкімге қиянат жасамайық».