"Әке-шешем сүйікті жар болуға емес, келіндік қызметке ғана дайындады"

0
336

"Күйеуімнің көмегімен нағыз әйелге айналдым. Ал оны осындай етіп тәрбиелеген - атасы екен"


"Мен отбасылық өмірде бақытты әйелмін, Құдайға шүкір! Отбасылы болғанымызға 6 жыл. Осы уақыттың ішінде жолдасымнан көп нәрсе үйрендім" деп қуанышын және "Жай ғана әркім өз өмірін сүріп, ешкімге тиіспей, өз қажетін өзі жасап, айналасындағылармен ақылдаса, келісе отырып, бақытты өмір сүрсінші" деген ойын жеткізді ERNUR.KZ порталының оқырманы.


"Өзімше болдым-толдым, тұрмыс құратын жасқа жеттім деп ойладым ғой. Ал негізінде сол уақыттарда жасқаншақ, ойын ашық айта алмайтын, жылап қалатын, болмашы нәрсеге ренжігіш бала екенмін әлі. Сондай бұртиғыш баладан – бәрін қарама-қарсы отырып, сөйлесіп шеше алатын, өз ойымды артық сөзсіз, эмоциясыз жеткізе алатын, ең бастысы өзгелерді тыңдай алатын ересек адамға айналдым. Күйеуім Айдардың жол көрсетуі, ақыл-кеңесімен. Қазір әйелдік қылығым да бар, арасында қулығым да бар, бірақ көбіне саналы екі ересек адамның адалдық, шыншылдық пен сенімнен, түсіністіктен құралған қарым-қатынасын орната алдық. Ең бастысы мені барлығынан қорғай алатын өмірлік серігім бар.

Күйеуімді осындай адам етіп тәрбиелеген атасына үлкен алғыс айтамын. Себебі, өз ата-анасының емес, атасының қолында өсіп, сол кісінің тәрбиесін көрген екен. Егер Айдар осындай адекват, ер мен әйелді тең санайтын емес, «еркек – биік, әйел – төмен» деген түсінікті бойына сіңіріп өскенде, менің қазіргі өмірім мүлде басқаша болар еді. Қандай абьюзивті қарым-қатынас көрсем де, тиран күйеудің таяғын жесем де, шыдап жүре берер ме едім.

Өйткені, мені сондай көзқараста тәрбиелеген. «Күйеуің ақты қара десе – қара болғаны» деген сөзді жеңгелерімнен де, өз анамнан да талай естігенмін. Тұрмысқа шығарда мені тұлға болуға, тәуелсіз болуға, нағыз әйел, аяулы жар болуға, өз аяғымды өзім алып жүруге емес, келін болуға ғана дайындады.

Яғни, «тамақ істей білуің керек, шаруаңнан шашау шықпасын, ертең шешесі дым үйретпепті демесін» деп, үйдің тіршілігін жасауды үйретті. «Ата-енеңнің көңілін табуға тиіссің, оларға қарсы сөйлеме, үндемей жең. Күйеуің келгенде тамағың дайын, үйің жинаулы, балаңның үсті-басы тап-таза болсын. Өзің де әдеміленіп үлгер. Күліп шығарып салып, жайнап күтіп ал. Оған артық жүк артпа, әр нәрсемен басын қатырма, бәрін өз мойныңа іле бер...»

Осындай бітпейтін міндеттер. Өз көңіліме көп сияқты көрінсе де, анамнан, жеңгелерімнен көріп жүргенім сол болғасын, қабылдадым, көндігуге тырыстым. Өйткені, осының бәрін жасасам ғана бақытты отбасы боламыз деп ойладым. Ал мен күйеуіммен бақытты болу үшін бәрін жасауға дайын едім.

Бастапқыда біреудің көңілін табамын деп жүріп өзімді жоғалтып алдым. Содан да шығар жылауық бала секілді болып кеткенім. Кейін күйеуім дер кезінде желкенді дұрыс бұрып, отбасымызды оң бағытқа сала білді.

Осындай көзқарас, әйел мен ерді тең көретін түсінік әр отбасында орнаса екен. Әр бойжеткенді өте көп міндетті мойнына асып алған, өзін келін, қызметші рөлінде ғана көріп, сүйікті де қылықты жар, ардақты да аяулы ана екенін ұмытқан бақытсыз әйел емес, жүзінен шуақ шашылып тұратын, баласына, күйеуіне махаббатын бере алатын, жылулық сыйлай алатын әйел қылайықшы. Олар да өздерінің осы дүниеге келудегі мақсаты қайынжұртқа қызмет қылу, күйеудің асты-үстіне түсу, баланы өбектеумен шектелмейтінін ұмытпасыншы. Өз армандары бар екенін есіне алсын, соның соңында еңбек етсін."