Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тарихы тамырлас елдің өкілдерін ұлттық мерекелерімен құттықтады.
Түркістанда Түркияның Республика күніне арналған мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл бауырлас Түркия халқы республиканың 102 жылдығын атап өтті. Осыған орай Түркістанда мерекелік кеш өтті. Қос мемлекеттің Әнұрандары шырқалған соң Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүрджан құттықтау сөз сөйлеп, Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластық тереңде екеніне тоқталды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тарихы тамырлас елдің өкілдерін ұлттық мерекелерімен құттықтады.
– Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Баршаңызды Түркия Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл басқосу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін береді. Біздің ортақ тіліміз бен тарихымыз бар. Өздеріңізге белгілі, 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің тәуелсіздігін алғаш болып мойындап, қолдау көрсеткен – Түркия елі. Сондықтан Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым-қатынас ерекше екенін атап өткім келеді. Биыл Қазақстан Республикасының Түркия Республикасымен дипломатиялық қатынастарының орнағанына 33 жыл толып отыр. Түркия – еліміздің ең сенімді және ірі сауда әріптесі. Екі ел арасында өзара тауар айналымы 2024 жылы 5 млрд. АҚШ долларын, оның ішінде Түркістан облысымен 87,5 млн. АҚШ долларын құрады. Өңірімізде түрік компанияларының қатысуымен ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы әріптестік жалғаса береді. Екі ел арасындағы достық пен бірлік мәңгі болсын! – деді Нұралхан Көшеров.
Салтанатты кеште қазақ халқы мен түркі елдері ұлттық аспаптарының оркестрі концерттік бағдарламасын ұсынып, әуелеген әндер шырқалды.
Айта кетейік, Түркістанда Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды нығайтқан бастамалар жемісін беруде. Солардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ түркі әлемінің жастарын біріктіріп отыр.


