"Байлығына бола тиіп ем, ақшасы бақытты етпеді"

0
777

Жігітім жағдайын айтып, той жасамасақ та, некемізді қиып үй болайық дегенде «Алдымен жағдайыңды реттеп ал. Ақ көйлек кимей, той жасамай тұрмысқа шығуды елестете алмаймын» деп тұрып алдым.


Сурет: i09.fotocdn.net

"Сырттай қараған адам бізді бақытты отбасы деп ойлайды. Бірақ ішкі жағдайымызды ешкім біле бермейді, әр отбасының сыры өзіне мәлім ғой" - алматылық әйел ешкімге айтпаған құпиясын ERNUR.KZ порталы арқылы бөлісіп, көпшілікке ойын жеткізгісі келеді.


"Жасым – отыз бесте. Екі баланың анасымын. Жолдасымның жеке бизнесі бар. Қаланың орталығында үлкен пәтерде тұрамыз. Бақытты, ел қызығатын отбасы болып көрінеміз. Алайда, мен өзімді бақытты жан ретінде көре алмаймын. Себебі, жолдасыммен сүйіп қосылған емеспін.

Осыдан 7 жыл бұрын күйеуге шықтым. Жолдасым сол кезде-ақ жеке кәсібі бар, ауқатты, ақшалы болды. Мұндай жігітке қыздардың көпшілігі қызығады емес пе? Мен де осындай жігітке тұрмысқа шыққанымда қызғанышпен қараған қыздар көп болды.

Негізі сүйген жігітім болған. 3-курста оқып жүргенде жақын құрбым тұрмысқа шыққан болатын. Жігіті екеуі бір-бірін сүйіп, араға бір жыл салып үйленді. Сол құрбымның тойында күйеу жігіттің досымен танысып, арты үлкен махаббатқа ұласты. Көп балалы отбасынан шыққан, әкесінен жастай айырылған жігітім жоғары білім алмаған, құрылыста жұмыс істейтін. Бар тапқан ақшасын ауылдағы анасы мен бауырларына жіберетін.

Әлгі құрбым мен күйеуі пәтерден пәтер жағалап, қарыздан қарызға батып өмір сүрді. Одан қалса, тойға деп алған несиелерін төлей алмай біраз жүрді. Құрбым қатты қиналғанда алтындарын, тіпті неке жүзіктерін ломбардқа өткізіп жіберген. Соның барлығын көріп, жүрегім ауырып, мұндайды бастан кешіргім келмейтін. Сол себептен жігітім жағдайын айтып, той жасамасақ та, ауылға барып, беташар өткізіп, некемізді қиып үй болайық дегенде, келісім бермедім. «Алдымен жағдайыңды реттеп ал. Қанша күт десең де, күтемін. Ақ көйлек кимей, той жасамай тұрмысқа шығуды елестете алмаймын» деп тұрып алдым.

Ол соңымнан тағы екі жылдай жүрді. Сол арада қазіргі жолдасыммен таныстым. Оның жағдайы сөз байласқан жігітіме қарағанда әлдеқайда жақсы болатын. Маған ұсыныс білдірді. Бар ойым құрбым секілді қарыздан қарызға батпай, рахат өмір сүру болды.

Бұрынғы жігітімді ұмыта алмасам да, жолдасымды сүймесем де тұрмыс құрдым. Тойымыз ең керемет мейрамханада өтті, біраз шетел мемлекеттерінде болдым. Екі ұлым элиталық балабақшаға барады. Қолым жылы суда. Алайда, мен бақытсызбын.

Жолдасым екеуміздің арамызда екі баладан басқа ештеңе жоқ. Бірге тойға, қонаққа баратынымыз болмаса, ерлі-зайыпты ретінде бақытты емеспіз. Ол да қызықты басқа жақтан іздейді. Сырт жақта қыздары бар екенін білемін. Біле тұра оны қызғанып, шу шығармаймын. Маған бәрібір секілді. Екі балам аман болса болғаны. Ойымнан сүйген жігітім кетпейді.

Кейде осы бай жігітті таңдаған жалаң шешімім үшін өзімді жек көріп кетемін. Байлық та, қарызсыз өмір де көңілімді толтырмайды. Бұрынғы жігітімді ұмыта алар емеспін. Сүйгеніңмен қосылмаған қандай жаман екенін ұқтым. Менің осы қателігімді қайталамаңыздаршы. Жүрегің қалаған адаммен бақытты өмір сүргенге ештеңе жетпейді екен."