"Бір келіншек ауру жұқтырып кетті" - ер адам теріс "жүрісіне" өкінеді

0
239

"Үш баламның анасы, маған адал жар болған әйелімді түсінбей, бағаламай кеттім"


"Кейде терезе алдындағы жалғыз орындықта отырып, өмірге қарап ұзақ ойға батамын. Бір ағамның "Адамдар бір-бірін түсінгенше жарты ғұмыры өтеді. Ал бір-бірінің қадірін түсінгенде өмірі бітеді" деген рас екен ғой..."

Осылай деп өкініш білдірген ер адам ERNUR.KZ Ттілшісіне бір құпиясының бетін ашты.


"Жап-жас күнімде, мен де от болып жанып, тауды қопаруға дайын жігіт едім. Бірақ дәл сол жігердің ішінде – жауапкершілік емес, менмендік көбірек болыпты.

Үш баламның анасы, маған адал жар болған әйелімді түсінбей, бағаламай кеттім. Ортам дұрыс болмады ма, әйтеуір қызықты сырттан іздеп желіктім. «Өмірім алда» деп, үш баламды әйеліме жетектетіп, өз жолыммен кете бардым. Ол кезде мен үшін маңыздысы – бостандық еді. Енді, міне, елуді еңсеріп, төрт қабырғаға қамалғанша жалғыз қалған шағымда, бостандықтың дәмі ащы зәр секілді болып отыр.

Қазір бір жаман пәтерде тұрамын. Ай сайын 80 мың теңге төлеймін. Үнсіздік пен бос кеңістік – менің тұрақты серігім.

Әрине жалғыздықтан шаршап, жүрегіме жылулық іздеп көрдім. Бірақ алданып, шаршадым. Бір келіншек ауру жұқтырып кетті, ұзақ емделдім. Екіншісі – жүргіш, тұрақсыз еді. Үшіншісі – «маған ақша тап та, мен өмір сүрейін» дейтін, тек өз қамын ойлайтын әйел болды. Әрқайсысы жанымды жеп, жүрегіме жара салды. Қысқасы, олар отбасы болатын әйелдер емес.

Бұрынғы әйелім етегіне намаз оқитындай адал жар болған екен ғой. Ол өз өмірін жалғастырды. Балаларды өсірді, тәрбиеледі. Кейін өзі де жалғыз қалған бір жігітпен бас қосып, бақыт тапты. Қазір екінші күеуінен бір қызы бар, шуақты шаңырақта өмір сүріп жатыр. Ал мен ше?..

Мен ер азамат үшін ең үлкен ерлік – отбасын сақтап қалу, әйеліне қорған болу, баласына әке болу екенін кеш түсіндім. Қазақ бекерге «Бірінші бақ – бақ, екінші бақ – қара дақ» деп айтпаған екен.

Жігіттер, отбасын бағалаңдар. Алғашқы жарың – сенің тағдырың. Оны тастап, жеңіл жол іздеп кетсең, өмір сені ерте ме, кеш пе, қайыра соғады. Қара дақтай боп жаныңда қалып қояды.

Ащы болса да мойындайық, ажырасқанда – әйел жылайды, бірақ тұрып кетеді. Ал ажырасқан еркектің көбісі мүгедек көңілмен жалғыз қалады. Мен сияқты...

Жауапкершілік – еркектің ең үлкен қадірі. Сол қадіріңді жоғалтпа, жас отағасы!"