​«Біреуге айтсаң, әке-шешеңді өлтіреміз»: 8 жасар ұлы зорлық көрген қызылордалық әйел бар шындықты айтып берді

0
1 836

«Өзінен үлкен 4 ұлдан бір жылға жуық зәбір көріп келген. Енді көргенін өзінің туған інісіне жасамақ болған»


​«Біреуге айтсаң, әке-шешеңді өлтіреміз»: 8 жасар ұлы зорлық көрген қызылордалық әйел бар шындықты айтып берді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


Күні кеше ERNUR.KZ тілшісінің телефонына «НемолчиKZ» қоғамдық қорынан «Қызылорда облысында 8 жасар балаға бір жыл бойына 12-14 жастағы жасөспірім балалардың зорлық жасап келгені туралы хабарлама келіп түсті. Біз аталмыш оқиғаның жай-жапсарын білу үшін зорланды деген баланың анасы, Қызылорда облысына қарасты Тасбөгет кентінде тұратын Ж.-ға хабарластық. Ол бізге баласының басынан өткен жағдайды бастан-аяқ баяндап берді.


«Мен мұны өткен 6-шілде күні білдім. Әдеттегідей, түс мезгілі болатын, кішкене демалып алайын деп жатқанмын. Жанымда 8 жастағы ұлым да жатқан. Ол мені ұйықтап қалды деп ойлады-ау, келесі бөлмеде ойнап жүрген інісін дауыстап шақырды да, «Әшәуімді сор» деді. Теріс қарап жатқанмын, дұрыс түсінбей қалдым ба деп орнымнан атып тұрып едім, балам ішкиімін шешуге ыңғайланып жатыр екен. Өз көзіме өзім сенбей, дереу екі баламды сұрақтың астына алдым.

«Сендер мұны қайдан білесіңдер? Кім үйретті? Не істеп жатсыңдар?» деп ашумен екеуін әбден сілкілеп алдым. Кішкентайым 6 жаста ғой, «мама, бізге мұны көрші үйдегі М. деген бала үйреткен. Ол ағама достарымен бірге осылай істейді, мен көргенмін» деп көрген білгенін жіпке тізгендей айтып, тіпті көрсетіп берді.


Бұдан кейін шыдау мүмкін бе? Дереу балаларымды ертіп алдым да, әлгі М. деген көрші баланың үйіне бардым. «Мына балаңның не істеп жүргенін білесің бе? Сен қандай анасың?» деп шешесіне сөйледім, сосын әлгі баланы шақырып алып, өзінен сұрадым. Сол кезде ол «былтыр 3-4 мәрте жасағанмын» деп өзі мойындады. Мына жағдайдан кейін есімнен танып қала жаздадым. Дереу үйге келдім де, «102»-ге хабарласып, уаскелік инспекторларды шақырттым. Олар келді де, «апай, бұл біз қарайтын іс емес, қазір біз осындай іспен айналысатын арнайы қызметкерлерді шақыртамыз» деп кетіп қалды.


Арада екі сағаттай уақыт өткенде Дауылбаев деген тергеуші келіп, «Бұл іс ұзаққа созылады, сіз оны соңына дейін жеткізе аласыз ба?» деп менен арыз алмаудың әрекетін жасады. Бірақ мен айтқанымнан қайтпай тұрып алдым. Баламның бүкіл өміріне балта шапқандар қалай жазасыз қалсын?! Арызды жазып, қолдарына тапсырдым. Бірақ олар балалар 14 жасқа толмағандықтан істі қысқартып, ата-аналарына айыппыұл салынды деп, менің арызымды қараусыз қалдырып отыр. Содан кейін мен барлық құзырлы органдарға ерінбей барып, жеке-жеке арыз тастадым. Прокуратураға да, облыстық, қалалық білім басқармаларына да барып, болған жағдайды айтып, кінәлі балаларды жазалауды сұрадым.


Тасбөгет кентінің білім бөлімі болған жағдайдан хабардар екен, бірақ оны Қызылорда облыстық білім басқармасына хабарламаған. Өзім барып, білім басқармасының басшылығымен кездескенде, олар дереу Тасбөгетке хабарласып, «Болған оқиғаны біз неге білмейміз?» деп сұрап жатты.


Оқиға белгілі болғаннан кейін мен балама медициналық сараптама жасатуын талап еттім. Бірақ сараптама жасайтын дәрігер «Балаңыздың жыныс мүшесінде, денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері жоқ, сараптама нәтижесіне солай деп жазып беремін. Бір айдан кейін дайын болады» деп шығарып салды. Мен бұл жерде де сыбайластық орын алып отыр ма деп күдіктенемін. Балам соңғы бір жылдан бері өзінен үлкен 4 баладан жәбір көріп келген. Осы уақыт ішінде жыныс мүшесіне келген зақымның жазылып кетуі де мүмкін ғой. Бірақ баланың психологиясы ше? Оны кім ескереді? Баланың алдағы тағдырына енді кім жауапты? Мені осы нәрсе ойландырады. Ата-анасы ретінде жолдасым екеуміз кінәлілердің жазасыз қалмауы үшін тау қопаруға дайын отырмыз.


Әр күнім жылаумен өтіп жатыр. Баламның түріне қараймын да, егіле беремін. «Неге маған ертерек айтпадың?» деп жаймен өзіме тартып, алдаусыратып сұрап көрдім. «Мама, олар «егер мұны біреуге айтатын болсаң, онда әке-шешеңді өлтіріп кетеміз» деп айтты. Мені қорқытты, содан үндемей жүре бердім» деп отыр.


Айтпақшы, қазір күдікті балалардың ата-аналары «Бұлар жағдайы жоқ, кедей тұратын отбасы. Бізден ақша алудың амалын жасап отыр» деп елге өсек таратып жатыр екен. Ақшаға құныққан адам болсам, 6-шілде күні көршінің үйінде-ақ бұл мәселе жабылып кетер еді. Себебі мен тергеушілерді күтіп отырғанда М.-ның ата-анасы келіп, «бұл істі өзара тындырайық, жария болмасын, бір жолға кешірім беріңдер» деп ақша ұсынған. Біз одан үзілді-кесілді бас тарттық.


Туыстарымыз зорлық-зомбылық оқиғасы бойынша «НемолчиKZ» қоғамдық ұйымына хабарласыңдар деп кеңес берген. Сол кісілер біздің мәселемізді әлеуметтік желіге жариялаған соң іс алға жылжи бастады. Кеше түнде тергеуші «Сізді қалалық прокуратурадан шақыртып жатыр, келіп кете аласыз ба?» деп хабарласты. Мен оларға баратын жерге енді тек журналистермен бірге баратынымды айттым. Бүгін қалалық саябақта ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізуге шешім қабылдадым.


Қызылорда облыстық полиция департаменті біздің арызымыз бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы, 2-тармағы бойынша іс қозғалып, аталмыш мәселе департамент басшысының тікелей бақылауында екенін айтты. Бірақ бұл бап біздің іске еш сәйкес келмейді. Біздің арызымыз 121-бап, яғни сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша қаралуы тиіс деп есептеймін».



2020-жылы Қазақстан Парламентінің депутаттары балаларға қарсы сексуалды сипаттағы қылмыс жасағандар үшін жазаны қатаңдатуды ұйғарған. Заңға енгізілген өзгерістерде балаларға жыныстық сипаттағы зорлық көрсетуге қатысты баптар бойынша сотталған адамдар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді деп жазылған. Оларға амнистия жасалмайды, жаза мерзімін толық өтемей қамаудан шығармайды делінген.


Бірақ қоғамда бала зорлау көбеймесе, азайған жоқ. Сондықтан балаларды қараусыз қалдырмай, барынша бақылағайсыздар. Ал біз Қызылорда облысында болған бұл жағдайдың немен аяқталатынын алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.