«Бөлмеме баса-көктеп кіріп келеді...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Тұрмысқа шыққанша газет-журнал көп оқыдым, «ене мен келін» деп басталатын әңгімелерге әбден тойып алғам. Әпке-жеңгелеріммен сөйлескенде де алдымен енемен қарым-қатынас мәселесі сөз болатын. Сол себепті іштей келін болғанда енемен қалай қарым-қатынас жасаудың жоспарын құрып, тас-түйін дайындалып алғам. Бірақ мені басқа «сюрприз» күтіп тұр екен. Менің "жауым" енем емес, атам боп шықты», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Аружан есімді келіншек.
Оқырманымыз қайынатасымен арадағы жағдайын бүкпесіз баяндап берді.
«Келін боп түскеніме бес жылдан асты. Күйеуім екеуміз екі жыл жүріп, танысып-білісіп барып бас қостық. Оған еш ренішім жоқ. Енем марқұм да жақсы кісі еді. Жуас, біртоға, ешкімге артық әңгімесі жоқ, тамаша адам еді. Жүрегі ауыратынын бәрінен жасырып, ақыры бақилық болды. Қайын атам енеміз бар кезде де маған қырын қарайтын. Ал ол кісі кеткелі тіпті «құтырып» кетті. Мінезіне шыдау мүмкін емес.
Атамыз жастайынан ішімдікке әуес болған екен. Бірақ малды кісі, бордақылап, семіртіп сатып, ақша тауып отырады. Сол себепті болса керек, балаларын оқытып, бәріне жоғары білім әперген. Енеміздің көніп, шыдағаны да дүниенің арқасы шығар. Бірақ қанша бай болса да сараңдығынан зардап шегіп келеміз.
Келін боп түскесін бір аптадан кейін жұмысқа шығатын болдым. Енем марқұм «жейтін тамағыңа, жолкіреңе жаратарсың» деп қолыма мың теңгеліктен 5 мың теңге салып еді, атам қабағын түйіп «біз онсыз да бұл келінді алу үшін әбден шығындалдық, сонша ақшаны не істейді, әкел бері, екі мың теңге де жетіп артылады» деп үш мыңын санап, өзіне алып қойған. Енемнің түрі өзгеріп кетті де, мені шығарып салу үшін көшеге дейін шығып, «атаңның осындай мінезі бар енді, қызбалау, онша-мұншасын көңіліңе алмай-ақ қойшы» деп қайтадан қалтама 3 мың теңге салып жіберді. Алмасыма қоймады.
Обалы не керек, күйеуім де, қайынағам мен қайным да әкелеріне ұқсамаған. Өте көңілді, реті келсе орнымен әзілдесіп, істеген тамағымызды мақтап жеп отырады. Ал атамыздың көңілін табу қиын. Бір күні үйде мал сойылып, енем екеуміз ішек-қарын аршыдық. Қаланың қызымын, ондайд өмірімде көрмегем, абайсызда ішектің бір шеті жыртылып кетіп, шара толы су былғанып қалды. Мұны мал сойып тұрған атам байқап қойыпты. Далада тұрмын-ау деген жоқ, көршілерге естірте «көрдің бе, келініңнің қолынан түк келмейді, осындай адамды тауып келген балаң да жарымес, саған тартқан» деп енемді тілдеп, ауланы басына көтерді.
Бірер уақыттан кейін даладағы қазанға қуырдақ пісірсін деп тапсырған екен. Енемнен көргенімді істеп, астына от жағып, қуырдақты дайындадым. Бірақ оты біресе жай, біресе қатты боп, тураған картобым езіліп кетіпті. Леген толы тамақты атамның алдына қоя бергенім сол еді, «Не мынау?!» деп бақырсын. «Боқ сияқты бірдеңені әкепті, сен не қарадың, ей, қатын!» деп тамақты итеріп жібергенде дастарханнан ұшып түсіп, кілемге төгіліп қалды. Күйеуім қызарақтап, орнынан тұрды да, мені сүйреп, далаға әкетіп қалды. «Әкем үшін кешірім сұраймын, өзінің сондай мінезі бар» деп жұбатпағанда кетіп қалуға шақ тұр едім.
Ертеңіне даладағы асханадан атамыздың жан дауысы шықты. Не болды екен деп жүгіріп барсам, кешегі қуырдаққа аршыған картоптың қабығын ақтарып жатыр. Алдын бетіме тіке келіп сөйлемей, бәрін енеме айтып отыратын еді. Бұл жолы көкшіл көзін тіке қадап тұрып «Қолың қисық па, әлде өміріңде картоп аршып көрмегенсің бе? Жонып-жонып жартысын қоқысқа тастапсың ғой» деп айқайласын. Кешегі қорыққаным бар, атамның алғаш рет бетіме қарап ұрысып тұрғаны бар, қорыққаннан қалтырап, сол жерде талып қалыппын. Өзім тұңғышыма аяғым ауырлап, мазам болмай жүрген. Соны білген күйеуім «Егер сенің кесіріңнен балама немесе әйеліме бір жағдай болса, өмір бойы бетіңе қарамай өтем» деп әкесіне ұрысып беріпті.
Содан кейін кішкене басылған. Енем де «қайтейін, қартайғанда басылар деп күтсем, одан бетер үдетіп барады. Тастай салатын қоқыс емес, қуып шығара алмайсың. Амал жоқ, шыдаймыз енді» деп жылап, мені жұбатқан.
Екінші баламды босанып келгеніме екі апта өткенде енем өмірден өтті. Әлі қырқымнан шықпаған мен үшін бұл үлкен соққы еді. Белім қатпаған, балам әлсіз, көңіл айтып келетін кісілердің санында есеп жоқ. Баламды емізейін деп бөлмеме сәл кіріп кете қалсам «Неғып жатсың сен! Шық қане, келгендерге шай бер!» деп бөлмеме баса-көктеп кіріп келетін. Арасында абысыным келіп, қарасқандай болады. Бірақ ошағы бөлек адам болғасын көп жүрмейді. Өз тірлігі бар дегендей ғой.
Енеміз кеткелі көп ішетін болды. Балаларын да тыңдамайды. Арақты қораға, асханаға, гаражға, барлық жерге тығып тастаған. Аузы бір босамайды. Ішіп алса енемді жоқтап жылайды. Тірі кезінде қадіріне жете алмағанына өкінетін шығар...
Бірде балам қатты ауырып, қайта-қайта ыстығы шығып, әбіржіткен. Қараса қоятын күйеуім де такси боп тойға адам алып кеткен-тұғын. Кешкі тамақтың ыдысын апыл-ғұпыл жудым да, балама қарайын деп бөлмеме кіріп кеттім. Сол аралықта қалжырап, ұйықтап кетіппін.
Бүйірімнен біреу теуіп оятты. Сөйтсем ішіп алған атам тұр. «Ей, қатын, өзің тойып алып ұйықтап жатсың, ұялмай. Ал мына иттің тамағын неге бермегенсің сен? Енең кеткелі құтырып кеттің, қадағалайтын адам жоқ боп» деп бір табақ жуындыны тәлтіректеп бөлмеме төгіп кетті. Әдейі істемеген шығар, мас болып төгіп алды деп жұбатам өзімді. Бірақ теуіп оятқаны ақылға сыймайды екен.
Күйеуіме «кетейікші, еншімізді алып, тыныш өмір сүрейікші» деп айтсам, «інім үйленбей ешқайда кете алмаймын» деп отыр. Онысы жиырмадан енді асты, үйленетін ниеті жоқ. Үйленсе де әкесімен сыйысып, ынтымақтасып өмір сүруі екіталай, жиі керісіп қала береді. Балаларымның әкесі үшін, балаларым үшін бәріне төзіп келемін. Бірақ шыдамым да шегіне жетіп қалды. Алда не боларына жауап бере алмаймын...»