«Қайнағам үйге келсе қуанам»: жас келіншек себебін түсіндірді

0
9 773

​«Қайнағамның үйге тағы келетінін естіп қуанып жүрмін, ал күйеуім ашулы» дейді ол.


«Қайнағам үйге келсе қуанам»: жас келіншек себебін түсіндірді

Қайнағасының, қайынбикесінің үйіне жиі келгенін ұнататын келіндер көп емес шығар?! Ал алматылық Сафия есімді келіншек қайнағасының жиі келгенін тілейді. Тіпті жақында ол қайнағасының ауырып қалғанын, ал енесінің «Алматыға кел, үйге кеп демал, өзім қараймын» дегенін естіп қуанып жүргенін айтты.



Ол неге қуанатынын ERNUR.KZ тілшісіне тәптіштеп айтып берді:

«Қайынатам былтыр коронавирус жұқтырып дүниеден озды. Бұрын қайын атаммен шүйіркелесіп әңгімелесіп отыратын енем қазір жалғыз өзі жалығады. Сондықтан да ұлының, яғни менің күйеуімнің қолы қалт етсе, қасына шақырып алып әңгіме-дүкен құрады.

Күйеуім енеммен ұзақ әңгімелескен күні бірден өзгереді. Тіпті бөтен адам сияқты теріс қарап жүреді. Енемнің «Қатынжанды» деген сөзі бар. Сол сөзді естуден қорқа ма, менен өзін алыс ұстап, қабағын түйіп жүреді.

Күйеуім екеуміз бір мектепте жұмыс істейміз. Ол тарих пәні мұғалімі, ал мен ағылшын тілінен сабақ берем. Екеуміздің жұмысқа бірге барғанымыз сирек.

Алғаш үйленген жылдары жұбымыз ажырамайтын. Ыдыс жуып жатсам, күйеуім қасымда отыратын. Кір жусам, ол жуылған киімдер салынған ыдысты аулаға алып шығуға көмектесетін. Ол кезде қайынатам тірі еді, сондықтан енемнің менімен шаруасы бола бермейтін. Ал қайынатам қайтқалы енем ұлын қызғана ма, күйеуім маған үй тірлігінде көмектессе жақтырмайды. Онысын сөзімен де, түрімен де білдіреді.

Енем екеуі менің әр ісімді аңдып, мін іздеп отырады. Негізі олар үй ішімен сондай, кірпияз, сынап-мінеп, түрткілегіш. Наурыз айында Шымкенттегі қайынағам келіп, он күндей қона жатты. Ол да дайындаған асыма дейін сын айтқанда, бұл мінез қандарында бар екенін түсіндім. Бұрын байқамағанмын ба, осы мінездің кесірінен олар бір-бірімен сөзге кеп қала береді екен.

Он күннің ішінде күйеуім ағасымен талай рет шекісті. Ал енем анда-санда келетін үлкен ұлын жақтап, кіші ұлына ұрысады. Олардың болмашыға ұрысқандары ұнамайды, бірақ күйеуімнің ренжіп жүргені ұнайды. Өйткені ол өзгеге ренжігенде ашуын, бәрін маған айтады, сырласады. «Сен болмағанда қайтер ем» деп құшақтайды. Қысқасы, ол қасымнан шықпай қояды. Тіпті дастархан басында мені қорғаштап сөйлегенде оны жақсы көріп кетем.

Қайнағам келгелі күнде таңғы асқа пісірмелер пісірем. Бір күні қаттама пісірдім. Қайнағам «Дәмінен-ақ мамамның пісірмегені білініп тұр. Мамамның қаттамасы жұмсақ болады, ал мынау қап-қатты» деді. Енем «Алты жылдан бері үйретіп келем, бәрібір мен сияқты пісіре алмай-ақ қойды» деп күлді. Күйеуім қазір көңілімді түсіретін бірдеңе айта ма деп отырмын. Ол «Маған ұнады. Дәмді бопты» деді. Бұндай сөзді күтпеген едім, таң қалдым.

Кешкі аста қайнағам менің тамағыма тағы сын айтып еді, күйеуім «Неге менің Зәуреме тиісе бердіңдер? Жүгіріп қызмет етіп жүр ғой. Келін деген менің әйелімдей-ақ болсын. Мамам да болмашыға түртпектей береді. Шыдап, бәріне көніп, үндемей жүр, ал басқа әйел кетіп қалар еді. Мысалы, жеңгем мамаммен алты айдан артық тұра алмады ғой» деп сөйледі. Көзіме жас үйірілді, тамағыма өксік тығылды. Бірақ іштей ұрысқа ұласып кетпесінші деп тіледім. Күйеуім ашуланып сыртқа шығып кетті де, бәрі тына қалды.

Қайнағамның демалысы аяқталып, ол қайтып кетті. Арада бір ай өткен соң күйеуім қайтадан өзгере бастады. Ол күнұзақ анасымен әңгімелеседі. «Ваннаны дұрыс тазаламапсың», «Кірді жинап жуу керек пе? Қолмен-ақ жуа салсаң болмай ма?» деп, ұрысқа себеп болатын ілік іздейді. Бұлар енемнің маған айта алмаған сөздері екенін білем, сондықтан да үндемеймін.

Күйеуімнің әп-сәтте суық бола қалатынына таң қалам. Кейде түнде күйеуіммен сырласқым келеді. Ол «Ұйықтайық. Ерте тұруымыз керек» деп, теріс қарап жатып қалады. Білем, ол мені жүрегімен сүйеді, бірақ анасының сөздері оның көзқарасына әсер етпей де қоймайды.

Шілде айында қайнағам іссапармен Алматыға кеп кетті. Бір апта үйде болды. Сол үш күннің ішінде күйеуім қайтадан менімен бір одақ боп біріге қалды. Қайнағам мен енемнің әңгімесі жарасады, мұндайда күйеуім жалғыз қалады да сосын мені іздейді. Анасынан ажырап қалғанда маған жұмыстағы, жеке басындағы мәселелерін, эмоцияларын айтып, кәдімгідей ең жақын адамдарға айналамыз. Негізі ерлі-зайыптыларды осындай эмоциялық сәттер, оқиғалар, әңгімелер жақындатады екен.

Қайнағам кетті. Күйеуімнің менімен одағы ажырап, ол анасымен одақ құрды. Белгілі емес пе, ол қайтадан суыды. Сондықтан да қайнағам үйге жиі келсе екен деп тілеп жүрмін.

Әрине ол келсе міндетті түрде күйеуімнің зығырданы қайнайды. Қайнағамның күйеуімнің ашуына тигені ұнамайды. Бұнысын қолдамаймын. Бірақ ол келген кезде күйеуімнің менің қорғаныма айналатыны, менімен сағаттап әңгімелескені, маған көңіл бөлгені ұнайды. Жылы, тәтті сөзді де мен күйеуімнен осы кезде ғана естимін. Қайнағамның көзінше ғана ол мені «асыл жарым», «жаным», «Зәурешім» деп атайды. Неге тек қайнағам келгенде ғана бұлай атайтынын білмеймін, бірақ ұнайды...»



Ұқсас оқиғалар:


«Әйелім 10 жылдан бері қасыма жатпайды»: елу жастағы азамат не үшін ажыраспай жүргенін айтып берді


«Атам үйде ішкиіммен жүреді»: Жас келін қандай ыңғайсыз жағдайда қалғанын айтты