«Күйеуім 1 жылда бір үйдің ақшасын жеп қояды»: шымкенттік келіншек мешкей күйеуімен ажырасқысы келеді

0
2 103

​Бұндай да мәселе бар екен.


«Күйеуім 1 жылда бір үйдің ақшасын жеп қояды»: шымкенттік келіншек мешкей күйеуімен ажырасқысы келеді

Фото: www.syl.ru

«Күйеуім мешкей. Естіген жұрт мені түсінбейтін шығар, бірақ бұл да мәселе. Түсінгенім, мешкейлік те аурудың бір түрі екен. Бүкіл табысымызды тамаққа жұмсаймыз», - деп оқиғасын айтуды бастаған Лейла көп балалы отбасылардың аналарына бас иетінін айтты.

Шымкенттік Лейланың күйеуі, екі баласы ғана бар. Небәрі төрт-ақ жанның ас-ауқатына күн сайын 15-18 мың теңге жұмсайтынын айтқанда, үнемдеуді білмейді деп ойладық. Жоқ, мәселе басқада екен.


Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:


«Бастапқыда күйеуім қара жұмыс істейтін еді. Жұмысы ауыр, сондықтан бір отырғанда екі бөлке нан мен бір леген тамақты жалғыз өзі жеп қоятынына таңданбағанмын. Қыз-жігіт боп жүргенде кафеге барғанда да ол кәуап, одан соң тамақ алдырып жеп, қайтарда «қарным ашып жатыр» дейтін еді. Сол кезде де мән бермегенмін ғой. Мешкей екенін білсем, оған тұрмысқа шықпас едім.

Рас айтам. Мен соңғы кезде әрең шыдап жүрмін. Өзі ап-арық сары жігіт, түйені жүгімен, атты арбасымен жеп жатса да семірмейді. Семірмей-ақ қойсын, бірақ тамақтанып болған соң екі сағат өтпей жатып қарны ашатыны жүйкеме тиеді. Қарны ашқанда тамақ арасында жұрттың күйеулері сияқты нан мен май жей салмайды. Тіпті таңғы асқа міндетті түрде ыстық тамақ ішуі керек.

Етсіз тамақты ас құрлы көрмейді. Анама айтсам, «үнемде» дейді. Онсыз да ақшаны үнемдеу үшін шұжық, қаймақ сияқты қымбат азық-түліктерді сатып алмайтын болғанмын. Оның орнына ауылдың майын алам, нан жабамын. Мейлінше үнемдесем де ақша шақ келмей жатыр.


Кейде қатты ашуланса бір отырғанда бір қазан тамақты жалғыз өзі тауысып қояды. Сондықтан ашуландырмауға да тырысамын. Жұмыс істеп шаршап ұйықтап қалғанын тілеймін. Әйтпесе ол түнімен асүйден шықпайды.


Сенесіздер ме, бір қап ұн мен бір қап картоп бір аптаға жетпей таусылады. Одан басқа азық-түліктерді айтпай-ақ қояйын.

Мен көп балалы отбасында өскенмін. Үйде тоғыз бала едік. Иә, әке-шешемді қосқанда он бір жанбыз. Анам момын болғандықтан, абысынының төрт баласы да біздің үйде жүретін. Олар үйлеріне тек ұйықтау үшін барады. Есімде сол кезде әкем апта сайын бір қой сойып, анамның нан жабудан, қамыр жаюдан қолы босамайтын. Екі күн сайын тандырға нан жабатын, ошақтың басынан шықпайтын анама жаным ашитын.

Әрине, он-он төрт адамы бар отбасында осылай, ал біз төртеу-ақпыз ғой. Күйеуім де, мен де жұмыс істейміз. Табысымыз жақсы, бірақ әлі пәтер жалдап тұрамыз.

Бізбен бірдей отбасы құрғандар он жылда жер алып, үй салып үлгерді. Жаманды-жақсылы әйтеуір көліктері де бар. Төрт-бестен балалары да бар. Табыстары бәріне жетіп жатыр. Біз де дәл солар сияқты табыс табамыз, алайда әлі жүрміз үй-күйсіз.


Екеуміздің де табысымызды тек ас-ауқатқа жұмсасақ, қайдан артық ақша жиналады? Жұмсаған ақшамызға есеп жүргіздім. Ай сайын тамағымызға 300-400 мың теңге жұмсайды екенбіз, не деген масқара?! Сонда екі жылда бір бөлмелі пәтердің ақшасын жеп қояды екенбіз.


Мен де, екі ұлым да аз жейміз. Сәл көптеу жесек, асқазанымыз қорытпай түнімен ауырып шығамыз. Ал күйеуім түнде де тұрып тоңазытқышты ашып тамақ жеп жатады. Кейде тіпті түнде мені оятып тамақ пісіртеді. Бірақ сонда да оның осы күнге дейін «асқазаным ауырды» дегенін естіген емеспін. Одан ең көп еститін сөзім «Қарным ашты».

Осы сөзді естісем зығырданым қайнайды. Тамақ істеуден де шаршадым. Ажырасып кетем бе не істеймін?..»

Лейла әңгімесінің соңында «мешкейліктің емі бар ма?» деп сұрады. Білетін ем-домыңыз болса, ақыл-кеңесіңізді коментарийге жазып қалдырыңыз


Ұқсас оқиғалар:


«Бірінші келінін бәрі жабылып ұратын еді...»: түркістандық әйел жанына тиген жағдай туралы айтып берді

«Енем өлген соң өкініп қалдым»: түркістандық келін енемен не үшін тату болу керектігін айтты