"Күйеуімнің иісі ұнамайды": жас келіншек кімге шағарын білмей жүр

0
336


Тараз қаласынан хат жазған келіншек сырын кімге айтып, мұның кімге шағарын білмей, ақыр соңында ERNUR.KZ оқырмандарымен сырласқысы келетінін жеткізді.

"Тұрмысқа шыққанмын. Үйленгенімізге алты жылға таяп қалды. Төрт жастан асқан ұлым мен екіден асқан қызымыз бар, қазір аяғым ауыр. Алла қаласа, екі айдан соң үшінші сәбиімді босанам. Күйеуім мемлекеттік қызметкер. Табысы тым көп те емес, бірақ отбасын асырауға жетіп жатыр.

Мемлекеттік жұмыста істейтіндер білетін шығар, жолдасымның жұмысы қауырт. Жұмыс күні таңертең ерте кетіп, кеш қайтады. Ал мен үйде балаларыммен, үй тірлігімен әуремін.

Тұрмысқа шыққан осы алты жылдың ішінде өзімді таппай қалған секілдімін. Кейде ойлаймын, өзім секілді төрт-бес баласы бар келіншектер де неге әп-әдемі болып, әбіржімей, тез-ақ бұрынғы қалпына келіп алады, ал мен болсам әлі де жинала алмай, болбырап жүрген сияқтымын. Өзіме солай көріне ме екен, шындығы сол ма білмеймін, әйтеуір өзімді құрдас келіншектермен салыстырып қарағанда әлдеқайда жүнжіп кеткен секілді көрінемін өзіме. Көшеге шықсам, елдің барлығы маған қарап тұрғандай, адам көрмей жабайыланып кеткен секілдімін бе, әйтеуір біртүрлі боп жүрем.

Бәлкім, бір себебі босанғаннан кейін депрессияға шалдығып, одан арыла алмаған шығармын деп ойлаймын кейде. Өйткені, үйден шықпай, тек баламен, ешқайда қыдырмайтын болғандықтан, біреумен әңгіме-дүкен құрып, адамдармен аралас-құралас болмаған соң, бір жағынан зерігемін, сосын іште қайнап жатқан ашуымды шығару үшін күйеуіме тиісетін шығармын өзім де. Бірақ оның мені де түсінгенін қалаймын.

Жылма-жыл бала тауып жатқан жоқпын, аралары екі жас десем де, мен бұрынғыдай жайраңдап, құлпырып жүргім келеді. Бірақ күйеуім оны түсінгісі келмейтін секілді. Тым құрыса кешке жұмыстан қай кезде келсе де менімен бірге отырып, әңгімелессе, сырымды тыңдаса деймін. Ал ол болса, «Шаршадым. Ұйықтайыншы. Ертең тағы да жұмыс. Ерте тұруым қажет» дейді де, басы жастыққа тиісімен қор етіп ұйқыға кетеді.

Ал мен күндіз балалар ұйықтаған кезде аз уақыт болса да мызғып аламын. Онсыз болмайды, үйдегі шаруа біткен бе, соларды ретімен істеймін деп күн тәртібін де түзіп алғанмын өзім үшін. Үй тірлігіне пысықпын деп айта аламын. Барлығын тап-тұйнақтай етіп атқаруға тырысамын. Бірақ шыны керек, күнделікті қайталана беретін бір жұмыстан да адам шаршайды екен. Сондай кездері күйеуім менің көңілімді аулап, балалармен бірге бір жаққа шығып, сергіп қайтсақ, қыдырсақ деп армандаймын. Бірақ ол ондайды ойламайтын секілді. Егер оған өзім өтініш жасасам, тағы да айтар сылтауы «Мен жұмыстан босай алмаймын, ақшаңды берейін, балалармен бірге өзің шығып қайта бер» дейді.

Маған жаныма серік керек екенін, екі баланы бірдей игере алмайтынымды неге түсінгісі келмейді. Өзімнің аяғым ауыр, мұндай кездерде балаларға бас-көз болып жүру әжептеуір шаршатады. Әрине, үйде отырсам білінбейді, балалар жанымнан шықпайды. Ал көшеге шыққан кезде өз аяқтарымен жүріп қалған балалардан көзіңді тайдырып әкетуге болмайды. Сондықтан, көбінесе үйден шықпаймын.

Ары кетсе он шақты күннің ішінде бір жаққа шыққым келеді, бірге тұруға мүлдем құлқым жоқ.

Оның кемшіліктері үлкен деп айта алмаймын, сол тұрмыстық мәселелер ғана. Ешқашан маған сатқындақ жасаған емес, оған анық көзім жетеді. Оның мінезі тым сабырлы, емендей қатты. Ал мен сабырсызбын. Сол сабырсыздығымнан оның көптеген қылықтары ұнамайды.

Жүкті болғандықтан, гормондардың әсері одан сайын қосымша болып кетті ғой, тым кірпияз болып кеттім. Негізінде өзім бұрыннан тазалыққа қатты қараймын, мән беремін. Ал күйеуім тазалыққа жоқ, еркек боп мойнына алған ісін де соңына дейін тындырмайды. Бір мәселе туындай қалса, еркек болып кірісіп, өзі шешіп тастауды білмейді. Барлығына мен араласып отырам. Бұрын қалайша осының барлығын байқамағанмын? Енді осының барлығы соңғы кездері менің ашуыма тиеді.

Таң қалам, шынымды айтсам, ұлы сөздің ұяттығы жоқ шығар, жар төсегінде оңаша қалған сәтімізде де ол маған ұнамайды, білмеймін, жүктіліктің әсері деймін, тым иісшіл болып кеттім. Оның жаныма жақындап келе жатқанын мен алыстан сезіп қоямын. Иісі арқылы. Сол иіс маған ұнамайды жиіркенем, ақша үшін де ренжісеміз.

Осындай ұрыс-керіс, жеккөрушілік сезімдерден соң, мен онымен қалай бірге тұра аламын?

Ажырасқым келеді. Бірақ, «ажырасудың себебі не?» деп біреулер сұраса, менің айтар уәжім тыңдаған адамға күлкілі көрінбей ме? Бірақ шындығында онымен бірге өмір сүруден шаршадым.Ажыраспасам болмайтын сияқты. Мен одан жалықтым, бүкіл ісі, қылықтарынан жиіркенем. Ойымнан «онымен ажырассам екен» деген ой кетпейді.

Бұл ойдың қайдан келгенін айтайын. Менің күйеуім негізі романтик емес, ал мен сондай қамқорлықты, жаныма жылулық сыйлағанды жақсы көреді екенмін.

Басында екеуміз танысқан кезде әрине, ол мені қолпаштап, ізетін көрсететін. Бірақ, табиғатында болмаған соң одан жоқ нәрсені талап етумен бірдей. Сонда да мен одан нені қалайтынымды ашық айтып, маған көңіл бөлуін қалайтынымды айтатынмын.

«Өзгерем» дейді, бірақ одан нәтиже жоқ. Бастапқыда кешірім сұрап, өзгеруге тырысатынын айтып жұбатушы еді, ал қазір менің ескертулерім жалықтырған сияқты, дауыс көтеріп, ашуланып шыға келетін болыпты. Сол ашуланған сәтте мен қорқып кетемін. Сосын үндемей қоя саламын. Бірақ мен әйелмін ғой, оның үстіне жаспын, күйеуімнің махаббатын күтемін. Оның үстіне қазір аяғым ауыр, тым кірпияз болып кеткен шығармын мүмкін. Сонда да күйеуімнің маған түсіністік танытқанын қалаймын.Қазір оған ештеңе айтпаймын, бірақ іштен жарылардай болып жүремін.

Маған «Сен ауру болған шығарсың, бірдеңе болса ажырасам, өлем деп қорқытасың» деп мені тыңдағысы да келмейді. Төркінімнен де, күйеуімнің ата-анасы мен туыстарынан да алыста тұрамыз. Мүмкін тым болмаса солар менің жанымда болып, күнделікті болмаса да, аптасына бір рет туыстарыма қыдырып барып, олармен көңіл аулап, әңгіме-дүкен құрып қайтсам, қазіргідей «жынданып» отырмас едім-ау деп ойланып қоямын.

Мына заманда ешбір туыссыз, қолдаушысыз екі баланы, (жақын арада үшеу болады) жеткізу мүмкін бе, кинодағыдай жақсы болып кетуге бола ма? Уайымым көп, кеңестеріңіз керек, өтінем, не істесем екен? Әлде бұл да бір аурудың түрі ме екен? Өзіме не болып жүргенін түсіне алмай-ақ қойдым."