"Кезінде тастап кетіп ең, енді керек емессің!» деп қуып шықпай ма?" - ұлынан кешірім сұрағысы келген әкені осы сұрақ мазалап жүр

0
1 220

"Алғашқы отбасыма жасаған опасыздығым есіме түссе, өзімді қоярға жер таппаймын"


"Кәрі қойдың жасындай ғұмырым қалған кезде дәл осылай шерменде болып, жалғыз қалып кетермін деп еш уақытта ойламаған едім. Бірақ, тағдыр солай екен. Бәлкім біз тағдырға жауып тастауды өзімізге жеңіл санайтын шығармыз. Негізінде тағдыр емес, өз қолыммен жасаған қателігім" - осылай деп күрсінген Дәуір көке ERNUR.KZ тілшісіне өз жайын баяндап, оқырмандардың ойын білгісі келетінін айтты.


"Бәлкім «қателеспеу үшін қателесу керек» деген сөз де дұрыс шығар. Бірақ қателескеніңді түсінген бойда оны түзетуге әрекет жасау керек екен. Ал мен "кешігіп қалған жоқпын ба сол қателігімді түзетуге" деген ойда жүрмін.

Кім біледі, бәлкім әлі де сол бір қателігімді түзетуге кеш емес шығар, сіздердің де ой-пікірлеріңізді білгім келеді.

Қазір жалғыз өзім тұрамын. Кемпірімнің қайтқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Ал жалғыз қызым тұрмыста, әйтеуір өз күндерін өздері көріп, бақытты өмір сүре берсінші деп барынша тыныштықтарын бұзбауға тырысамын.

Алайда сол жалғыздық құрғыр жаныма қатты батады. Сондықтан, айына бір рет немерелерімді иіскеп, мауқымды басып қайтайыншы деп әр айда зейнетақым түскен сайын барып-қайтамын. Сонда да мені немерелерімнен басқа жақтырып жатқан ешкім жоқ. Күйеу бала жарайды, өз қызым өзегімнен тепкендей қылып амалсыздан қарсы алса, басқа кімге өкпелей аламын?

Қазір жасым болса алпыстан асты. Негізі бұл - менің екінші отбасым. Иә, мен осындай өмір сүруді өзім қалап, сонымен қатар қазіргі сәтте осылай өмір сүріп жатқаным үшін ешкімді кінәлай алмаймын. Бәріне тек өзім ғана кінәлімін. Өйткені, тым жақсы отбасым, қыздай алған жан-жарым мен бір ұлым бар еді. Солардың көз жасы да ұрған шығар мені.

Екінші рет орыс ұлтының қызына үйлендім. Көзді арбап, жүректі баурап алған сол орыс қызының құрығына түсіп, шырмауынан шыға алмай қалдым. Сол кезде мен шынында да бақытты болған шығармын. Бірақ сол бақыт қартайғанда сор боларын білсем, өз нәпсіме құрық салып, тізгіндеп ұстар едім.

Адам алдағы өмірінің қалай боларын болжай алмағандықтан да осындай кесірлі дүниелерге тап келіп жатады. Әрине, таңдау еркі болады, алайда бір сәттік сезіммен қате шешім қабылдай салу да әп-сәтте.

Сол кезде орыс қатынымның уысында жайлы өмір сүрген шығармын, бірақ мен қазақшылығымды ұмыттым, туған-туыстан да алшақтадым. Себебі, ауылдан менің туысқандарым тіпті қонақ болып емес, бір шаруаларын реттеу үшін келсе де, үйге кіріп, бір кесе шай ішіп кеткенінің өзін көп көретін. Туыстарым есіктен кіріп келе жатқаннан кірпідей жиырылатын. Басын қайқитып, қақшаңдап, жақтырмай шыға келуші еді.

Сондай әйелден туып, сол анадан тәрбие алған қызым ғой, кімге өкпелеймін. Қызым да анасынан аумай қалған. Басқа қонақты былай қойғанда, мені тіпті туған әкем екен демей, адам құрлы көрмейтін болды.
Орыстан әйел алып нем бар еді? Қанша жерден қазақша таза сөйлесе де, өзге ұлттың аты – өзге ұлт. Марқұмның артынан жаман сөз айтқым келмесе де, шындығы солай болғандықтан айтып отырмын.

Кемпірімнің көзі тірісінде бірге тұрған төрт бөлмелі пәтеріміз бар еді. Сол пәтерімізді қызым мен күйеу балам сатқызып, екіге бөлдік. Мұндайда заңды жақсы білгіш болып қалады ғой. Ол үйде өз үлесінің бар екенін айтқан қызым күйеуі екеуі ақыры мені көндіріп, төрт бөлмелі үйімізді сатып жіберді. Өздеріне екі бөлмелі, маған бір бөлмелі үй сатып алдық. Екеуі қаланың екі басында. Қызым да менен барынша ұзақ тұрғысы келген сияқты. Әйтеуір бір бөлме болса да, басыма пана бұйырғанына қуандым. Қарттар үйіне өткізіп тастап жатқан ұл-қыздар да бар. Қызымды осылайша ақтап алған түрім ғой.

Енді айына бір рет зейнеақымды қолыма алған күні немерелерімді сағынып, соларға барғым келіп тұрады. Барсам әрине, баланың аты бала, алақайлап қуанады. Солардың көңіліне бола қабағынан қар жауған күйеу балам мен зіркілдеп тұратын қызымның да жақтырмағанына қарамай барып қайтамын. Одан басқа ермегім жоқ. Қарт кісіге дүние-байлық керек емес, тек қана жылы қабаққа семіріп балаша қуанады. Оны түсінер қыз қайда?

Кімге өкпелеймін? Өз қаным, өз жаным. Ештеңе істей алмаймын. Тек қана терең күрсініп, алғашқы отбасымды ойлайтын болып жүрмін соңғы кездері. Осы ой мазалаған кезде оларға жасаған опасыздығым есіме түсіп, өзімді қоярға жер таппаймын. Барғым келген, бірақ дәтім шыдамады. Олар мені кешіре ме? Кешірген күнде де, қалай олардың көзіне тік қарап жүре аламын? Осы сұрақтармен арпалыстым.

Осылай өз-өзіммен қиналып жүргенімде алғашқы жан жарым, ұлымның анасы да өмірден өткенін естідім. Маған ең қиыны осы сәт болған еді. Ұлым қазір Астанада тұрып жатыр екен, үйленген, балалары да бар. Жақсы қызметте істейді. Оны іздеп барсам «енді керек емессің!» деп кеудемнен итеріп қуып шықса ше? Соңғы жігерім құм болып, таусылып қалмаймын ба?

Сонда да болса, ұлымды көргім келеді. Кешірім сұрағым келеді. Мына өмірден өкінішпен өтіп кеткенше ұлымды, келінімді көріп, немерелерімді иіскеп, құшып бұл дүниеден өтсем де арманы болмас еді-ау деп күн сайын ойланамын."