"Күн өткен сайын тоқал туралы жыры көбейіп барады"

0
684

"Осы үшін оқуды тастап, жолында өзімді құрбан еткенім үшін өкініп, бармағымды тістеп жүрмін"


Сурет: s00.yaplakal.com

"Өзімнің басымдағыға ұқсас оқиғаларды қазіргі қоғамда көп көремін, сондықтан мен де өзімнің жан сырыммен бөліскенді жөн көрдім. Тым болмаса жанымыз үндес болған соң, аз да болса жеңілдеп қалармыз, басқа келіншектер де менің басымдағы жағдайды өткеріп жүрген болса, «мен жалғыз емес екенмін ғой» деген жеңілдік сезінер" ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан әйел өзінің басты ниеті осы екенін айтты.


"Жасырып қайтем, соңғы кездері қоғамда жиі айтылатын тоқал тақырыбы мені әбден қажытты. Әсіресе бұл тақырып талқыға түскенде еркектер қауымының жаны кіретінін жиі байқаймын. Қонаққа барғанда болсын, әлеуметтік желіде болсын, ер адамдар осы тақырыпты қызу қолдай кетеді. Осылайша бір бірінің қолтығына су бүркіп, жалпы қоғамның тоқал алуға деген оң көзқарасын қалыптастыруға тырысып жатқандай.

Үйде де жиі ести бастаған соң ба, тоқал туралы тақырып естісем жыным қозатын болып жүр. Тоқал кірсе, өмірлері нұрланатындай еркектер неге сонша құмар?

Тоқал аңсайтындай, қартайып та тұрғаным жоқ. Жасым әлі отызға да толмады, Алла қаласа бір жылдан соң, отызға келемін.

Өзімнен бақандай сегіз жас үлкен жігітке өз еркіммен шыққан жоқпын күйеуге. Танысқанымызға бір толғанда тұрмысқа шығуға қолқа салды. «Әзірге дайын емеспін, тым болмаса бірінші курсты аяқтағанша қоя тұрайық» дегеніме қарамастан, алып қашты. Оған да көндім.

Он тоғыз жасымда тұңғыш ұлымды, келесі жылында екінші перзентімді босандым. Сонымен оқу да жайына қалды. Жас кезімде босанып алайын деп үсті-үстіне көтеріп жүріп, екі ұлдан соң, екі қызымызды өмірге әкелдім.

Күйеуім бар жағдайымызды жасап, қамтамасыз етіп отыр ғой деп шүкіршілік етуші едім. Бірақ осы соңғы кездері намазға келіп, дін жолында жүрген бауырларымен аралас-құралас болғалы бері өмірге деген көзқарасы бұрынғыдай емес, біршама өзгерді. Біршама емес-ау, біржолата өзгерген секілді.

Қалай намаз оқуды бастады, солай қасына намазхан жолдастарын жинап алды. Алғашында жолдасымның намаз оқи бастағанына қуанып едім. Иманы молайып, қыздарға көз салмайтын болды, жаман әдеттерден аулақ болады енді деп ойлағам. Бекер қуанған секілдімін. Күн өткен сайын жолдасымның тоқал жыры көбейіп барады.

Жер бетінде әйел көп, еркек аздықтан күйеу жетпей кәрі қыз атанып қалып кеткен қыздарды тоқал ретінде алудың сауабы мол екені жайлы, отырған кәрі қыздар амалы жоқтықтан нешетүрлі күнәға баратыны, зина жасайтыны жайлы әңгімелерден шаршадым.

Талай рет «Солардың қамын сен ойламай-ақ қойшы, жаһандық кәрі қыздар проблемасын шешу саған қалып па» деп те айтып көрдім, ұрыс та шығардым. Жасырып қайтем, тоқалдардың мәселесі үйдегі балаларының анасының көңіл-күйінен, жарынан артық көрініп тұрғандай.

Шынымды айтсам он жыл бұрын осы үшін университетті тастап, осының жолында өзімді құрбан еткенім үшін өкініштен бармағымды тістеп жүрмін. Менің де өзіндік армандарым бар еді. Бірақ соның бәрін жолдасымды жақсы көргенім үшін, балаларым үшін құрбан еттім. Әрине соның бәрін бүгінгі күні жолдасым бағалап отырса, еш ренжімес едім. Алайда бүгінгі күні менің сол әрекетімнің бәрінің бір тоқалдық та құны жоқ екеніне ішім удай ашиды."