"Құрдастарым "қатынжандысың" дейді": жас әке әйеліне көмектесуді ар санамайтынын айтты

0
933

"Достарым шақырса, көбінесе бас тартамын. Үйге барып келіншегіме көмектесіп, балама қарауым керек."


Сурет: ru.pinterest.com

"Менің ойымша, үй шаруасы – отбасылық еңбек. Оны отбасы мүшелері бөлісіп атқаруға тиіс. Егер әйел тек үйде, табыссыз отырса, ал ері жұмыс істеп, бар қажетімен қамтамасыз етіп тұрса, осы жағдайда ғана үй шаруасына қатыстының бәрін әйелге артуға болатын шығар. Онда да арасында демалуына мүмкіндік беріп, ауырып қалса, қарайласу - міндет. Әрі күйеуі ақшаға, сырттың шаруаларына қатысты, басқа да мәселелермен әйелінің басын қатырмауға тиіс. Ал әйел де жұмыс істеп, табыс табудың жүгін бөлісіп отырса, онда неге үй шаруасын да бөліспеске?" - осылай деп батыл ойын білдірдірді ERNUR.KZ порталының оқырманы.


"Бірінші баламыз туылғанда достарым құтты болсын айтып үйге келетін болды. «Қонақ келеді деп баланы қараусыз қалдырма. Өзіңді де шаршатпа. Дастарханға қоятын анау-мынауды өзім ала барамын, дайынын сатып алармын. Тек тамақ пісірсең болды» деп келіншегіме өзім айтып қойғанмын. Жұмыстан сұранып, базарға соғып, үйге келдім. Баламның іші кепкен бе, әйтеуір мазасызданып, жылап, келіншегім әбіржіп жатыр екен. «Сен балаға қарай бер» дедім де, ет турап, картоп аршып, тамақ қамына кірісе бастадым. Сөйтіп тұрғанда қонақтың алды да келе бастады. Амандасып, жағдай сұрасып, қонақтарды жайғастырып жүріп тамақты да істеп тастадым. Таңдайларынан дәмі кетпейтіндей етіп қатырып тұрып бұқтырма жасап бергенмін.

Сол кезде «Еркебұланның тамақ істеп жүргені несі? Келіншегі бір тамаққа үлгермегені ма? Айналдырған бір бала, неменесіне қиналады? Біз де жүрміз ғой үш-төрт баламен үлгеріп» деп пыш-пыш әңгіме айтқан екен жолдастарымның әйелдері. Оны кейінірек естідім ғой.

Өздері де әйел бола тұра, осылай айтқандарына таң қалдым. Сонда олар бірінші баласын жаңадан босанғандағы қиналғанын ұмытып үлгерген бе? Өз күйеулері үйдің тірлігіне көмектессе, қуанбай ма? Әлде өздерінде болмағасын, өзгеде болғаны ұнамай ма?

Мен ғана емес, біздің отбасымызда тәрбиеміз солай. Анамызға көмектесіп үйренгенбіз. Үлкен ағам үйдің жайлылығына, тазалығына қатты қарайды. Әрі оны тек әйелінен талап етпей, өзі де істейді. Әктеу-сырлау, бояу, жиһазды ары-бері ауыстыру дегендерді өмірінде істеп көрмеген шығар жеңгем. Екінші ағам балаларына көбінесе өзі қарайды. Жеңгем үй шаруасын жасап жүрсе, демалсын десе, әріптес, құрбыларымен отырысқа кетсе, балаларды ертіп ойнауға, қыдыртуға алып кетеді. Оларға киім әперу үшін базарға ылғи өзі апарады. Балаларды дәрігерге қарату, екпе алдыру, балабақшаға апарып-алып келу сияқтыларды да өзі еш ойламайтынын, оның бәрін ағам жасайтынын жеңгем үнемі айтып жүреді.

Қазір жора-жолдастарым басқосуға шақыра қалса, анда-санда ғана барамын, көбінесе бас тартамын. Себебі, үйге барып, келіншегіме көмектесіп, балама қарауым керек. Онсыз да күні бойы қарайды, түнімен тағы қарайды, азырақ демалсын деп жұмыстан келгесін ұйқыға жатқанша балаға өзім қараймын. Әйелімнің асты-үстіне түсіп, балам екеуін барынша өбектеп отырмасам да, отағасы ретінде салмақты бөлісіп көтеруге тырысып жүрмін.

Осындай істеріме қарап «қатынжанды» дейтіндер бар. Әсіресе, бірге оқып, бірге өскен сыныптас достарым. Сыртымнан айтатыны көп, әзілдеген болып бетіме айтатындар да бар бірді-екілі. Сөзге қаражаяу емеспін, мен де қалжыңмен жеңіл жауап беріп, күліп қоя саламын.

Өзім үшін ең қымбат нәрсе, бар байлығым – отбасым. Олардың жайлылығы, жақсы өмір сүруі, көңілдері тоқ болуы үшін бәрін істеймін. Сондықтан келіншегіме көмектесу, балама қарауды ар санамаймын. Керісінше, әйел-бала-шағасымен ісі жоқ, жаны ашымайтын, жалқаулығын «Еркек – түздің адамы, мен үйдің тірлігін істемеймін» дейтін жалған намыстың ар жағына жасыратын күйеу болу – ұятты іс, менің ойымша. Бірақ, мұны қайсыбіріне қызылкеңірдек боп дәлелдеп жатайын.

Иә, біз ауылда өстік. Бала күнімізде әйеліне көмектескен әке-ағаларымызды көрген жоқпыз. Қайта «Еркек адам қазан-ошаққа араласпауы керек» деген қағидаларын көп еститінбіз. Бұл ешкімге жаңалық емес. Біздің қоғамда осылай ойлайтындар әлі де көп.

Бірақ, соңғы кездері «Келін – күң емес», «Әйел жұмыс істеп, ақша табуға көмектессе, ер-азаматтар да үй шаруасына көмектесіп, бөлісіп істеуі керек» деген сияқты ойларды жиі айтып жүр. Көбінесе, әйелдер. Ара-арасында осылай ойлайтын ер-азаматтарды да кездестіріп қаламын. Екеуі де қуантады".