Бірдеңеден қорқып тұрған сияқты...
Сурет: media.istockphoto.com
ERNUR.KZ порталында бірнеше күн бұрын оқырманның айкезбе ұлы туралы хаты жарияланған болатын. Жазбаны оқыған алматылық оқырманның да осы тақырыпқа қатысты өз айтары бар екен.
Аяғы ауыр келіншек күйеуінің айкезбелігінен қорқып жүргенін жасырмады.
"Күйеуім ұйықтап жатып көп сөйлейді екен. Жүріп жүрген кезде ондай әдеті барын айтпайтын. Үйленген соң бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Кейде ұзақ сөйлейтіні сонша, түсінде екі сағаттық кино болып жатыр ма деп қаламын. Ойнап неше түрлі сұрақтар қойсам, жауап береді. Бір жолы тіпті математикадан сұрақ қойып көріп едім, дұрыс жауап беріп, есептерді де дұрыс шығарып жатыр. Соған қарап өтірік ұйықтап, әдейі істеп жатқан шығар деп ойлайтынмын. Бірақ сенбейін десең, тағы болмайды, өйткені мен сұрақ қоймасам да таңға дейін қайта-қайта сөйлеп жатады да, ертесіне айтсаң, есінде болмайды ғой.
Көбінесе біреуден қорғанып жататын немесе біреуге шабуыл жасап, төбелесіп жатады. Басында бұндай қылығы күлкілі көрінетін. Ертеңіне «түнде өйтіп айттың, бүйтіп айттың» деп күліп, мазақтап қоятынмын. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес екен. Мен тіпті қорқатын болдым.
Бір жолы ол ұйықтап жатып маған қарай аунап бұрылды да, бетімнен жұдырығымен қойып қалды. Мен де ұйықтап жатқанмын ғой. Шошып ояндым. Сөйтсем түсінде інісі екеуі әлі кішкентай бала екен, күйеуім тәтті сусынды тығып қояды, ал інісі оны тауып алып ішіп қойыпты. Соны көріп інісін ұрған. Онысы маған соққы боп тиді сөйтіп. Көрген түсін айтып, қайта-қайта кешірім сұрап тұрған адамға не дейсің?
Жұдырығы тиген жер көгеріп, ісіп, аурығаны бір бөлек, ол аздай шошымал болып қалыппын. Біразға дейін ұйықтай алмай, ұйықтап кетсем де түнде шошып оянып жүрдім.
Ең қорқыныштысы мына жағдай болды. Күйеуім ұйықтауға ерте жатып қалған еді. Мен асүйді жинастырып, жуынып-шайынып болып, бөлмеге кірсем оянып алыпты. Көзі жарым-жартылай ашық. Бірдеңеден қорқып тұрған сияқты.
«Не болды?» десем, «Жәй, тыныш» деп сыбырлап сөйлейді. «Шкафтың ішінде біреу бар» деп қорқынышпен сыбырлағанда жүрегім тас төбеме шықты. Не айтарымды білмей «Біреу бары несі? Кім ол? Шығарып жіберсей. Мен қорқамын» дей беріппін. Күйеуім «Шкафтың ішінде біреу бар» деп үш-төрт рет айтқаннан кейін барып ұйқысырап сандырақтап тұрғанын түсіндім. Сосын барып «Қорықпа, қазір оны қуып жіберемін. Сен ұйықтай бер» деп алдаусыратып, жаймен қолынан жетектеп апарып төсекке жатқыздым.
Күйеуімнің осындай әдетін жақсы білсем де, сол түні де шкафтан біреу шығып келетіндей қорқып, елегізіп дұрыс ұйықтай алмай шыққанмын.
Қазір енді аяғым ауыр. Тағы да ұйықтап жатып ұрып-соғып қойып, баламызға зияны тиіп кете ме деп қорқамын. Бүйте берсе, мені де қайта-қайта шошытып, сужүрек қып тынатын шығар. «Бұлай жүре беруге болмайды ғой, дәрігерге қарал, емделші» деп жалынып жүрмін. Әзірге өзі қатты мән бермей жүр."