«Дүкенде бейнекамера болмағанда немесе ұрылар ұсталмағанда, сені соттай салуы да мүмкін еді ғой» дейді құрбым. Бәрі де мүмкін.
"Оқушы кезімде әжем таңғы намазға тұрғанда немерелерін түгендейтін. Сосын шай үстінде «Түнде жүрген адам бәлеге жолығады», «Түнде кітап оқыған қыз білімді болады, түнде жүрген қыз жүкті болады» деп отырушы еді жарықтық. Бала кезде естіген әжемнің осы сөздерін 15 жылдан соң еске алдым. Дұрысы, әжемнің сөздерін еске түсірген оқиға болды" - ERNUR.KZ порталы редакциясына Қарағандыдан келген хат біраз адамға ой салары анық.
"Диплом алып, жұмыс істеп жүрген кезім. Қыздармен пәтер жалдап тұрамыз. Бір қыздың жігіті туған күніне шақырды. Ол да 4-5 жігітпен бірге пәтер жалдап тұрады екен.
Бардық. Көңілді отырыс болды. Биледік. Сосын кейбіреулері жұп-жұп боп оңашалана бастады. Қайтайын десем, таксиге ақшам жоқ. Құрбым «Менде де ақша жоқ. Екі-үш сағаттан соң автобус жүре бастайды. Оған дейін ұйықтап ал» деді де, асүйде ыдыс жууды жалғастырды.
Үстелдің шетіне кеп жайғасып, сәл жатайын дегем. Ұйықтап кетіппін. Мүңкіген иістен тұншығып ояндым. Мас бір жігіт мені құшақтап жатыр. Құшағынан әрең босап шықтым да, Айжанды іздедім. Ойым бірге үйге қайтып кету ғой. Айжан да, жігіті де жоқ. Подъезд алдында отырған шығар деп далаға шықтым. Жоқ. Ол кезде ұялы телефонды бірен-саран адам ғана ұстайды. Қазіргідей қоңырау шала салатын телефон менде жоқ.
Ашумен көше бойлап келем. Қазір таң да атып қалады. Жеті-сегіз аялдамалық жер екен деп шамалап, жүріп келем. Бір уақытта бір көлік жол шетіне тоқтады. «Қарындас, қайда барасыз?» деді. Қорыққанымнан сол маңдағы үйлерге қарай бұрылып, жүгіре жөнелдім. Бір аулаға кіргенім сол-ақ екен, қарсы алдымнан екі жігіт шыға келмесі бар ма. Маған қарай жүгірді. Артқа бұрылдым да, қаштым. Айқайласам даусым шықпайды. Осы сәтте ғой әжемнің сөздері есіме түсіп жылағаным.
Жылап қашып барам. "Көмектесіңдер!" дейін десем, даусым шықпайды ғой, құрғыр. Олар зу етіп қасымнан өте шықты. Абдырап, бағытымнан шатасып тұрғанда тағы екі адам жүгіріп келді. Полиция формасындағылар. «Қасыңдағы серігің қайда?» дейді. Абдырап не айтып-не қойғанымды білмеймін. Әрине, олар маған сенген жоқ. Ұстап алып, бөлімшеге әкеп қамап қойды.
Полиция бөліміне әкелген соң даусым шыға бастады. Мен жалғыз өзім отырыстан қайтқанымды айттым, сенбеді. Ертеңіне кешке екі ұрының ұсталғанын айтып, мені босатты.
«Егер кассасынан ақша ұрланған дүкенде бейнекамера болмағанда немесе ұрылар ұсталмағанда, істі жабу үшін сені соттай салуы да мүмкін еді ғой» дейді құрбым. Бәрі де мүмкін.
Жиырма жыл бұрын болған бұл оқиға студенттік өмірге қадам басып отырған жастарға сабақ болса екен деп жаздым. Ал мен сол оқиғадан кейін түнделетіп жалғыз және жаяу жүрмейтін болдым."