​Смартфон инесі сізді біраз жағдайлардан құтқарады

0
259

Бұл батырма құрылғы қатып қалған кезде немесе экран мүлде жауап бермей тұрғанда көмектеседі.


​Смартфон инесі сізді біраз жағдайлардан құтқарады

Фото: i.ebayimg.com

Смартфон сатып алған кезде қорап ішінен кішкентай ғана темір инені көріп, оны тек SIM-карта салатын слотты ашуға арналған құрал деп қабылдаймыз. Шын мәнінде, бұл қарапайым аксессуардың мүмкіндігі әлдеқайда кең. Көпшілік біле бермейтін бір жайт – дәл осы ине көптеген заманауи гаджеттерде «құтқарушы құрал» рөлін атқара алады. Яғни, ол тек смартфонға ғана емес, басқа да құрылғыларды қайта іске қосуға, баптауға немесе қалпына келтіруге көмектеседі.

Инені қай құрылғыларда, қандай жағдайда және қалай қолдануға болатынын толық түсіндіріп өтейік.


Смартфондағы жасырын «reset» батырмалары

Кейбір смартфон модельдерінде, әсіресе бұрын шыққан немесе арнайы сериялы құрылғыларда, кішкентай тесік ішінде орналасқан «reset» батырмасы болады. Яғни, құрылғы баптауларының бәін «тастау», зауыттық баптауға қайта келтіру. Мұндай шешімді Sony мен HTC сияқты брендтер жиі қолданған.

Бұл батырма құрылғы қатып қалған кезде немесе экран мүлде жауап бермей тұрғанда көмектеседі. Инені сол тесікке абайлап басу арқылы смартфонды қайта жүктеуге болады. Бұл әдіс әсіресе батырмалар жұмыс істемей қалған жағдайда өте пайдалы.

Алайда қазіргі жаңа смартфондарда мұндай reset батырмасы сирек кездеседі, оның орнына батырмалар комбинациясы қолданылады. Сондықтан әр модельдің ерекшелігін алдын ала біліп алған дұрыс.


Wi-Fi роутерді зауыттық баптауға қайтару

Үйдегі интернет баяулап кетсе немесе мүлде жұмыс істемей қалса, көп жағдайда мәселені роутерді зауыттық баптауға келтіру арқылы шешуге болады. Көптеген роутерлердің артқы жағында өте кішкентай «Reset» тесігі орналасқан. Мұндай функция TP-Link, ASUS сияқты брендтердің құрылғыларында бар.

Инені сол тесікке 5–10 секунд басып тұрсаңыз, құрылғы толықтай зауыттық баптауға қайтады. Бұл кезде бұрынғы Wi-Fi атауы мен құпиясөзі де өшіріледі. Сондықтан reset жасағаннан кейін роутерді қайта баптау қажет болады.

Бұл тәсіл әсіресе ұмытылған парольді қалпына келтіруде немесе жүйелік ақауларды жоюда тиімді.


Сымсыз құлаққаптар мен олардың қорабы

Кейбір Bluetooth құлаққаптарында немесе олардың зарядтау кейсінде арнайы reset тесігі болады. Мысалы, JBL немесе Sony өнімдерінің кейбір модельдерінде осындай мүмкіндік қарастырылған.

Егер құлаққап телефонға қосылмай қалса немесе дыбыс дұрыс шықпаса, инемен сол тесікті басу арқылы құрылғыны бастапқы күйіне қайтаруға болады. Бұл процесс көбіне қайта жұптастыру (re-pairing) алдында қажет.

Дегенмен, барлық модельде мұндай тесік бола бермейді. Кейбірінде reset батырмасы сыртында орналасады немесе арнайы комбинация арқылы іске қосылады.


Смарт-сағаттар мен фитнес білезіктер

Кейбір смарт-сағаттар мен фитнес трекерлерде де техникалық қызметке арналған кішкентай тесіктер кездеседі. Әсіресе Xiaomi құрылғыларында мұндай элементтерді кездестіруге болады.

Бұл тесіктер арқылы құрылғыны қайта іске қосу немесе жүйелік қателерді түзету мүмкіндігі бар. Алайда мұндай әрекеттерді тек нақты нұсқаулыққа сүйеніп жасаған жөн, өйткені кейбір тесіктер қызмет көрсету орталықтарына ғана арналған болуы мүмкін.


Ноутбуктардағы төтенше reset жүйесі

Заманауи жұқа ноутбуктарда батареяны оңай ажырату мүмкін болмайды. Сондықтан өндірушілер арнайы «emergency reset hole» деп аталатын кішкентай тесікті енгізген. Мұндай шешімді Lenovo ноутбуктарынан жиі кездестіруге болады.

Егер ноутбук мүлде қатып қалып, ешқандай батырмаға жауап бермесе, осы тесікке инені басу арқылы құрылғыны толық өшіріп, қайта іске қосуға болады. Бұл — батареяны физикалық түрде ажыратқанмен бірдей әсер береді.


Ойын құрылғылары мен контроллерлер

Ойын консолдері мен олардың аксессуарларында да кішкентай reset тесіктері жиі кездеседі. Мысалы, Sony компаниясының DualShock контроллерлерінде арнайы reset батырмасы бар.

Контроллер дұрыс қосылмай қалса немесе Bluetooth байланысы бұзылса, инені пайдаланып оны қайта іске қосуға болады. Бұл әдіс әсіресе құрылғыны басқа консольге немесе компьютерге қайта қосқанда тиімді.

Смартфон қорабындағы кішкентай ине – қарапайым ғана құрал сияқты көрінгенімен, оның мүмкіндігі әлдеқайда кең. Ол түрлі гаджеттерде жасырын reset батырмаларын іске қосып, құрылғыларды қайта жүктеуге, ақауларды жоюға және бастапқы күйіне қайтаруға көмектеседі.

Дегенмен, оны қолданғанда аса мұқият болған жөн. Кез келген тесікті көріп, бірден инені сұға салу қауіпті. Кейде ол микрофон немесе динамик болуы мүмкін. Сондықтан әр құрылғының нұсқаулығын қарап, нақты қай жерде және қалай қолдану керегін біліп алған дұрыс.

Дұрыс пайдаланылған жағдайда, осы кішкентай ине сіздің гаджеттеріңіз үшін нағыз «құтқарушы құралға» айналуы әбден мүмкін.


Ал осы «құтқарушыңызды» жоғалтып алған жағдайда не құтқарады?

Ең қарапайым баламалар:

– Қағаз қыстырғыш (скрепка). Оны түзу етіп жазып, ұшын SIM-слоттағы тесікке ақырын енгізуге болады. Бұл ең кең таралған әрі қауіпсіз тәсілдердің бірі.

– Сырға немесе зергерлік бұйымдардың жіңішке бөлігі. Кей жағдайда уақытша шешім ретінде қолданылады.

– Түйреуіш. Диаметрі сәйкес келсе, жақсы балама бола алады.

– Ең нашар балама, өйткені ұшы арнайы инеге қарағана үшкір. Басқа көмекші болмаған жағдайда амалдауға болады, тек абайлап қолдану керек.


Ең бастысы, олардың жіңішке, түзу және берік болуы. Кез келген балама құралды қолданғанда, бірнеше маңызды ережені есте ұстаған жөн:

– Құрал тым жуан болмауы керек, әйтпесе слотты зақымдауы мүмкін

– Қатты күш қолданбау қажет.

– Құрылғының басқа тесіктерімен (мысалы, микрофон) шатастырып алмау керек.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Apple ақылды көзілдіріктің төрт нұсқасын дайындап жатыр. Бұл қандай көзілдірік?

Үй жануарларына да арналған гаджеттер бар