"Басқа біреу жақындады деген ой келсе болды, миым істемей қалады" дейді...
Сурет: i.pinimg.com
"Өмірлік серігінің опасыздығы кімге де болмасын оңай тимейтіні анық. Бірақ, опасыздықты бәрі бірдей жасай бермейді. Одан көрі отбасында негізсіз күмән, орынсыз қызғаныштың көп болатыны ақиқат. Екінші жартысы біреуге қарап қойды-ау деген ойдың өзінен жаны тыныштық таппай, әр жерден ілік іздей береді. Сөйтіп аңдуға кіріседі. Жеке заттарын ақтарады, компьютер, телефонын тексереді, қоңырауларын тыңдап, хабарламаларын оқиды. Қайда, кіммен жүргенін білу үшін барын салады. Қалтасын, сөмкесін тінтіп, киімдерін иіскелеп кететіндер де бар. Осындай әрекеттерден кейін отбасыда тыныштық болмайды, әрбір болмашы нәрседен ұрыс-керіс шыға береді" деп күрсінді ERNUR.KZ тілшісімен сырласқан келіншек.
"Мән беріп қарасаңыз, мұның бір де бірі дені дұрыс адамның әрекеті емес. Осындай оспадар қылықтарға итермелейтін – шектен шыққан қызғаныш. Сондықтан, орынсыз қызғанышты «Қызғанса, демек сүйеді», «Әйелін қызғанбаған еркек – еркек емес!» дегендей сөздермен ақтамау керек. Оны алып-ұшқан сезіммен, мықты махаббатпен жасырып-жабуға да болмайды. Өйткені, орынсыз қызғаныш қатты шаршатады. Жүйкені жұқартып, денсаулықты құртып, өмірді нашарлатады.
Менің де күйеуім қатты қызғаншақ болды. Оған еш себеп бермейтінмін. Сонда да үйге кіріп-шыққан әр адамнан күдіктенетін. Жұмыстан келгесін кішірек балдарымды шақырып алады қасына. Сосын тілін қызықтап сөйлескен болып «Бүгін не істедіңдер? Үйге кім келді? Мамаң не істеді?" деп неше түрлі сұрақ қояды. Баламнан алдап-сулап бірдеңе біліп қалса, келіп менің миымды жейді. Су, свет, газдың есебін жазып алатын контролер келсе де, менің басыма бәле. Күйеуімнің ойынша, олармен бес минуттың ішінде әуейі боп кете салатындаймын.
Басында үндемеуге тырысатын едім. Кейін жүйкем жұқарды ма, жыным келіп, айқайлап, мен де артық сөздер айтатын болдым. Бір-екі рет ажыасамын деп кетіп те қалдым. Артымнан келіп кешірім сұрайды. Сонда айтатыны – «Сені қатты жақсы көргесін, қызғанамын. Басқа біреу жақындады, қолының ұшы тиді деген ой келсе болды, миым істемей қалады. Сені сүйгеннен ғой» деп ақталады. Мәселе де сонда болып тұр ғой. Мен ешқандай себепке жол бермеймін. Осыншалықты көзін көр қылып, ақылын өшіріп тастайтын, мені сондай төмен істерге барады деп ойлататын, соншалықты ауыр сөздерді айтқызатын неғылған сүю ол?
Қанша түсіндіріп айтсам да, жалынсам да, ол өзгермеді. Ақыры сол орынсыз қызғаныштың себебінен екі жаққа кеттік. Екеуміз де жүйкесі жұқарған, ерлі-зайыпты болудан әбден шаршаған адамға айналдық. Енді қайтып біріміз еркекке, әйелге қарамайтындай болып.
Қазір күйеуім қайтадан қосылайық деп жүр. «Сен кеткелі басқа ешкімге барған жоқпын. Ешкіммен таныспадым да. Басқа әйел алу ойымда да жоқ. Балаларымызды ойла, қайтып кел» деп жүр. Бірақ оның орынсыз қызғанышына шыдай алатын шамам жоқ. Сабырым таусылып, шыдамым шегіне жетіп тұр. Қайтып қызғаныш білдіріп, болмағанды болдырып шықса, өзіме қол жұмсап қоятын сияқтымын. Балаларға нағыз обал сол кезде болмай ма?"