​«Үш жыл жинаған жалақымды тігіп жібердім»: алматылық азамат букмекерлік кеңселерден оңбай ұтылғанын айтты

0
1 319

«Әкем маған теріс батасын беріп, оңдырмай сабап тастады»


​«Үш жыл жинаған жалақымды тігіп жібердім»: алматылық азамат букмекерлік кеңселерден оңбай ұтылғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жап-жас болып талай адамға өтірік айттым, талайын сан соқтырдым. Маған сенген, мені сүйген адамдар қазір бетіме қарамайды. Ал әкем маған теріс батасын берді. Бұдан кейін қалай оңаламын, біткен жерім осы шығар», - деп күйінеді Нұрсұлтан есімді алматылық жігіт.


Мемлекеттік мекемелердің бірінде маман болып жұмыс істейтін оқырманымыз букмекерлік кеңеседен оңбай опық жепті. Басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Барлық үлкен күнә кішкентай қателіктерден басталады екен. Мен басында ешкімге зияным тимейді, бәрін өзім реттеймін деп алдымен үйдегілерге өтірік айта бастадым. Соңында достарым, әріптестерім, тіпті сүйген қызыма жалған сөйлеп, бәрінің сенімінен шықтым. Айналамда араласатын адам қалмады.


Бәрі сол қарғыс атқыр футболдан басталды. Бұрын бұл ойынға мүлдем қызықпайтынмын, достарыммен бірге көріп, бірте-бірте мен де футболдың фанаты болып шықтым. Сүйікті командаларым алаңға шыққан сайын букмекерлік кеңсеге барып, сыралатып, жеке шот ашып, ақша тігуді әдетке айналдырдым. Басында аз ғана ақша тігіп, ермек етіп жүрдім. Бірінші мәрте ұтылдым, сосын сол ұтылған ақшамды қайтару үшін тағы тіктім. Ол кезде ұттым. Ұтқан соң одан да көп пайда тапқым келіп, көбірек тіктім. Бірте-бірте ұтысым көбейіп, мен ставканы көбейте бердім.


Бірде үйге ұры түсіп, оны дер кезінде көріп қалдым да, солармен алысам деп оң иығымды сындырып алдым. Содан ауруханаға түсіп, екі аптадай сол жерде емделуге тура келді. Таңертеңнен кешке дейін қолым бос, ерігіп отырып бір айлық жалақымды жырымдап-жырымдап ұтысқа тігіп, дымсыз қалдым. Сол кезде қатты өкіндім,ішім удай ашып, екінші бұл бәлеге жоламаймын деп өзіме уәде бердім. Бірақ ертеңіге кеткен жүз отыз мың теңгемді қайтарып алғым келіп, каспиде қалған соңғы мың теңгемді тіктім. Бірнеше ойындарға қойып, ақшамды көтеріп алдым. Ұтысым 30 мың теңге болғанда бір орыстан ставка сатып алдым. 62 коэфициент еді. 6 мың қойып жіберіп едім. Таңертең қарасам, ұтысым шығыпты. Бақандай 372 мың теңге түсіп тұр. Қуанышымда шек жоқ болмады. Басым істемей қалды, енді жоламаймын деген уәдем жолда қалды. Солай мен олимптің шырмауына орала бердім. Ұтқан ақшамды қайта ұтылып қалдым. Онымен қоймай ай сайынғы айлығымның бәрін "Олимпке" жұмсадым.


Әке-шешем, бауырларым бұл жағдайдан бейхабар еді. «Айлығыңды шотыңа жина, біраз бөлігін Отбасы банктен шот ашып, соған салып тұр, бірер жылда үйді боп қаласың» деп ақыл айтқан. Баспана алу үшін біраз уақыт айлығымның жартысын құйып келдім. Бірақ футболға басым айналғалы оның бәрі қалды. Үйдегілерге айлығымды жинап жүрмін, депозитке құйып жатырмын деп өтірік алдадым.


Осыдан екі ай бұрын шотымдағы соңғы ақшаны тігіп, оңбай ұтылып қалдым. Тіпті көлігіме бензин құятын ақша жоқ. Жанымдағы әріптестерімнен айлық алғанға дейін деп қарыз сұрадым. Обалы не керек, олар сұраған ақшамды берді. Бірақ айлық алған күні бар жалақымды ұтысқа тігіп жібердім де, әріптестеріме қайта алмай қалдым.


Күнде көріп жүргесін олар да қылқылдап сұрай берді. Содан амал жоқ, сүйіктімнен қарыз алдым. Ол да бір мекемеде жұмыс істейтін, жалақысының тең жартысын қолыма ұстата салды. «Бір аптада қайтарамын» деп уәде етіп едім, екі айдан бері алдына баруға бет жоқ. Мені бір алаяқ деген шығар, «өзің құрып кет, ақшамды қайтар» деп жазып жіберіпті.


Осыдан үш ай бұрын үйдегілер менің атымнан несие алды. Бес жүз мың теңге кепілсіз несие алды. Айлығымнан 19 мың теңге ұстап отыратын болды. Бірінші айда ештеңе бола қойған жоқ, жалақымнан шегеріп қалды. Өткен айда бар ақшамды «Олимпке» ұтылдым да, несиені төлей алмай қалдым. Айлығымнан бөлек досымнан 10 мың алып, оны да қайтара алмай қалдым.


Банк қызметкерлері менен ештеңе өндіре алмаған соң сенімді адам деп әкемнің телефонына қоңырау шалыпты. «Балаңыз несиені төлемей жатыр, телефонын көтермейді» деп бар шындықты жайып салған ғой. Жұмыстан келсем әкемнің қабағы қатулы. «Банк картаңды маған бер, ертең барып бүкіл жинаған ақшаңды шешіп аламын» деп тұр. «Депозиттегі ақшаңды ашып көрсет» деп табандап тұрып алды. Сосын, амал жоқ, бар шындықты әкеме айтып бердім. Ол кісінің ашуы қатты, бір көтерілсе қайтуы қиын адам. Тұрған жерімде оңдырмай сабап тастады. Үш жылдан бері жалақысын жинап жүр деп сенген ғой, үйлі болады деп қуанып жүрген. «Сендей берекесіз ұлым болғанша болмағаны дұрыс еді, мен үшін шіріген жұмыртқасың, бордай тоз» деп теріс батасын беріп жіберді.


Міне, бір апта болды, әкем менің бетіме қарамайды, анам да менімен сөйлеспей қойды. Бір дастархан басында отыра алмайтын халге жеттім. Осы күйге түскеніме қатты өкінемін. Өз нәпсімді тежей алмағаныма, адал еңбекпен келген табысымды оп-оңай желге ұшырып жібергеніме ішім ашиды.


Букмекерлік кеңселерде мен сияқты жастар өте көп жүр. Олардың байып кеткеніне күмәнім бар, бірте-бірте батпаққа батып жатыр. Шырмауынан шығу қиын. Сондықтан бұл бәлеге жоламаңдар, жігіттер. Оңай олжа опа бермейді».