"Жабық тұрған есіктен қалай өткенімді білмеймін": тылсымға тап болған оқырман басынан өткенін айтып берді

0
515

"Көп ұзамай сол бөлмеден дыбыстар ести бастадым"


Сурет: fb.ru

"Кішкентай кезімде әжем «Әр үйдің иесі болады. Біреудің үйіне кіргенде адамдары көрінсін-көрінбесін, есігінен кіре бере амандасыңдар» дейтін. Баламыз ғой, ол сөзіне әрине мән бермейміз. Тіпті әжемнің бір үйлерге барғанда ешкім жоқ, бос тұрған босағаға сәлем салатынын айтып, тырқылдап күлетінбіз. Кейін келе сол сөзінің жаны бар екеніне бірнеше рет көзім жетті" деп ERNUR.KZ оқырманы өз басынан өткен тылсым оқиғаны баяндап берді.


"Мен 10-сынып оқыған жылы әкемнің жұмыс бабымен басқа ауылға көшіп бардық. Сонда ескі бір үйде уақытша тұрдық. Әкемнің айтуынша, салынғанына шамамен 40 жылдай болған екен. Бір бөлменің есігі үнемі жабық тұрады. «Ол жақ салқын. Есігін ашпай-ақ қойыңыздар, бәрібір онша жылымайды» деген екен бос тұрған үйін уақытша бере тұрған кісі.

Көп ұзамай сол бөлмеден дыбыстар ести бастадым. Түнгі уақытта бәрі ұйқтап қалғанда есігі ашылып-жабылғандай болады, табалдырығы сықырлайды. Үйде 5 адам бола тұра, мен ғана естимін соны. Әке-шешеме, екі бауырыма тиіспей, тек мені оята ма, әлде құлағым тым саққұлақ па, сезімталмын ба?... Басқалар ештеңе естімедік дейді. Сонда да әке-шешем әжемнің айтуымен садақа беріп, үйде Құран оқытты.

Әжем «Жеті түрлі зат салып тамақ жасап, бетін ашып асханаға қойып қойыңдар, сол тамақтан ауыз тигесін тынышталады» деген, оны істедік. Кейін мен айта бергесін әкем бөлменің есігіне құлып салып тастап, «Ал, енді ашылмайды, қорықпай ұйықтай бер» деген.

Тура сол есікке құлып салған күнің кешінде бәріміз ерте жатып қалдық. Түнгі тықырдан тағы ояндым. Демімді ішіме тартып, тым-тырыс тыңдап жаттым, Адамның жүрген дыбысы бөлмеме жақындап келе жатыр. Есік алдына келіп тынышталып қалды. 5-10 минуттай өткен шығар, мен жатқан бөлменің есігін кәдімгідей тырмалап жатыр. Үйде мысық бар еді, сол шығар деп ойладым. Мүмкін, менің тықырлаған дауыстар естідім деп қорқып жүргенімді білетін інілерім ойнап тұр ма деген де ой келді. Өйткені, тырналаған дауыс ап-анық.

Орнымнан тұрып есікі ашып қарасам, ешкім жоқ. Үйді аралап көрдім. Мысық пырылдап, інілерім пысылдап орындарында ұйықтап жатыр. Ортадағы есікке қарасам, есік көрінбейді, қап-қара болып тұр. Сонда да жақындап бардым. Есік енді көріне бастады. Жабық тұрған сияқты. Ұстап көрейін деп қолымды созып ем, есікке тимей, ар жағына, кіреберіске қарай құлап түстім. Бірдеңеге сүйеніп қалғанда ол орнында жоқ боп шығып, құлап кетесің ғой, тура сол сияқты болды. Орнымнан тұрып қайтадан кейін қарай өтейін десем, есік жабық тұр. Сонда мен дәлізден кіреберіске қалай өтіп кеттім? Түк түсінбедім.

Ертеңіне осы жағдайды тағы да әке-шешеме айтып бердім. Олар күндегідей мән бермейді. «Түс көрген шығарсың» деген сияқты ойларын айтты да, қойды. Есесіне, содан кейін мен ол үйде ештеңе естімей, тып-тыныш ұйықтайтын болдым.

Кейін де бірнеше үйден осы сияқты дауыстарды естідім. Бірақ есейгендікі ме, бойым үйренген бе, әйтеуір «Еее, үйдің иесі екен ғой» деп жайбарақат отыратын болдым. Қазір өзім балаларыма «Әр үйдің иесі болады, амандасып кіріңдер» деп ақыл айтатын азғантай аналардың бірімін."