​«Жаназасын жалдамалы пәтерден шығардық»: шымкенттік кейуана ұлынан зәбір көргенін айтып берді

0
5 036

«Немерелерімді көргім келеді, оларды қатты сағындым»


​«Жаназасын жалдамалы пәтерден шығардық»: шымкенттік кейуана ұлынан зәбір көргенін айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жерге қаратар жеті ұлың болғанша, елге қаратар екі ұлың болсын», «Бала берсең, сана бер. Сана бермесең, ала бер». Қазақ о баста бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, астары ауқымды, мағынасы терең мақалдарды қалай ойлап тапқан десеңізші. Бүгін базар аралап жүріп, аялдаманың дәл түбінде қайыр сұрап отырған кейуанамен сөйлескен соң осы мақалдар ойыма оралды. Ақыл-есі тура, жап-жақсы өмір сүрген қарт ананы осындай күйге екі баласы түсіріпті», - дейді Айым есімді келіншек.


Оқырманымыз Шымкенттегі «Самал» базарының маңында қайыр сұрап отырған кейуананы әңгімеге тартып, басынан өткен оқиғасын тыңдапты. Естігенін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Әдетте жерасты өткелдерінде балаларын алдына алып қайыр-садақа сұрап отырған кісілерге мән бермей өтіп кете беретінмін. Бұл жолы олай болмады. Себебі бір қарағанда тап-тұйнақтай, үсті-басы тап-таза, күтімі бар қария көзіме оттай басылды. Қайыр-садақаны да басқалар сияқты тілемсектеніп сұрап отырған жоқ. Өз тірлігіне ұялып отырғандай көрінді. Білмеймін, әйтеуір сол кісімен сөйлескім келіп, қасына жақындадым.


Обалы не керек, кейуана жылы қабақ танытты. «Апа, жүріңіз, сізге тамақ әперейін, отырып әңгімелесейік» деп ұсыныс білдіріп едім, бас тартты. «Тамақ ішіп алдым, рахмет, аш емеспін» деді. Ол кісіден неліктен мұндай күйге түскенін сұрап білдім.


«Биыл 77 жасқа толам, - деді кейуана. – Менімен шамалас кемпірлер қазір шөбере сүйетін шаққа жеткен. Ұл-қыздары аяғын жерге тигізбей той-томалаққа апарып, қыдыртып жүр. Ал менің отырысым – мынау. Осындай халге жетем деп әсте ойламағам. Құдайдан үмітім зор еді. Күйеуімнен ерте айырылып, екі баланы өсіріп-жеткізу жолында талай тауқыметті тарттық. Сонда адамдар «Осы екі балаң өссе рахатын көресің, әлі-ақ қатарға қосылып, қиыншылықтарың көрген түстей ұмытылып кетеді» деп жұбататын. Олай болмай шықты. Әлпештеп, әкелерінің орнын білдірмейін деп өбектеп өсірген екеуі менің бағыма емес, сорыма туған екен...


Үлкен балам мектепті жақсы оқыды. Университетке де өз күшімен түсті. Жап-жақсы оқып келе жатқанда жаман ортаға тап болды ма, казино деген бәлеге тұтылыпты. Сабақтан соң жұмыс істейтін, сөйтіп үйге азын-аулақ ақша әкеп, маған жәрдемдесіп тұратын. Сонысы бірте-бірте азайды. «Сабағыма керек болды, достарымызбен бүйттік-сөйттік» деп мың сылтау ойлап тауып, ақырында өзімнен ақша сұрайтын халге жетті. Бірте-бірте тығып, жинап жүрген ақшаларым жоғала бастады, жалғыз алтын сырғамды ұрлаттым. Ақырында баламды аңдудан басқа амалым қалмады. Сабақтан шыққан кезін пайлап, соңынан ілесіп жүрдім. Қасында тағы үш жігіт бар, төртеуі карта ойнайтын жерге кіріп кетті. Ол кезде оның казино деп аталатынын білмеймін ғой, сыртта өтіп бара жатқандардан «Мынау жер не өзі, қандай мекеме?» деп сұрадым. Сонда бір кісі «Бұл ақша тігіп, құмар ойындарын ойнайтын жер. Бұған бір кірген адам шыға алмай қалады» деп түсіндіріп берді.


Кешкісін үйге келгенде жылап отырып балама ол жерге бармауын өтіндім. Түсінгендей болып, кешірім сұрап, «енді ол жаққа аттап баспаймын» деп уәдесін берген. Бірақ айтқан сөзінде тұра алмады. Не керек, сол жердің құлына айналды. Айналасындағылардың бәрінен қарыз алып, жұртқа жексұрын болдық. Айлығымды алған күні «ақша бермесең мені өлтіріп кетеді» деп аяғыма жығылып жылайтын. Ішпей-жемей соның қарызын жабу үшін төрт жылым текке өтіпті. Оқуын да сол күйі тастап кетті.


«Болды, мен адам болдым, үйленем» деді бір кезде. Оған мен жүрегім жарыларда қуанып, күйеуімнің туыстарының көмегімен алатын қызына құда түсіп, үйлендіріп бердім. «Бар жаманшылық осымен кетті, енді отбасы үшін жауапкершілік алып, ақылға келер» деп үміттендім. алғаны жап-жақсы келін болды. Жұмыс істейтін, оқыған, тәрбиелі, өскен-өнген жердің қызы еді. Шекесі тосықтай ұл, артынан қыз туып берді. Бірақ балам басындағы бақытын бағаламады. Келінім екіншісіне аяғы ауырлағанда баяғы достарына қайта қосылып, үйге кештетіп келетін әдет шығарды. Сылтауы бітпейді нежарытып табыс таппайды. Сол үшін әйелімен күнде ренжіседі. Араларына түсіп, балам үшін келінімнен кешірім сұрап, шыр-пыр болдым.


Сөйтіп жүргенде үйге түр-бастары сұп-суық, еңгезердей еркектер «Шаконы тауып беріңдер» деп іздеп келетін болды. «Бір аптада ақшаны орнына қойып бермесе мына үймен қоса сендерді өртеп кетеміз» деп қорқытты. Сол жағдайдан кейін келінім «Маған екі баланың амандығы керек, мен енді бұнымен ары қарай өмір сүре алмаймын, төркініме кетем» деп екі баланы алып, түбегейлі көшіп кетті. «Өртеп кетем» деген сөзді естіп отырып оларды қалай ұстап қалам, ақ батамды бердім.


Не керек, шалымнан қалған баспанадан айырылдық. Оны да балам картаға тігіп жіберген екен. Сол менің шыдамымды шегіне жеткізді. «Енді сенің анаң жоқ, тірідей өлтірдің, өз өміріңді өзің сүр!» деп ұрысып, кіші баламмен бөлек пәтерге шығып кеттік. Шынымды айтайын, жаныма тыныштық іздеп қаштым. Баламды адам болар деп күткен жылдарым текке кеткенін түсініп, тыныш өмір сүруге талпындым.


Бірақ тағдырдың маған дайындап қойған сынағы мұнымен бітпепті. Кіші балам жол апатынан қаза тауып, бар үмітім, арман-мақсатым күл-талқан болды. Баламнан айырылып қалғаныма бір, жаназасын жалдамалы пәтерден шығарғаныма екі намыстанып, кірерге тесік таппай тағы қиналдым. Жалғыз өзім қалғанымды қайным мен келінім түсініп, жанашырлықпен өз үйлерін паналауға шақырды. Қазір солармен бірге тұрамын.


Қайнымның баласы үйленген. Үйде үш әйелміз. Бәрібір оларға бөтенмін ғой. Кейде өзімді бейшара, мүсәпір адамдай сезініп кетем. Сосын бір уақ сыртқа шығып, тым болмаса жейтін тамағымды тауып келейін деп осында отырам. Арзымайтын зейнетақым бар, оны қайнымның қолына ұстатам. Үйдің ас-ауқатына жұмсайды, одан қалса ішетін дәрі-дәрмегім, киетін киімім бар. Бәрін мың болғыр қайным әперіп отырады.


Немерелерімді сағындым. Алды қазір мектеп бітіріп қалған шығар. Келін кейін тұрмысқа шығып, басқа қалаға екі баланы алып, көшіп кеткен. Көруге зармын. Балам қазір нашақор боп кетіпті. Алдын қайнымның үйіне іздеп келіп, өзінше намыстанған кейіп танытып «Мамамды алып кетем, сендер оны пенсиясы үшін ұстап отырсыңдар» деп ағасына дікеңдеген. Қайным тәубесіне түсіріп, енді келместей етіп қуып жіберді. Содан бері одан да хабар жоқ. Аман жүрсе болар еді...»


Осылай деп кейуана кемсеңдеп қалды. Барынша жұбатуға тырысып, жылы сөзімізді айттық. Сонда да тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген балаларындай бола алмасымыз анық. Ұлынан қанша қорлық көрсе де ананың көңілі бәрібір баласында екенін байқадық. Жаны қиналса да алаңдаулы, амандығын тілеп отыр. Жағдайы жанымызға батса да қолымыздан келер қайран болмағасын қоштасып кете бардық.


Өмірде осындай тағдырлардың бары өкінішті-ақ. Алладан кейін бізге жарық өмір сыйлаған аналарымызды жылатпайық, көзі тірісінде жоғалтпайық, ағайын!»