​«Жездемді көрсем, жыным келеді»: студент қыз көпшіліктен кеңес сұрайды

0
2 007

«Артымнан аңдығанын қоймай жүр»


​«Жездемді көрсем, жыным келеді»: студент қыз көпшіліктен кеңес сұрайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Студенттік өмір мені бірден есейтіп жіберді. Әйтпесе үш ұлдан кейін дүниеге келген, әке-шешемнің аңсап күткен қызы едім. Еркелігімде шек жоқ-тұғын. Бірақ қазір айналама қорқақтап қараймын. Сақ жүрмесем болмайтын сияқты», - дейді Сабина есімді бойжеткен.


Бірінші курсты бітіргелі отырған қыздың қолына қалам алып, ERNUR.KZ тілшісіне хат жазуына жездесінің жымысқы әрекеттері себеп болыпты.


«Мен оқуға түсетін сәт келгенде папам мен мамам «жатақханада тұрмайсың» деп үзілді-кесілді қарсы болды. «Ол жерде бақылау жоқ, кімнің не істеп жатқанын Құдай білсін, біз сені ол жерге жіберіп қоя алмаймыз» деп әсіресе мамам шыр-пыр болды. Сөйтіп өзара ақылдасып, келісіп, мені папамның қарындасының үйіне жайғастыратын болды.


Әпкем қаланың шет жағында, енді ғана қалаға қосылған ауылдардың бірінде тұратын. Таңертеңгі сабаққа үлгеріп келуім қиын болды, автобус бірде жүреді, бірде тоқтап қала салады. Сосын жағдайымды үйдегілерге айтып едім, «онда Айгерімнің үйінде жүресің, өткенде «менің үйім тұр ғой, келе берсін» деп айтып еді. Қазір хабарласып, келісіп қоям» деп мамам тағы да мәселемді телефонмен шешіп тастай салды.


Айгерім – менің бөле әпкем. Менен он жасқа үлкен. Үш баласы бар, жездеміз әжептеуір қызметте істейді, қала орталығынан үлкен етіп үй салған деп естігем. Той-жиындарда көргеніміз болмаса, бұрын-соңды олардың үйіне қонақ боп барып, қона жатып қайтпаған екем. Бірақ Айгерім әпкемнің мінезі ашық, көрген жерде елпілдеп, бәйек боп қалады.


Не керек, мен Айгерім әпкемнің үйіне көшіп бардым. Бар жағдайы жасаулы үйде, қаланың қақ ортасынан сабаққа барып оқыған маған ыңғайлы болып қалды. Оның үстіне менің көшіп келгеніме әпкем де қуанып жүр. Сабақтан соң балаларын мектептен, бақшадан ала салам. Бір шаруасы жеңілдеді. Әпкемнің үйінде тұрғаным маған да, оған да жақсы болып қалған...


Бірақ соңғы кездері жездемнің іс-әрекеттері мені ойландырып жүр. Бұрын тек әзілдеп қана тиісетін жездем соңғы кездері ойнаған болып әр жерімді ұстап қалуға тырысатынын байқап жүрмін. Өткенде теледидардан әншілердің бейнеклипі көрсетіліп жатыр еді, «мына әнге билеу керек қой» деп келіп, отырған орнымнан биге шақырды. Мен өзі табиғатымнан тұйықтау қызбын, қашқақтап, тартынғанымды көріп, өзіне қарай тартып, әпкемнің көзін ала бере омырау тұсымды қысып қалғанда, көзімнен жас ыршып кетті. Дереу бөлмеме жүгіріп кіріп кеттім. Әпкем кешкі тамақтың пиязын турап жатып, ештеңе байқамады. Қанша айтуға оқталсам да араларына түскендей болмайын деп іштен тындым.


Сол оқиғадан кейін жездемнен мүлдем қашық жүретін болдым. Оңаша қалмауға тырысам. Бірдеңе сұраса қабағымды түйіңкіреп жауап берем, жақтырмағанымды байқасын деп. Бірақ оған жездемнің айылын жиятын түрі байқалмайды. Қашан қарасаң жездесініп, көзімен ішіп-жеп отырғаны. Қазақы салтпен ойыны шығар деп те ойлағам, бірақ, оңашада ойыны қозып шыға келетінін, әрі қол жүгірткісі келетінін байқағалы, үрейленіп алдым.


Жақында әпкем екеуіміз есігінің алдындағы моншада шомылдық. «Тойға баруымыз керек, асығыспын, өзің асықпай шомыла бер» деп менен бұрын шығып кеткен. Ойымда ештеңе жоқ, есікті кілттемей жуынып жатқам. Бір кезде біреу есікті ашып, бір қарап, жапқандай сезілді. Дереу есік жаққа жүгіріп барып ашып қалсам, киім шешетін жерден жездем сыртқа қарай шыққалы тұр екен. Оны көріп шыңғырып жібердім. «Кешір, балдыз, мен Айгерім ба деп қалдым» деп сыртқа атып шықты. Содан бері тіпті үрейленіп қалдым. Жездемді көрсем жыным келетін болды.


Қазір әпкем үйде жоқ болса, әрнәрсені сылтауратып, мен де үйден қаша жөнелем. Келер оқу жылы екінші курспын, енді екі ай шыдайын деп өзімді әрең басып жүрмін. Күзге қарай жатақханадан жай алам болмаса достарыммен бірігіп пәтер жалдағаным дұрыс-ау. «Шыда, Сабина, үндеме» деп өзімді жұбатып қоям. Бірақ туыс адамдардың арасында мұндай болған ыңғайсыз екен.Келешекте бәрібір бет көрісетін адамдар болған соң қиналып кетем, бірақ оны уайымдайтын жездем жоқ. «Балдыз, сөз салып жүрген жігіт бар ма? Асықпа, әлі жап-жассың ғой» деп қарқылдап күліп алады.


Өткенде әпкем «базарға барып келейін» деп баласын тастап кетпекші болып еді, «баланы мен көтеріп жүрейінші» деп қасына еріп алдым. Өйткені сол күні жездем үйде еді. Әпкемнің ойында ештеңе жоқ «іш, же» деп салдырлап әңгімесін айтып отырады. Тек жездемнің қылықтары ренжітіп жүр. Ашықтан ашық әңгімеге шақырып, «мынауыңыз не» деуге тағы ыңғайсызданам. Анама да айтуға бата алмаймын. Бірақ мына жағдай басымды қатырып жіберді. Айтыңыздаршы, менің үрейленетіндей жөнім бар ма?»