​«Жездеме тұрмысқа шығып едім...»: әпкесінің аманатын орындаған келіншек екі оттың ортасында қалдым дейді

0
2 982

«Көңілдесінің де аяғы ауыр екен»


​«Жездеме тұрмысқа шығып едім...»: әпкесінің аманатын орындаған келіншек екі оттың ортасында қалдым дейді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген рас екен. Мен өзге қыздар секілді өз теңіммен тұрмыс құрмадым. Жездемнің етегінен ұстауға мәжбүр болдым», - дейді Ақмарал есімді шымкенттік келіншек.


Оның себебін өзі ERNUR.KZ тілшісіне Ақмаралдың өзі айтып берді.


«Біз үйде үш қыз, екі ұлмыз. Үлкен ағаларымыз үйленіп, балалы-шағалы болып кеткен. Әпкем екеуміз тете өссек те, бір-біріміз үшін жан беруге даяр едік. Ол менен бір жыл бұрын мектеп бітірді де, қалаға оқуға кетті. Келесі жылы артынан мен бардым. Студенттік шақты бірге өткіздік. Үшінші курс оқып жүргенде Берікпен танысып, екеуі көп ұзамай шаңырақ көтерді. Оқып жүріп тұңғышын дүниеге әкелді. Шынын айтқанда отбасы мен сабағына шапқылаймын деп жаман әбіржіді.


Ал мен осы жағдайды көріп жүріп, оқуды аяқтамай тұрмысқа шығудың дұрыс еместігін жақсы түсіндім. Оның үстіне «кел, үйленейік» деп тұрған жігіт те жоқ, бар ынта-ықыласымды сабаққа бұрдым. Оқуымды бітірген соң мектепке мұғалім болып орналастым. Күнделікті күйбең тіршілік, жұмыс-үй деп шапқылап жүргенде жасым жиырма сегізге келді. Бұл уақытта Роза әпкем үш баланың анасы атанып үлгерген. Сабағын әупірімдеп жүріп бітірді де, алаңсыз бала тәрбиесіне айналып кетті. Жолдасы Берік қызғаншақ, жұмыс істеуіне қарсы болды. Қартайған енесінің бабын жасап, күйеуінің ас-суын әзірлеп жүріп денсаулығына мүлдем қарамаған екен. Миында ісік пайда болып, есінен танып қала бергенде бір-ақ білдік.


Бәрі кеш еді, ісік үлкейіп кеткен екен. Дәрігерлер ота жасауға келмейді деді, тек дәрінің көмегімен ісіктің үлкеймеуіне күш саламыз деді. Бірақ одан еш нәтиже болған жоқ. Тетелесім көз алдымызда гүлдей солып бара жатты. Жыладық-сықтадық, емші-тәуіптің бәріне барып көрдік. Болмады. Тоғыз ай өткенде Роза өмірден өтті. Есін біліп, балаларымен қоштасып, маған соңғы аманатын айтып кетті.


«Ақмарал, басың бос, жүрегің мейірімге толы сіңлімсің ғой. Осы уаққа дейін тұрмысқа шықпай жүргеніңнің бір қайыры осы шығар деп ойлаймын. Менің күнім бітті, бері қарамайтыным анық. Өзімнен бұрын үш балапаныма алаңдаймын. Алдағы өмірлері қандай болады? Беріктің жалғыз қалмасы анық. Біреуді сүйреп келеді. Ал олар балаларыма ана болып жарыта ма? Осы жағына жаным жай таппай жатырмын. Беріктің жерге қарап, қартайып тұрмағанын білесің. Жігітің жоқ, менің балаларыма ана болып, осы үйдің түтінін екеуің бірге түтетсеңдер деймін. Көрімде тыныш жатар ем. Егер келісіміңді берсең, Берікпен де сөйлесейін» деп ішіндегі бар сырын ақтарып салды.


Берікке жар болуға келісу маған оңай болмады. Қанша дегенмен жездем емес пе, жігіт ретінде, күйеуім ретінде елестете алмай әбден қиналдым. Бірақ ата-анам «Розаның ақырғы аманатын орындайық. Байғұс қызымыздың балалары бөтеннің қолына жәутеңдемесін» деп жан-жақты қаумалап, мені ақыры көндірді.


Әпкемнің қырық күндік асы өткесін мен Беріктің босағасын аттадым. Кішігірім Құдайы ас беріп, молда некемізді қиып, осылайша жұбайлық өмірге қадам баса салдым. Ақ көйлек киіп, той төрінде тұрамын деген арманымның күлі көкке ұшты.


Балаларға да, маған да Розаның жоқтығына үйрену оңай болған жоқ. Мектептен үш айға ақысыз еңбек демалысын алып, бар уақытымды балаларға арнадым. Аналарының орнын басайын деп барымды салдым. Бірақ Беріктің қабағы бір ашылмай-ақ қойды. Маған да жары ретінде емес, бала күтушісі ретінде қарайтын сияқты. Тек ішімдік ішкен күні төсекке сүйрейді, қалған уақытта теріс қарап жатып қалады.


Мен оның бұл әрекетін әйелінің қазасына қайғырып жүр деп ойлағам. Сөйтсем ол әпкемнің көзі тірісінде-ақ өзге біреумен байланысқан екен. Банкте бірге істейтін, бір баласымен ажырасқан әйелмен ойнастық жасап жүріпті. Байғұс Розкам осының бәрін білді ме екен, білсе де ешкімге сездірмей кетті-ау...


Көп ұзамай менің аяғым ауырлады. Алайда Беріктің тарапынан еш өзгеріс жоқ, балаларына да, маған да еш көңіл бөлмейді. Түн ортасында бір-ақ келеді. Мұнысына шыдай алмай, ашық әңгімеге тарттым. Себебі бәрінің басын ашып алу керек еді.


«Ақмарал, маған сенімен бас қосқан оңай тиді деймісің? Орта жолда әйелімнен айырылып, ақылым айран болып жүрген адаммын. Роза екеуміздің өміріміз гүл болды деп айта алмаймын. Ұрысқан да, ренжіскен де күніміз өтті. Себебі мен басқа біреуді сүйіп қалғанмын. Дәл сол уақытта Роза ауырды да, ажырасу мәселесін кейінге ысырып қойып едім. Ақыры мынандай болды. Енді әлгі әйелдің менен аяғы ауыр. Мында қарның шермиіп сен отырсың. Екі оттың ортасында қалғандай күйде жүрмін» деп ішіндегісін ақтарып салды. Жыласаң да, жындансаң да ештеңе өзгермейді. «Екеуіңмен де өмір сүре беремін. Сені де жылатпаймын, балаларға керексің» деп отыр.


Мына жағдайдан кейін мен де жынданып кетердей болып жүрмін. Күйеуімнің түрі мынау, ал менің тағдырым күл-талқан болды. Бәрінен де еш жазығы жоқ үш баланы қайтеміз? Тығырықтан шығатын жол таппай, қараңғы түнекте қалып кеткендей боп жүрмін. Әпкемнің өлімі осыншама қиындық туғызарын білмеппін. Өзім сүймеген, өзіңді ұнатпаған адаммен бас қосу қандай қиын еді... Сіздер қандай кеңес бересіздер, мен енді не істеуім керек?»