"Ауру шеше керек пе?"

1
3 350

Әріптес келіншек «Дәрігерлердің қойған диагнозын естіген енесі «Ауру немере керек емес, үйге алып келмесін» депті. Ал, күйеуі «Ауру балаға қарайсың ба, әке-шешеме ме?» деген көрінеді. Отбасын сақтап қалу үшін қайынсіңлім баласын перзентханаға тастап кетіпті» деп сөйлеп жатыр.


Фото:

Бірнеше жыл бұрын бір психологиялық тренингке қатысқан едім. Психолог-тренердің екі әйел туралы айтқан мысалы әлі есімде. Рая мен Мая – бір құрсақта 9 ай жатып нәр алып, өмірге келген егіздер. Олардың сыртқы келбетін бір-бірінен айыру қиын, бірақ мінездері ұқсамайды. Екеуі де ерте тұрмысқа шықты, көп балалы ана атанды. Арада зуылдап жылдар өтіп жатты.

35 жастағы Раяның бір күнінен үзінді

...Жұмысқа қабылданғанына қуанған жас маман «Рая апай, мынау сізге! Өміріңіз осындай тәтті болсын!» деп бір қорап шоколадты үстел үстіне қойып шығып кетті. «Мен бұған лайықпын!» деген Рая қорапты ашып, бүгінгі жұмысты шоколадпен шай ішуден бастады.

Кешке есіктен кіргені сол еді, балалары алдынан шығып әрқайсысы өз мәселелерін айтып шулай бастады. Үй іші шашылып жатыр. «Шаршап келген мамаларыңа болмашы нәрселерді айтып жүйкесін тоздыруды қойыңдар. Сендерге ауру мама керек пе, әлде дені сау мама ма? Мен киімімді ауыстырып, жуынып шыққанша, әр зат өз орнында тұратын болсын. Қане, әрқайсысымыз өз киіміміз бен заттарымызды жинауға кірісеміз. Ал, Нұржан, саған қосымша тапсырма бар. Әкеңнің және іні-қарындастарыңның аяқ киімдерін тазалап қой», - деді Рая...

35 жастағы Маяның бір күнінен үзінді

...Маяның алмаймын дегеніне қарамастан бір пациент «Сіздің логопедтік сабақтарыңыздан соң баламның сөйлеуі жақсарып келеді. Шын көңілімнен беріп отырмын, қолымды қайтармаңызшы» деп бір қорап шоколадты үстел үстіне қойып шығып кетті. «Мейлі, балаларыма апарамын» деген Мая қорапты сөмкесіне салып қойды.

Кешке есіктен кіргені сол еді, балалары алдынан шығып әрқайсысы өз мәселелерін айтып шулай бастады. Үй іші шашылып жатыр. Терең бір күрсініп алды да Мая бірінші дәлізді жинастырып шықты. Күйеуінің де, балаларының да аяқ киімдерін тазалап, одан соң шашылып жатқан ойыншықтардың қорабын іздеді. Барлық бөлмені жинап шыққан ол киімін ауыстырмақ түгілі, шашын жууға шамасы келмей төсекке құлай кетті...

50 жастағы Раяның өмірінен көрініс

- Рая, ұл-қыз өсті деген осы екен ғой, бұл жолы туған күніңді үлкен ұл мен келін өз мойындарына алып отыр. Мейрамханаға тапсырыс та беріп қойыпты. Ортаншы ұл мен келіннің депозиттегі ақшаларын алғанын естідім, олар саған бриллиант тақпақшы екен. Ал, қыздарымыз бірігіп, «норковая шуба» кигізбекші, - деді күйеуі.

- Барлық ана мұндай құрметке лайықты! Осы уақытқа дейін менде бриллиант сырға, жүзік болмапты. Кейбіреулердің ұл-қызы анасының 70 жас, 80 жас мерейтойында бриллиант тағып, тон кигізіп жатады. Қартайған ана оны қайтсін, әжім-әжім қолыңда жүзік те әдемі тұрмайды ғой. Сондықтан, тақса қазір тақсын, 80 жасқа дейін бармын ба, жоқпын ба, кім біледі. Бала-шаға деп, жас кезімде қымбат тонға ақшаны қимаған едік, қыздарымыз сатып әперсе неге кимеске?! Ал, сен не сыйламақшысың? - деді Рая еркелей күйеуіне...

50 жастағы Маяның өмірінен көрініс

- Мама, келесі апта туған күніңіз, не сыйлайын? Не сатып әперейін? - деп сұрады телефонда үлкен ұлы.

- Ешнәрсеге әуре болма, балам. Одан да ол ақшаны бала-шағаңа жұмса. Немерелерімнің қуанғаны – менің қуанғаным...

- Мая, елуге де келіп қалыппыз. Жеті перзентті ешкімнен кем қылмай өсірдік, оқыттық. Бәрі жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысы 20 мың теңгеден шығарса, екеуміз 10 күн шипажайда ем алып, демалып қайтады екенбіз. Меніңше, біз бұған лайықтымыз! Ұл-қызға өзім айтамын. Сен екі апта демалыс алсаң болғаны, - деді күйеуі.

- Жо-жоқ, балаларды мазалама. Олардың амандығы мен үшін – баға жетпес сыйлық. Сен осы бірдеңені шығарады да жүреді екенсің. Жарықты сөндір де ұйықташы сөйлей бермей, - деп шыж-быж болды Мая...

Рая 75 жаста

...Күйеуі екеуінің студенттік шағы Алматыда өткен. Содан болар, олар Алматыға жиі келеді. Бірге оқыған группаластарымен кездескен сайын олар Раяның әлдеқайда жас көрінетінін айтып таңданады. Міне, Алматыдағы үлкен ұлының үйіне келгеніне екі аптадай уақыт болып қалыпты. Телефоны шырылдады. Кенже ұлы:

- Мама, әкем екеуіңіз үлкен ұлыңыздың үйінде көп қонып қойған жоқсыздар ма?! Сағындық қой, қайтсаңыздаршы. Немерелеріңіз де «Әжем мен атам қашан келеді?» деп күнде сұрайды, - деді. Артынша Астанадағы қызы қоңырау шалып:

- Мама, карточкаңызға ақша жібердім. Самолетке билет алып, әкем екеуіңіз қыдырып келсеңіздерші, - деді...

Мая 75 жаста

... Бірде келіні «Жөтеле бермеңізші, баланы оятасыз» деген. Тағы бірде «Ауруыңыз жұғады» деп қолындағы немересін жұлқи тартып алып еді. Көп ұзамай кенже ұл мен келін пәтер жалдап шығып кеткен. Содан бері қарт ана жалғыз. Қалт-құлт етіп жүріп, үшінші қабаттан әрең түсіп жақын маңдағы дәріханаға қарай бет алды. Бұрын күйеуі дәрісін түгендеп, қай уақытта қабылдау керектігін есіне салып отырушы еді. Оның да өмірден озғанына үш жыл болып қалыпты. Күйеуі есіне түсіп, көзіне жас алды.

Дәріханадан шығып, үйіне асықты. Бір жаққа шықса, осылай үйіне асығатын әдеті. Алыстағы қызы кеп қалса, есік алдында күтіп қалар деп ойлайды ғой. Ал, ұлдарынан қайран жоқ. Бір қалада тұрса да олардың келмегеніне көп болған.

Әнеугүні таяғына сүйеніп, дүкеннен нан сатып алып келе жатқанда, көз алды қарауытып құлаған болатын. Бір апта ауруханада жатты. Ұл-қыздарын мазалағысы келмеді...

Әріптесім қайынсіңлісінің ауру боп туылған нәрестесінен бас тартқанын айтқанда, осы екі әйелдің өмірі көз алдымнан жүгіріп өтті. Әріптес келіншек «Дәрігерлердің қойған диагнозын естіген енесі «Ауру немере керек емес, үйге алып келмесін» депті. Ал, күйеуі «Ауру балаға қарайсың ба, әке-шешеме ме?» деген көрінеді. Отбасын сақтап қалу үшін қайынсіңлім баласын перзентханаға тастап кетіпті» деп сөйлеп жатыр.

Таңданбадым. Өйткені, ауру баласын бөбектер үйіне өткізіп жатқан аналар бар болса, кәрі, ауру анасын қараусыз қалдырып жатқан ұл-қыз да бар. Қартайған шағында ауру-сырқау анасын қараусыз жалғыз қалдырған перзентпен салыстырғанда, бұл ананыкі соншалықты мейірімсіздік емес деп ойлаймын. Өйткені, жас ана сәбиін жалғыз қалдырмады, оны арнайы мамандардың, дәрігерлердің қолына тапсырды.

Әрине, әркім өзі таңдаған тағдырымен өмір сүреді. Сондықтан да мен біреудің тағдырын талқылаудан аулақпын. Тек, Рая мен Маяның өмірі аналарға ой салса екен деймін.

Қандай болғанын қалайсыз? Раяныкіндей ме, әлде Маяның өмірі сияқты ма? Таңдау өзіңізде, оқырман! Ал, тағдырыңыз – таңдауыңыздың және мінезіңіз бен іс-әрекеттеріңіздің нәтижесі!

Жазира СМАҒҰЛОВА