Ажыраспас бұрын мына 8 сұраққа жауап беріңіз

0
5 068

Біреу ажыраспаса өмір бойы өкінуі мүмкін, ал біреу ажырасса өкінеді. Шынайы жауап беріңіз, шынайы болыңыз.


Ажыраспас бұрын мына 8 сұраққа жауап беріңіз

Ерлі-зайыптылардың көбісі мәселелерден, отбасылық дағдарыстан құтылудың бірден-бір жолы – ажырасу деп ойлайды. Сіз де осылай ойлап жүрсіз бе?

Тоқтаңыз! Ажырасу ешқайда қашпас. Алдымен мына сұрақтарға шынайы түрде жауап беріңіз.



1. Ажырасу оның тарапынан болған ұсыныс па, әлде сіздің ішкі күйіңіздің тілегі ғана ма?

Әйелдің көпшілігі «Кетемін» деп қорқытады, бірақ бұл сөзді айтқан адам шын мәнісінде ол біржолата кетуді қаламайды. Еркектердің «Онда ажырасайық. Болды ажырасамын» деген сөзі әйелдердің «кетемін» дегеніне ұқсайды.

Әйел де, еркек те егер шынымен ажырасуды қаласа, ол сөзбен қорқытып, созбалақтап жүрмейді. Ол адаммен бір күнде артық тұрмастан кетіп қалады және қайтып оралмайды. Сөз жүзінде жиі айтатындар ажырасуды емес, жарынан сүйіспеншілікті, ашықтықты т.б. қалағаны.

Сізге не қажет: ажырасу ма, әлде басқаша қарым-қатынас па? Егер басқаша қарым-қатынас қажет болса, онда жарыңызбен бұл жөнінде сөйлесіңіз. Оның қалай өзгергенін қалайтыныңызды айтыңыз. Салқындаған немесе сый-құрмет жоғалған қарым-қатынасты қалай түзеуге болатынын бірге талқылаңыздар.



2. Бұған дейін некеңізді сақтап қалу үшін қандай әрекет жасап көрдіңіз? Кімнің көмегіне жүгіндіңіз?

Көбіне ерлі-зайыптылар екеуіне ортақ мәселені шешу үшін ата-аналарының көмегіне жүгініп жатады. Олардың айтқан ақылы жәрдемдеспеді ме, бұл ажырасудың шешімі емес.

Басқалардың да айтар кеңесін тыңдап көріңіз. Ата-ананың ғана емес, арнайы маманның да кеңесінен көмек болмаса, қайта-қайта оған бір мәселені айтып бара бергеннен ешнәрсе өзгермейтінін есте ұстаңыз. Сондықтан әпке-жезденің, аға-жеңгенің, дос-құрбының бұл орайда не айтатынын саралап көру керек. Тіпті десеңіз, танымайтын адамға мәселеңізді айтсаңыз да болады. Дәл сіздікіндей жағдайда олар қандай қадам жасар еді? Сұраңыз, жауаптарды жазып, өз ойыңызбен салыстырыңыз.



3. Қарым-қатынас күйзеліске түсірген жоқ па? Жүйкеңізге әсерін қалай сипаттайсыз?

Адам қаржылық жағдай әбден тығырыққа тірегенде, баласынан айырылғанда және белсіздік пен бедеулік диагнозы қойылғанда қатты күйзеліске түседі. Дәл осы жағдайлар ерлі-зайыптыларды ажырасуға итермелейді.

Егер сізде де ажырасу туралы ой осы аталғандарға байланысты туса, онда ешкімнің ақыл-кеңесіне жүгінбей-ақ нақты шешімді өзіңіз қабылдағаныңыз жөн. Өйткені көбіне ойынқұмар адамның түзелуі және «баласыздықтың» емделуі өте сирек кездеседі. Босқа үмітпен уақытты өткізіп алмаңыз.



4. Кім кінәлі?

Фото: www.togetherabroad.nl

Ең алғашқы кездесуді, бір-біріңізге айтқан ғашықтық сөздерді, жазған смс-хаттарды еске түсіріңізші. Егер сол кезде біріңіздің жазған смс-хатыңызға екіншіңіз жауап бермегенде, некелі одақ құрар ма едіңіздер? Жоқ. Екінші адамнан жауап болмаса таныстық кездесуге, ал кездесу махаббатқа жалғаспас еді.

Демек қарым-қатынас, жұбайлардың әңгімесі тоқтаса, онда екеудің біреуі диалогқа түспей жатқанын білдіреді. Ренішін немесе мәселесін, я болмаса қалауын ашып айтпағаны.

Қарым-қатынаста үзілген диалогты қайта құрып көріңіз. Ерлі-зайыптылар екеуі мәселені бірігіп талқыласа, себепті бірге іздесе шешілмейтін түйін қалмайды.

Әлде мәселені туғызған үшінші адам бар ма? Кім кінәлі? Табыңыз, сөйлесіңіз. Неғұрлым кінәлі ертерек табылса соғұрлым мәселе де жылдам шешілетінін есте ұстаңыз. Егер кінә сізден болса мойындаңыз. Кінәсізді кінәлау доғарылғанда ғана дұрыс шешім қабылданады, қарым-қатынас та дұрысталуы мүмкін.



5. Онымен отбасы құрғаныңызды өмірдегі үлкен қателігім деп санайсыз ба?

Бір-біріңізді жақсы танымай, асығыспен жұбайлық өмір басталып кеткен болса, бұл неке ғұмыры келте болады дегенді білдірмейді. Жұбайдың басым бөлігі кез келген мәселені «Мен оны сүймегенмін. Алып қашып кеткен соң...», «Қыз-жігіт боп жүрмегенбіз, сондықтан ғой», «Екіқабат боп қалмағанда мен оған үйленбес едім» деп, тағдырлары жалғанған тұстан іздейді. Айналаңызға қарасаңыз, үш-бес жыл қол ұстасып жүргендер де ажырасып кетіп жатқанын көресіз. Сұрасаңыз, себеп басқада екенін ұғасыз. Сондықтан негізгі себепті алғашқы айлардан іздеп қателеспеңіз. Іздеген қателікті, себепті өткен шақтан таппайсыз. Дәл қазіргі, осы шақтан іздеген дұрыс.



6. Отбасылық мәселенің шешімі некеде ме? Ажырассаңыз негізгі мәселеңізден құтылатыныңызға сенімдісіз бе?

Егер отбасылық зорлық-зомбылық, тирандық қарым-қатынаста өмір сүріп жатсаңыз, онда мәселеңіз жарда болғаны. Онымен ажыраспай өміріңізде өзгеріс болмайтыны нақты.

Ал егер мәселе оның жұмыссыздығынан, үй тірлігіне қыры жоқтығынан, романтиканы түсінбейтіндігінен т.б. осы сарындас нәрселерде болса, қарым-қатынасты емес, адамды жөндеуге күш салғаныңыз дұрыс-ақ.



7. Оны кешіре аласыз ба?

Кейде тоң боп қатқан қарым-қатынастың жібуіне, мұз боп суыған жүректің жылуына кінәлінің «Кешірші» деген бір-ақ ауыз сөзі жетеді. Мүмкін сіз де одан осы сөзді күтіп жүрген боларсыз?! Алайда кейбіреулер бұл сөзді айтқысы келсе де айта алмайды.

Ол сезімге сатқындық жасады делік, сонда да егер кешірім сұраса, айыбын мойындап шындықты айтса, кешіре аласыз ба? Кешірер ме едіңіз? Егер жауабыңыз «иә» болса, ажырасудың қажеті жоқ.



8. Жақсы көресіз бе?

Әлемді махаббат, мейірім құтқарады деген сөз бар. Бұл сезімдер болса, таудай қиындықты еңсеруге де, шайқалып тұрған шаңырақты түзеуге де болады. Жүрегіңізге үңіліңізші, тамшыдай болса да сезім қалып па? Сүйесіз бе?

Әрине әр адам өз өмірінің қожасы. Бақытты болу да әркімнің өз қолында. Біреу ажыраспаса өмір бойы өкінуі мүмкін, ал біреу ажырасса өкінеді. Сондықтан сұрақтарға шынайы жауап беріп, өзіңіз дұрыс деп тапқан жолды таңдағаныңыз жөн.


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сізге қай ТҮС ұнайды? (тест)

НЕГЕ жұмысыңды жақсы көру керек?