​Бала ата-ана махаббатына «тоймаса» не болады?

0
4 000

Оларда мынандай диагноздар болады!


​Бала ата-ана махаббатына «тоймаса» не болады?

фото: help-yourself.ru

Ата-ана махаббаты адам үшін ауа мен ас-судан кейінгі ең қажетті нәрсе боп саналады дейді жантану мамандары. Педиатрлар да әр анаға нәрестеге ана сүті қаншалықты маңызды болса, анасының мейір-махаббаты да соншалықты қажет екенін қайталап айтудан шаршамайды.

Өйткені еркелету, жиі құшақтау, уілдеп сөйлесе жауап беру, жылы сөздер нәрестенің физиологиялық тұрғыда дамуын, ауырса айығуын, сонымен бірге иммунитетінің қалыптасуын жылдамдатады екен.

Әсіресе, психологтар бала балалық шағында ата-ана махаббатына «тойып» өсуі тиіс дейді. Өйткені дәл осы шақта баланың мінез-құлқы, тұлғалық дамуының дәні, өзіне сенімділігі қалыптасады. Ал ата-анасының махаббатын қалауынша ала алмаған бүлдіршіннің алдағы өміріне психология ғалымдары былай диагноз қояды.



Комплексі көп

Ата-ана тәрбиесі арқылы баланың әдет-дағдыларымен бірге комплекстері де қалыптасады. Комплекстері ата-ана махаббатының жетіспеушілігінен пайда болады.

Белгілі әлеуметтік психолог, адамның тұлғалық дамуы бойынша тренер Пег Стрип «Нелюбимая дочь» атты кітабында жан жарақатының басым бөлігі балалық шақтағы оқиғалардың іздері екенін айтып, осы кезеңде ата-ана мейлінше сүйіпеншілікке бөлеп өсіру керектігін ескертеді.

Стрип Пег аталмыш кітабында жазғандай, өмір болған соң түрлі жағдай болады. Бала қараушысы немесе балабақшадағы тәрбиеші ұрып-соғуы мүмкін, бауырларымен төбелеседі, ауладағы балалар физиологиялық кемістігін айтып мазақтайды т.б. осы секілді және сұмдық жағдайлардың бірден-бір емі – ана махаббаты.

Психолог Стрип Пег «Махаббаттың жетіспегенінен үнемі негативті эмоцияны бастан кешкен бүлдіршін есейгенде проблемалардан қашатын болады. Сәтсіздіктен қорқып, тәуекел ете алмайды. Сондықтан да ондай баланың жетістігі аз болатынын анық айта аламын» дейді. Ендеше, жас ана, балаңыздың негативті эмоцияларын махаббатыңызбен дер кезінде емдеп отырыңыз.



Өзін-өзі бағалауы төмен

Ата-ана тарапынан мейірім көрмеген бала «әке-шешемнің жақсы көруіне менде бір кедергі бар» деп сенеді. Бұл сенім өзін бауырларынан ғана емес, өзі құралпы балалардан да өзін төмен бағалауға алып барады.

Есте ұстаңыз, оның санасында ата-анасының еркелетпегені, сүймегені өмір бақи қалып кетеді. Сондықтан да мұндай баланың өзін-өзі сүюі, құрметтеуі қиындық тудырады. Осы ментальды модель өзін-өзі төмен бағалауға жетелеп, өмір бойы зардап шеккізеді.

Өкініштісі, ол әрдайым іштей «Мен бұған лайықты емеспін» деп жүреді де, көп мүмкіндікті жіберіп алады. Сондай-ақ «маған осы да болады» деп, азға қанағат етіп, жақсыға талпынбайтын көнбіс, жігерсіз адамның біріне айналады. Сондықтан да балаларыңызды алаламаңыз, теңдей жақсы көріңіз.



Өткен шаққа орала береді

Өткен шақты мүлдем ұмыту мүмкін емес. Бірақ болған іске бордай езіле берудің, ол жаққа қайта-қайта ойша барудың түк пайдасы жоқ. Әйтсе де, кейбір адам естелік қана боп қалған сол бір балалық, жастық шақтағы азаптарымен, қайғысымен мұңлы өмір сүргенді жақсы көреді. Жолап кетсеңіз, өткенін айтып күйінеді, әкесін немесе шешесін, я болмаса бауырларын, тым болмағанда бақытсыз балалық шағына шағымданады.

Психологтар мұндай адамды сүйіспеншілікке қанбаған бала деп атайды. Әрине, ол да артта қалған мұңлы сәтін еске алғысы келмейтін шығар. Алайда бейсаналы түрде «Ата-анам мені неге жақсы көрмеді екен?» деген сұраққа жауап іздеумен, өткен шағына қалай барып-қайтқанын аңғармайды. Ал өткен шаққа кенедей жабысып алу болашаққа ірі-ірі қадам жасауға тұсау болатыны кімге болса да белгілі.



Жалтақ

Әдетте қатал ата-ана перзентіне мейірімін төге қоймайды. Мұндай әке-шеше талап қойғыш, жазалағыш, ескерту жасағыш келетіні белгілі. Ал кішкентай бала бұның тәрбиенің бір түрі екенін қайдан білсін?! Мен бірдеңені бүлдірдім, анамды ашуландырдым деп, өзін кінәлі сезінеді. Жалтақ боп өседі.

Есейгенде де ол сәтсіз жағдайларда өзін кінәлап, жазғырып жүреді. Сорақысы, ол ертең отбасы құрғанда жұбайының жолында жығылып, жұмысқа тұрса бастығының құлына айналады. Әркімнің құрбаны болады. Тіпті балаларының алдында өзін кінәлі сезініп, мұңлы күн кешеді.

Байқап көріңізші, жетім балалардың көбісі жалтақ келеді. Өйткені олар ата-ана махаббатын көрмеді, сезбеді. Ал сіздің балаңызда – сіз барсыз! Олай болса, оны мейіріміңізге шомылдырып өсіріңізші!



Өмірден орнын табуы қиын

Байқасаңыз, небәрі 6 айлық нәрестенің өзі құшақтап еміренгенді біледі. «Томпағым», «бақытым», «өмірімнің сәні», «жүрегім», «гүлім» деп сүйсеңіз, мәз боп күледі. Бала сіз ойлағаннан да өте сезімтал. Ол анасының эмоциясын көзінен біледі, әке-шешесінің сүйіспеншілігін тәтті сөздерінен сезеді. Ал оны ала алмаса, өзін керексіз сезінеді. Есейе келе тек ата-анасына емес, бүкіл әлемге қажетсіз адамдай күй кешеді. Осы күй оның жалындап жануына, жарқылдауына жол бермейді. Бұл ержеткенде өмірден өз орнын таба алмай адасуына алып келеді. Өйткені мұндай баланың кейбірінің өмірі ата-анасының махаббатына ие болуды ғана ойлаумен өтсе, кейбірі өзіне сенімсіз болады.

Ал адамның өз-өзіне сенімділігінің іргетасы кішкентай кезінде ата-анасының физикалық қарым-қатынасы (құшақтауы, қолынан жетектеп жүруі, бірге ойнауы, көтеруі, денесін майлап-сылауы, мектепте байқаудан орын арқасынан қағып «жарайсың» деп айту т.б.) орнығады. Мұның бәрі де кішкентай бала үшін – қолдау.

Перзентіңіз өзіне сенімді боп өссін десеңіз, үнемі қолдап қолпаштауда, мақтау сөздер айтуда сараң болмаңыз.


Халық даналыңындағы "Әлем махаббаттан жаралған" деген сөз бекерге айтылмаған. Міне, ата-ана мейірімінің, махаббатының құдыреті осындай. Мейір-махаббат таусылып қалатын нәрсе емес қой, ендеше перзенттеріңізден оны аямаңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Шынайы қалауыңызды табыңыз


Жасөспірім ұл-қызыңызбен тіл табысудың 7 қағидасы