​«Кәрі қыз» бен сүрбойдақты отбасы құруға жетелейтін сиқырлы жазба

0
13 532

Жалғыздыққа әбден үйреніп қалған «кәрі қыздың» психологиясын түсіну қиын. Бірақ, оның психологиясын өзгертуге болады.


​«Кәрі қыз» бен сүрбойдақты отбасы құруға жетелейтін сиқырлы жазба

Жалғыздыққа әбден үйреніп қалған «кәрі қыздың» психологиясын түсіну қиын. Бірақ, оның психологиясын өзгертуге болады.

Өз тәжірибеме сүйеніп, адамның өзінде тілек болса, ешқандай қиындыққа қарамай тілегіне жетеді дей аламын. Өйткені, мен жалғыздықты қимай жүрген құрбымның тұрмысқа шығуға деген тілегін «тірілттім». Қазір ол сүйікті жар, келісті келін болуға дайындалып жатыр. Алла бұйыртса, күзде той.

Жаңылай 35 жаста. Тұрмысқа шықпаған, көрiктi, бiлiмдi қыз. Құрбымда тұрмысқа шығу, сәбилі болу тілегі мүлде жоқ. Ал, мен төрт баланың анасымын. Күйеуiм екеумiз де мұғалiмбiз. Әрине, уайымсыз, мәселесiз өмiр сүрiп жатқан жоқпыз. Үйленгелi күйеуiм екеумiз қыбырлап жұмыс iстеп, баспаналы болудың қамын жасап, баланы да дүниеге әкелiп, тәрбиелеп жатырмыз. Тек бiз емес, мұндай қиындықтарды басынан өткерген, өткiзiп жатқандар көп-ақ. Дегенмен, осының өзі – бақыт емес пе?!

Кейде қаражаттың жетiспеушiлiгiнен көп жерге бара алмай қалғанда көңiл күйiм болмайды. Бiрақ, балаларым «мама» деп, мойныма асылғанда, «мама, мен өскенде сізге әдемi көйлек әперемiн» дегенде, еңсемдi езген тiршiлiк сұрақтары мен мәселелер жеңiлдеп қоя бередi. Осындайда әйел адамның бақыты – балалары екенiн түсiнемiн. Ана болу – нағыз бақыт қой.

Алайда, оң жақта ұзағырақ отырып қалған құрбыма осыны түсіндіре алмай-ақ қойдым. Оның тұрмысқа шыққысы келмейді. Уақыттың өтіп бара жатқанын айтып, тұрмысқа шығуға үгіттей бастасам, кереғар пiкiрлерiмiзбен «айтысып», соңында ренжiсіп тарқасамыз.

35 жастағы оның неге бала тууды, ана болуды ойламайтынына күйiнемiн. Тағы да бiрер жылдан соң климакс басталып, өмiрден баласыз өтсе қайтпек? Неге ол жайлы өмiрдiң рақатынан шыға алмай жүр?

Осы бiр ойлар маза бермей, құрбымды күйеуiмнiң бойдақ, ажырасқан достарымен таныстыруды ойладым. Жаңылайға айтпай тұрып, алдымен жақсы деген таныс жiгiттердi iздестiрдiм сұрастырып. Шамамен бес жiгiтке Жаңылайды сырттай таныстырып, жақсы әйел, ақылды ана болатынын айтып әбден мақтауын келтiрдiм. Баспанасы, қолында жақсы қызметi бар екенiн де айттым. Бiрақ, әлгi бойдақ жiгiттер не дедi десеңiзшi: «35 жастағы ол бала туа ала ма? Мен енді үйленетін болсам, артымда ұрпақ қалдыру үшін ғана отбасы құрам. Бала туып бере алмаса оны қайтем?» дедi.

Мен бұны құрбыма айта алмадым. Ол өзiн әлi жас санайды және бәрi-бәрі алдында екенiне сенедi. Құрбымның осы бір «Бақыт алда!» деген психологиясын қалай өзгертерімді білмей көп ойландым. Әрине, жарқын өмірде алдымда деп сенген, үміт артақн дұрыс-ақ. Бірақ, әйел бауырындағы баласымен бақытты және әйел барлық жаста бала туу қабілеті бола бермейді. Психологтардың зерттеуінше, құлақпен ұққысы келмейтіндерге көзбен ұқтырған жөн екен.

Алдымен, «кәрі қыздың» психологиясын өзгертетін жазбалардың бірқатарын интернеттен іздеп тауып, саралап шықтым. Соның ішінде «сиқырлы жазба» деп айдар таққан екі балауыз шам туралы мысал маған өте қатты ұнады. Оны қазақшаға аударып, Жаңылайдың телефонына вацап арқылы жібердім.

Екі балауыз шамның мысалы мынандай: «Екi балауыз шам бiр бөлмеде қатар тұр. Бiреуiн үй егесі бөлмесiн жарық ету үшiн түнде жағып қойды. Ал екiншiсi әлi пайдаланылмаған балауыз. Жағылмаған балауыз шам жанулы тұрған балауызға қарап: «Ей, ақымақ, от қойса жанбай қоймадың ба? Әлгінде ғана бойың ұзын, денең қап-қатты әдемі едің. Уақыт өткен сайын жанып, шөгiп барасың. Тағы да бiрнеше сағаттан соң таусыласың, жоқ боласың. Маған қарашы, он екі мүшем бүтiн, әдемiмiн», - дейдi.

Жарқырай жанып тұрған балауыз «Мен адамның қажетiне жарап, қараңғы бөлмесiн жарыққа бөлегенiм үшiн өкiнбеймiн. Денем отқа ерiп жатыр, бiрақ мені жасаған адамзатқа пайдам тиюде. Бұл менiң мiндетiм ғой. Бiздi адам белгiлi бiр себеппен, қажеттілікпен жасады. Менiң миссиям – жану, жарық беру. Бүкiл денем жанып таусылған соң, мынау бөлме қайтадан қараңғы болар. Алайда мен даладағы күн жарығымен, таң жарығымен бiрiгiп, өмiрдің келесі үлкен кезеңіне өтемін. Сосын мен бiр бөлменi ғана емес, бүкiл әлемдi жарық ету қызметiне қатысамын. Одан асқан бақыт бар ма?! Әй, бірақ өз миссияңның ләззатын түсінбейтін сен бүкіл әлемді жарық ету қызметінің бақытын да ұқпассың. Ол үлкен қызметке қатысу үшiн, алдымен өзiңе мiндеттелген кiшкентай жүмысыңды атқаруың керек. Бұл өмiрдегi өмiрiм қысқа болғанымен, қысқа өмiрдегi мiндетiмдi адал атқарғаным үшiн мәңгi жарықпен бiрiгетiнiмдi бiлемiн. Сол үшiн бақыттымын. Мен керiсiнше, сенi аяймын. Бiр себеппен, қажет болғандығыңнан сенi адам жасады, ал сен сол мiндетiңдi орындамай әлi қорапта жатырсың. Мейлi, «сымбатым сол қалпында бұзылмаған, қуатым бойымда» деп мақтанатын шығарсың, бiрақ, өмiрдегi мiндетiңдi атқарудан артық қуаныштың, ләззаттың жоқ екенiн бiлмейсiң ғой. Пайдаланылмай, дәл осылай тағы бiр жыл, төрт-бес жыл жатарсың. Электр желiсi деген құдiрет бүкіл ауыл-аймаққа жеткенде, сенi ешкiм қажет етпейтін болады. Анығырақ айтқанда, әр нәрсенің өз уақыты болады, электр қолжетімді болғанда сенiң де дәуренiң өтедi. Сол кезде сен адам үшiн артық, қажетсiз затқа айналасың. Сосын бiр күнi қоқысқа лақтырып жiбередi. Қоқыста жатып сен жанбайсың, бiрақ ыстық жаз мезгiлi келгенде мынау қатты денең ерiп, былжырайды. Қандай ұсқынсыз десейшi. Денеңдi меңгере алмай, жинай алмай, пiшiнiң өзгередi. Жанбаған соң, сен ешқашан әлемдiк жарықпен бiрiге алмайсың. Ендi өзiң ойла: өз мiндетiңдi орындап, басқаларға пайдаң тиiп, қуанып өлген дұрыс па, әлде ешкiмдi қуанта алмай, қажетсiз боп шеттетiлiп, қоқыста жатып өлгiң келе ме? Қай жолды таңдасаң да, мезгiлi жеткенде бәрібір өлесiң», - дейдi. Осы кезде ғана қорапта жатқан балауыз ойланып, қораптан басын көтеріпті.

Осы мысалды Жаңылайға жіберген соң, ол мәтінді оқып болатындай уақыт өткенін күтіп, содан кейін «Екi балауыз екеумізге ұқсайтын сияқты» деп жаздым. Жаңылай оқыды, бірақ үндемеді.

Одан жауап болмаған соң қоңырау шалдым. «Ренжіп қалмадың ба, неге үнсізсің? Артық ақыл айтып жатсам кешір, жаным ашығаннан соң айтамын да. Тұрмысқа шығып, бала тусаң да, өмірбақи жалғыз өтсең де бәрібір мәңгі өмір сүрмейсің. Балауыз шамды адам жарық ретінде қолдану үшін жасаса, бізді де Жаратушы белгілі бір мақсатпен жаратты ғой. Әйел адамның негізгі мiндетi – бала туу, көбею. Жер бетiндегi осы бiр миссиясын орындағанда ғана әйел адам өзiнiң нағыз бақытты екенiн сезiнедi. Рас айтам, ана болу – бақыттың биігі.

Өзiнiң өмiрiн жұмаққа теңеп, жайлылықты қимай, қиындықтан қашып жүргендер бәрібір уақыты келгенде алдамшы бұл пәниден кетеді. Жаратқан, жан берген Тәңiрi «Мiндетiңдi орындадың ба?» деп сұрағанда, сен, не деп жауап бермексің?» дедім. Ол ашуланып аузымды жабатын шығар деп іштей қорқып та тұрмын. Жо-оқ, Жаңылай «Мен бәрі алда, уақыты келер деп жүрсем, керісінше, уақыт өтіп бара жатыр екен ғой. Екі балауыз шам туралы мысалың мені кәдімгідей ойландырып қойды ғой» деді. Мысалдың құрбыма ой салғанына қуандым.

Содан кейін мектептегі жұмысым қат-қабат боп көбейіп құрбыммен сөйлесуге шамам келмей кетті. Соңғы қоңырау өткен соң, ертесіне Жаңылай өзі хабарласты. Сөз айтып, сезімін білдіріп жүрген жігіттердің арасынан мінезі үйлесетініне тұрмысқа шығуға келісімін бергенін айтты. Жігіттің ата-анасымен де танысып үлгеріпті. Күзде сырға салып алып кетеді екен. Құрбым үшін өте қуаныштымын, оның бақытты болғанын қалаймын.

Құрметті оқырман, сіздің ше, құрбы-құрдас, таныс-білістеріңіздің арасында оң жақта отырып қалған қыздар бар ма? Оның жалғыздыққа үйреніп қалған психологиясын өзгертуге тырысып көрдіңіз бе?

Құран Кәрімнің Нұр сүресінің 32-аятында «Іштеріңдегі бойдақтарды үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса да, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла, аса кеңшілік иесі, толық білуші» делінген. Сондай-ақ, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Үйленіп үй болмағандарың менің үмбетімнен емес», «Бойжеткен қызыңды күйеуге беруге асық» деген хадистері бар. Ал, Құран мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзін қолдау, орындау – сауап іс.

Қасиетті Рамазан айында сауапты ісіңіздің бірі болсын – оң жақта отырған құрбыңызға, салт жүрген сүрбойдақ досыңызға екі балауыз шамның мысалын оқытыңыз. Мүмкін, бұл жазба шынында да оларды отбасы құруға жетелер?!

Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ