Қиындық «тудырушы» мінезіңіз қайсы? (тест)

0
4 316

Білесіз бе? Осы мінезді түзеу арқылы көп мәселеден құтыла аласыз.


Қиындық «тудырушы» мінезіңіз қайсы? (тест)

Психологтардың айтуынша, өмірдегі қиындық пен мәселелердің 70 пайызы адамның мінезінен, ал мінез жағдайлар мен мәселелерден пайда болатын көрінеді. Демек, жағдайлар арқылы мінезді, мінезбен жағдайды өзгертуге болады.

Ендеше, қай мінезді түзеу керектігін білсеңіз, қиындық тудырып жатқан жағдайлардан жол тауып шыға аласыз. Сонымен, өз өміріңізді қиындатып жүрген мінезіңізді білгіңіз келе ме? Олай болса, мынау суреттегі төрт үйге асықпай қарап шығыңыз да, біреуін таңдаңыз. Сіз таңдаған үйде сіздің қиын мінезіңіз жасырулы.



№1 ҮЙ

Өзіндік ой-пікірі, көзқарасы бар, тік мінезді адамсыз. Ерік-жігеріңіз мықты. Кез келген қиындықты жеңуге, мәселенің түйінін дұрыс шешуге осы мінез-қасиеттеріңіздің көмегі зор.

Ал өміріңіздегі көп мәселені тудырушы мінез қасиеті – мейірімділік. Мейірімділік жаман қасиет емес, бірақ оның шегін білген дұрыс. Ағзаға қажетті, бала да, қарт та жақсы көретін қантты да тым көп пайдалансаңыз уға айналмай ма? Әрдайым тәтті болсам, өмірім де үнемі тәтті болады деп қате ойламаңыз.



№2 ҮЙ

«Еңбек бәрін де жеңбек» деген даналарымыз. Сіздің де өмірлік кредоңыз бұл. Өте еңбекқор адамсыз. Абыройыңызды асқақтатқан да, табысыңызды толымды еткен де – еңбекқорлығыңыз. Сіз үшін жұмыстың үлкен-кішісі де, ауыр-жеңілі де жоқ, кез келгенін орындау қиындық тудырмайды.

Ән падишасының досы О. Бодықов журналистерге берген бір сұхбатында «Шәмшінің бақыты да, соры да – қарапайымдылығында» деген екен. Сол сияқты сіздің досыңыз да, дұшпаныңыз да – еңбекқорлығыңыз. Жұмысқа ғана емес, эмоциональдық күйіңізге, денсаулығыңызға, жеке өміріңізге және жақын, қымбат жандарыңызға да көңіл бөлуге уақыт арнай білгеніңіз жөн.



№3 ҮЙ

Қатал, тәртіпке қатаң әрі талапшылсыз. Бүгінде өміріңіздің қай саласында болмасын шыққан биігіңіз – өзіңізге қойған талаптарыңыздыңдың жемісі. Бірақ өзгемен қарым-қатынасыңызға сәл-пәл жұмсақтық қосқаныңыз абзал. Әйтпесе, сіздің өзгелермен, басқалардың сізбен қарым-қатынас құруы өте қиын. Ал өміріңіздегі негізгі мәселелер мен қиындықтар сіздің осы қиын мінезіңізден туындауда.

Белгілі педагог А. Макаренко не дегенін еске түсіріңізші. Ол «Адамға мүмкіндігінше көбірек талап қойыңыз және адамды көбірек сыйлаңыз» демеп пе еді. Қысы-жазы бір түстен өзгермейтін шырша емессіз ғой, түзде де, үйде де әркез қатал әрі талапшыл болу қағидасын өзгертіңіз. Жұмыста қатал болсаңыз, үйде мейірімділеу болыңыз.



№4 ҮЙ

Өте сабырлы, салмақты жансыз. Нендей қиындықта да ішкі жан дүниеңіз бен сыртқы әлем теңгерімін теңдей ұстай аласыз. Көп адам таппай жүрген мінез-қасиет бұл. Бірақ... Осы «бірақ» сізге кедергі. Айналаңыздағылар үшін кейде тым сабырлылығыңыз салқынқандылықпен, салмақтылығыңыз самарқау мінезбен тең көрінеді. Мінезіңіздің салмақтылығы жақсы, бірақ дос-жаран, ағайын-туыс өміріне немқұрайлы қарамаңыз. Эмоцияңызды анда-санда шығарып, сезіміңізді сөзбен жеткізе білгеніңіз дұрыс. Әйтпесе, бәрі сізден алыстайды. Сондай-ақ, тым салмақтылық бірте-бірте өзгенің өміріне ғана емес, өз тағдырыңызға да жауапсыздықпен қарауға үйретеді.


Дайындаған: Ж. Смағұлова,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:


Балаңыз ҰБТ-ға барарда МЫНАНЫ жасауды ұмытпаңыз


ДЕМАЛЫС КҮНІ демалатын адамдар ТАБЫСТЫ БОЛАДЫ