ДЕМАЛЫС КҮНІ демалатын адамдар ТАБЫСТЫ БОЛАДЫ

0
5 403

Еңбек демалысын қалай өткізуді жоспарлап отырсыз?


ДЕМАЛЫС КҮНІ демалатын адамдар ТАБЫСТЫ БОЛАДЫ

Фото: kto-chto-gde.ru

Алда білім қызметкерлерінің еңбек демалысы келе жатыр. Басқа мекеме қызметкерлері мен жұмысшылар да жылына бір рет еңбек демалысына шығады. Екі айлық демалыста не істейсіз?

Бұл сұраққа «демаламын» деп жауап беретіндер кемде-кем. Сенбесеңіз, әріптесіңізге, туған-туысқаныңызға осы сұрақты қойып көріңіз. Бірі үйіне күрделі жөндеу жүргізетінін, екіншісі құрылыс салатынын, тағы бірі қосымша табыс табу үшін уақытша жұмыс іздеп жатқанын айтады.

Бұндай адамдар еңбек демалысында ғана емес, әр жексенбіде демалуды да білмейтіндер. Ал психологтар күш-қуатқа, денсаулық пен сұлулыққа, шабыт пен көтеріңкі көңіл күйге дұрыс демалу арқылы ғана қол жеткізе алатынымызды ескертеді.

Білеміз, бірақ білгеннің айтқанын тыңдамаймыз. Тыңдасақ та орындамаймыз. Сосын жұмыс аптасы басталмай жатып-ақ қуат сарқылып шаршаймыз, кәрілік жасына жетпей қартаямыз.



НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Әрине демалысқа арналған уақытта демалу қажет. Тіпті бұны киелі кітаптарда да, Құранда да «құдай жерді, әлемді алты күнде жаратып, жетінші күні демалды» деп тұспалдаған. Дәрігер мен психологтардың ақыл-кеңесіне құлақ аспайтындарға Табиғат та қыс айларын демалысқа арнап тынығудың маңыздылығын ұқтырғысы келеді.

Осы орайда «О дүниеге барғанда демаламыз, қазір тынымсыз жұмыс істеу керек», «Соншама мәселе тұрғанда демала алмаймын», «Асығу керек, бәріне үлгеру қажет» дейтіндер де табылар. Дұрыс-ақ, бірақ жұмыс өнімді болу үшін, шаршаған ағза қалпына келу үшін демалысқа арналған уақыттарды басқа нәрсеге арнамаған жөн дейді адамтану мамандары.

Басыңызға қиындық түссе де, жақыныңыз өлсе де таңғы, түскі және кешкі асты ішуді ешқашан ұмытпайсыз ғой. Неге? Тірі адам тіршілігін жасау үшін! Қиындықтардан жол тауып, мәселелерді шешу үшін!

Дәл сол сияқты аурудан аулақ болу үшін, сұлу да сымбатты, табысты, бақытты болып, ұзақ өмір сүру үшін де әр түні, әр жексенбіде және жылына бір рет еңбек демалысында дұрыс демалу керек екен.

Фото: grandgames.net


Осы тұста мына бір мысалды келтірсек, демалу мен демалыстың адам өмірі үшін маңызы түсініктірек болар.

МЫСАЛ: Жұмыстан, күйбең тірліктен қолы босамайтын бір әйел болыпты. Ол тек өзінің емес, бауырларының, олардың ұл-қыздарының, тіпті көршілерінің мәселесімен, шаруасымен күні бойы шапқылап, тыным таппайды. Тіпті түнде де сіңлісінің баласына қарайды, әпкесінің ауруханада жатқан енесінің қасында отырады. Кей күндері ұйықтамаса, кей күндері төсегін салуға, киімін ауыстыруға шамасы келмей жастыққа басы тиісімен ұйқыға кетеді.

Көмектесіп, мәселелерін шешіп, дау-дамайға араласып жүретінін басқалар мақтағанымен, бұның өмірі, денсаулығы мақтауға келмейді.

Үнемі шаршап, екі иығы салбырап, көңілсіз жүретін әйелді дос-құрбылары отырысқа шақыруды азайта бастайды. Көңіл мен уақыт бөлмейтін, сөйлеспейтін, ойы да, сөзі де жұмыс пен мәселе, жадырап күле алмайтын әйелден бір күні күйеуі кетіп қалады. Сүрініп-қабынып кеп, «асығыспын» деп кетіп бара жататын әйелден әріптестері де шеттейді.

Ол өзінен денсаулығы мен сұлулығы кеткенін де аңғарады. Жанында ешкім қалмайды. Енді ол үнемі қасында жүретін көлеңкесін ғана медет тұтып, өмір сүріп жатады. Бір күні көлеңкесі:

- Адамдар ғана емес, мен де сенен шаршадым. Менің де кеткім кеп жүр, - дейді.

Әйел көлеңке тек тірі адамдарда ғана болатынын жақсы біледі. Ол кетсе, онда өмірден бұл да кететіні белгілі еді. Сондықтан да оған жалынады.

Көлеңке үш шартын айтады. Үшеуін орындаса ғана қасында қалуға уәде береді. Әйел келіседі.

- Бірінші тапсырма – иығыңдағы саған тиесілі емес, бөтен жүктің бәрін тастайсың, - дейді көлеңке.

Әйелдің иығында көп жүк бар еді. Оның көбісі бұныкі емес. Кезінде ешкім өтініш жасамаса да, кейбірі тіпті «қажет емес» десе де, иығына іліп алған жүктерді қайтаруға ұялды. Жүктің жартысын бұл қаламаса да өзгелер іліп қойғанын айтып мұңайды. Бірақ амал жоқ шартты орындауына тура келді.

Иығыңдағы біреудің сабағын, біреудің табағын, жазасы мен қателігін, шаруасын, парыздары мен міндеттерін бәрін-бәрін өз иелеріне үлестіріп шықты. Сол-ақ екен, олар қайтадан дорба-дорба жүктерін бұған әкелді. Әйел не дерін білмей қиналды, ыңғайсызданды. Осы кезде көлеңке:

- «Жоқ» деп айт. Бір-ақ ауыз сөз ғой, - деп кеңес берді.

- Мен қалайша оларға «жоқ» деймін? Ренжіп қалса ше? Мені жек көріп кететін шығар?!.

- Бұл екінші шартым, екінші тапсырма. «Жоқ» деп айтуды үйрену үшін ақталуды, өтірік сылтау іздеуді доғаруың керек, - деп үйретті.

Шынында да әйел ақталуды тоқтатқан еді, «жоқ» деп айта алатын болды.

Әйел әркімнің өзі қолымен түйген түйінді өзі шешуді, өз қателіктері арқылы түскен батпақтан өзі қарманып шығуды өздеріне тапсырғалы өз өмірі туралы ойланатын болды. Екі иығы тіктеліп, өзіне сенімділігі артты. Ал «жоқ» деп айтуды үйренгелі даусы мен сөзіне қуат, көзіне от біте бастағанын байқайды.

- Енді үшінші тапсырма – өзіңе демалуға рұқсат бер. Өзіңді еркелетуге, өзіңе күтім жасауға уақыт арнауың қажет, - деп көлеңке соңғы шартын айтты.

Алдыңғы екі тапсырмаға қарағанда бұл өте қиын болды. Бәрін ұмытып ваннада жатайын десе де, кең төсекте күні бойы ұйықтайын десе де, бір сезім кедергі бола берді. Бұл – өзін кінәлау, айыптау сезімі еді.

«Сіңлім үш баласына қарай алмай қиналып жатқанда мен қалай демала аламын?», «Әпкем араққұмар күйеуімен алысып үйін жинауға шамасы келмей жатқан шығар, аптасына бір рет үйін тазалап беруім керек қой», «Қызым түнімен бала тербетіп шаршаған шығар, жексенбіде баласына қарап берудің орнына неге жатырмын?» деген сияқты сұрақты ойлар маза бермеді. Бір уақытта марқұм әжесінің «Бауырларыңа, одан қалса көрші-қолаңға жәрдем беру жақсы қасиет. Барлық адамға көмектесу керек» деп айтатын сөздері құлағына келе берді, келе берді.

Жексенбі күні алаңсыз, ал түнгі уақытта ешкім мәселесін айтып мазаламас үшін ұялы телефонын сөндіріп тастап, жұмысты да ойламай тынығуды үйренбесе, жалғыз сырласы көлеңке кетіп қалады. Амал жоқ, ол әр түнді және жексенбіні демалуға арнауды үйренді.

Осыған дағдыланғалы ол сұлулана бастады, әйелдік нәзіктігі ғана емес, күйеуі де қайтып оралды. Қызметте өсіп, табысы көбейді. Денсаулығы, достары қайтып келді.


Міне, демала білудің маңыздылығы осындай. Психологтардың айтуынша, адам мысалдағы үшінші тапсырманы орындау, яғни дұрыс демалуды үйренгенде, өзі-ақ басқалардың мәселесіне, өміріне араласуды доғарады екен. Сондай-ақ өзгелерге «жоқ» деп айта алатын болады!


Егер сізден де күш қуат, денсаулық, бәрі-бәрі кетіп жатса, демалыс уақыттарын өз өміріңізге арнауды бастаңыз.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


НЕЛІКТЕН ренішті ҰМЫТЫП КЕТУ керек

Бұл ҚАУІПТІ кезеңнен өткендердің НЕКЕСІ ұзақ болады