Тағы кімді өзгертіңіз келеді - ӘЙЕЛІҢІЗДІ ме, әлде БАЛАҢЫЗДЫ МА? Ол үшін мынаны білуіңіз керек.
Кішкентай баланы тәрбиелеуге болады, ал үлкен адамның теріс, жағымсыз, жаман мінезін өзгертуге бола ма?
Өмір сабақтарынан түйгені мол дана Абай Құнанбайұлы атамыз «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп айтқан. Адамның өзгеруіне жас ерекшелігінің қатысы жоқ. Бұған мысал болатын оқиға да, белгілі адамдардың өмірлері баяндалған кітап та көп. Дәл сол сияқты адам жанына терең үңіле білетін психологтардың дәлелді зерттеу мақалалары, коучтардың ұсынған әдіс-тәсілі де жетерлік. Мен соның ішінде терең түсіндіруді қажет етпейтін, барлық адамға оңай әрі қарапайым тәсілді ұсынбақпын.
Қарапайым, бірақ НӘТИЖЕСІ ЗОР
Бұл әдісте пайдаланатын негізгі құралыңыз – сөз. Сонымен кімнің мінезін өзгерткіңіз келеді? Анықтап алыңыз: күйеуіңіз (әйеліңіз), ұлыңыз (қызыңыз), бауырыңыз (әпке, сіңлі, іні, аға) т.б.
Анықтап алсаңыз, оны үлкен не кішкентай демей, оған мақтау, комплимент сөзді күнде айтуға себеп іздеп табуыңыз қажет.
ТАПСЫРМА
1. Кішкентай жетістігі үшін де мақтау сөз айтасыз, әр жақсы ісін міндетті түрде «Жарайсың!», «Керемет!», «Әдемі!», «Жақсы» деген секілді т.б. сөздермен бағалап отырасыз.
Мысалы: Қызыңыз шәйнекті тазалап жуса «О-о, жалтыратып тап-таза етіп жуыпсың ғой. Немен жудың? Жарайсың, алтыным!», «Түу, қандай керемет! Жұмыстан шаршап шыққан едім, ыдыстардың жарқырап тұрғанын көріп шаршағанымды ұмытып кеттім ғой» деп айтасыз.
2. Сезімдеріңізді сыртқа шығарасыз, яғни жақсы көретініңізді сөзбен жеткізесіз. Құшақтау, бетінен сүю бөлек, ал сіз соны сөзбен «айтуыңыз» керек. «Жақсы көрем» деген сөз адам жанына әсер етпейді, не үшін, неліктен жақсы көретініңізді айтыңыз.
Мысалы: «Сендей ақылды қызды берген тағдырыма ризамын», «Қыз өсті деген осы ғой, үй тірлігінен қолым босап, енді өзіме уақыт бөле алам. Сен сияқты қызы бар мен бақыттымын!»
3. Адамның қай істе де ұмтылысы, талпынысы, ынтасы аңғарылмай қоймайды. Мүсінінен, киімінен, жүріс-тұрысынан, тіпті тамақтану, ұйқы басқа да дағдыларына өзгеріс енгізгенін байқасаңыз, сол сәтте комплимент айтуды ұмытпаңыз.
Мысалы: Қызыңыздың нан жемей жүргенін байқасаңыз, «Нан жемегеннен соң шалбарың сәл кеңіп қалыпты» демеңіз. Бұл комплимент емес. «Сен күннен-күнге әдемі боп бара жатырсың» деңіз түк сөз таппасаңыз.
НӘТИЖЕ
Сіз соңғы рет қашан мақтау сөз естіп едіңіз? Еске түсіріңізші, мақтау сөз естігенде марқайып, көңіліңіз кәдімгідей өсті. Анаңыз немесе күйеуіңіз, я болмаса сіңліңіз сізді не үшін, қалай жақсы көретінін айтқанда жаныңыз жадырап қалды. Ал көршіңізден комплимент естігенде ше, іштей «Әрекет етсем міндетті түрде нәтижесі байқалады екен ғой. Өзгелер байқап жатыр. Осы талпынысымды тоқтатпауым керек» дейсіз.
Сіздің де мақтау, коплимент, сүйіспеншілікпен өрілген сөздеріңіз басқаға дәл осылай әсер етіп, оған мотивация береді, өзгеруге жетелейді.
Бұндай сөздер нәтиже болып жатқанына сендіреді. Мысалы, сіз кешкі асты жемедіңіз делік, ертеңіне 200-500 грамм салмақ тастағаныңызды білмейсіз. Ал егер таразыға тартынсаңыз, әрекетіңізден нәтиже шыққанына сенесіз де артық ас жемеуді жалғастыра бересіз. Таразы сізге мақтау сөз, комплимент «айтты».
Жалпы, адам баласы қай жаста да мақтау сөзге, сүйіспеншілікке, мейірімге зәру. Естіген сайын тағы да естігісі келеді. Есту үшін ол сол сөзге лайық әрекет жасайды, талпынады, тырысады. Бұған мектеп оқушыларына берілетін мақтау қағазын мысал етуге болады. Мақтау қағаз алған бала одан да жақсы оқуға, тым болмағанда алған бұл «бағасынан» сабақ үлгерімін төмендетіп алмауға тырысады.
Осы орайда есте ұстайтын жайт, өзгерткіңіз келген адамның іс-әрекетін ешқашан төмен бағаламаңыз. Оған қандай баға бересіз, ол соған лайық болуға ұмтылады.
МЫСАЛ
Бір тайпа көсемінің екі қызы болыпты. Үлкені сұлу, ақылды, сылқым боп бойжетеді де, ал екіншісі ер балалармен төбелесіп, садақ атып еркекшора боп өседі. Екі қызы бойжеткен соң тайпа көсеміне басқа тайпадан құда түсушілер көбейеді. Көсем үлкен қызына 20 жылқы, ал кіші қызына 2 жылқы сұрайды. Құда түсіп келгендердің үлкен қызды алуға жылқысы жетпейді. Ал қалың малы аз кіші қызды ешкімнің алғысы келмейді. Өйткені кіші қызының дене бітімі де, жүріс-тұрысы мен сөздері де ер бала секілді еді.
Бір күні көсемге 20 жылқысын жетектеп бір жігіт келеді.
- Көсем, мен сіздің қызыңыздың қолын сұрай келдім. Міне, қалың малы, - деп 20 жылқысын көрсетеді.
- Бүкіл тайпа бойынша сұлулығы менің үлкен қызыма жететін ешкім жоқ. Қалың малыңа лайықты екеніне өзің көз жеткізесің қазір, - деген көсем үлкен қызын шақырады.
- Жоқ, мен сіздің кіші қызыңызды сұрап келдім, - дейді жігіт.
- Оның қалың малы бар болғаны 2 жылқы ғой, ал сен 20 жылқы әкеліп тұрсың. Сондай-ақ мен шыншыл, әділ адаммын, қыздарымынң құнына лайықты қалың малды ғана алам. Қызының сырын ата-анасынан артық ешкім білмейді. Кіші қызым үй тірлігіне икемсіз, тамақ та пісіре алмайды және қызсияқты қылығы да жоқ. Түр-басыңа, сөзіңе қарасам, көрікті ғана емес, ақылды да сияқтысың. Саған үлкен қызым лайықты, - деп көсем әдетінше тұңғыш қызын мақтай жөнеледі.
- Мен сонау жақтан сіздің кіші қызыңыз үшін келдім. Ойымды, таңдауымды өзгертпеймін, - деп жігіт табандап тұрып алады.
- Жарайды, қалауың білсін. Бірақ, маған артық қалың мал керек емес, 3 жылқы жетеді. Кіші қызымды одан артық бағалай алмаймын.
- Ал мен үшін ол 20 жылқыға лайықты. Әкелген қалың малын кері алып кететін жігіттерден емеспін. Кіші қызыңыздың қалың малы ретінде 20 жылқыны алып қалыңыз да ақ батаңызды беріңіз, - дейді жігіт.
Көсем орманда садақ атып, аң қуалап жүрген кіші қызын шақыртып, жігіттің қолына ұстатады. Батасын беріп шығарып салады. Кетіп бара жатқан қызының соңынан ұзақ қараған әкесі басын шайқап «Мейлі, мен айттым, тыңдамадың. Бірақ ары кетсе екі ай ғана шыдарсың, сосын қайтып әкеп тастайтының анық» дейді күбірлеп.
Қыздың сыры төркініне мәлім емес пе, көсем ғана емес бүкіл тайпа еркекшора, мінезі нашар, дөрекі қыздың көп ұзамай қайтып келетініне сенімді еді. Бірақ арада аунап айлар өтеді, жылжып жыл өтеді, қыздан хабар болмайды. Көсем сабырмен тағы да екі жылды өткізеді. Бір күні анасы «Қызымызды әкеп тастамады, демек оны ұрып өлтіріп қойған шығар» дейді.
Көсем жолға шығады. Қызы келін боп түскен ауылды сұрастырып жүріп табады. Алдымен жұрт нұсқаған үйге алыстан көз тастап бақылайды. Үй алдынан ұзын көйлек киген, қыпша бел, бұрымды сұлу әйелді көреді. Оның қимылы өте нәзік. Көз ала алмай қарап тұрғанда үйден 2-3 жастағы бала шығады да әлгі әйелге қарай жүгіреді. Анасы мен баласы екені көрініп тұр. Осы кезде оларға жақындап келіп, беттерінен сүйген күйеу баласын таниды. Әлгінде ғана әдемі күйге еніп тұрған көсемнің бойын енді ашу билей бастайды. «Менің қызымды шынымен өлтіріп қойған ба? Қызым қайда? Жексұрын, басқа қызға үйленіп алыпты ғой» деп, қолына қылышын алып ұмтылады.
Күйеу баласының мойнына қылышын тақап:
- Қызымды тауып бер, - деп айқайлайды. Осы кезде:
- Әке, әкетай, сіз бе? Қайдан жүрсіз? - деген дауысқа бұрылады. Көсем өз көзіне өзі сене алар емес. Әлгі сұлу әйел – қызы, ал кішкентай бала – жиен немересі екен.
- Қалай..? Қызым, шынымен сен бе? Қалай өзгеріп кеткенсің? Сенің бұлай өзгеруіңе не себеп болды? - деп көсем таңданады. Сонда қызы күлімсіреп баяу ғана:
- Адам өзіне берілген бағаға лайықты болуға тырысады. Бұрын ұсқынсыз болсам, анам екеуіңіз берген баға сондай болған шығар. Кейін мен өзімнің 20 жылқыға лайықты екенімді түсіндім, - деп жауап беріпті қызы.
Бұны да оқыңыз: Балаңыз «ҰСҚЫНСЫЗ БАЛАПАНның» күйін кешіп жүрген жоқ па?
Байқасаңыз, ата-анасы үлкен қызын жоғары бағалағандықтан ол соған лайықты боп өссе, екіншісі өзіне берілген төмен бағаға лайықты боп бойжеткен. Ал күйеуі оның әр ісін жоғары бағалағандықтан, оның барлық қыздан сұлу екенін, ақылды екенін үнемі айтып отырғандықтан және жақсы көретінін жүрегіне жеткізе білгендіктен ол өзгерді.
Бойжеткен қыздың өмірінде жігіт пайда болғанын байқау қиын емес. Оның киімі де, шаш үлгісі де, бәрі өзгереді. Тіпті, көзінен де, сөзінен де сұлулық, әдемілік байқалады. Бұл адам біреуді жақсы көргенде ғана емес, оны біреу жақсы көргенде де - өзгеріс орын алатынына дәлел.
Ал адам өзін ешкім сүймейді деген ойдан, өзін керексіз сезінгеннен көп жағдайда жаман қылыққа, ұнамсыз мінезге, қатыгездікке бой алдырады дейді психотерапевтер. Тіпті, әйелдердің семіруінің бір себебі сүйіспеншілік жетіспегендіктен екенін айтады. Бұл туралы зертету мақалалары көп. Ал мен қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін.
Бұған кәдімгі суды мысал етейін. Аққу мен басқа құстар жылы жаққа ұшып кеткенде көл бетіне мұз қатады. Бұны өзін қажетсіз сезінген адамның қатал бола бастайтынына ұқсайды. Ыдыстағы суды мұздатқышқа салып қойыңызшы, ол мұзға айналғанда көлемі де ұлғайғанын байқайсыз. Бұны жылы сезім, мейір-махаббат жетіспегеннен семірген адамға ұқсатуға болады. Ал адамның ағзасының 60-70 пайызы судан тұрады. Суды салқын жерге қойып қатты денеге айналдыруға да, мұзды жылы бөлмеде ұстап ерітіп сұйық денеге айналдыруға да болады. Бұл кез келген адамды өзгертуге болады деген сөзге дәлел.
Олай болса, өзгермейді дегенге сенбеңіз. Сенбесеңіз, мақтау, комплимент сөздерді өзіңізге айтудан бастаңыз. Өзіңізді, ағзаңыздың әр мүшесін жақсы көруді бастағанда нәтижені аз уақытта көресіз. Дәл солай басқалардың ой-санасы мен мінезін мақтау, комплимент айту, өзгенің сүйіспеншілігі ӨЗГЕРТЕДІ.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Ж. СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Құрсаққа біткен бала ПРОБЛЕМА МА, әлде проблемадан ҚҰТҚАРУШЫ МА?
Күнде 5 алғыс жазған адамның өмірінде КЕРЕМЕТ ӨЗГЕРІС болады