"Екінші анам өзі «қамқоршылыққа» алды"
Сурет: story.erhastore.co.id
"Кейде тағдыр ойламаған жерден кілт бұрылып, қайта қалпына келтіруге болмайтындай сәттер болады. Сондықтан бұны – бес күндік жалған өмір деп атаса керек" - жап-жас қыздың терең сөздері таңдандырды. Әрі толғандырды. Албырт қылығы мен қызығы басылмаған шақта осындай ауыр ойдың салмағын көтеріп жүруге не себеп болды екен?
Мұның сырын бойжеткен ERNUR.KZ тілшісімен бөлісті.
"Менің анам екі қызы бар, әйелі қайтыс болған ер адамға тұрмысқа шыққан екен. Ол кезде жасы небәрі 25-те болыпты. Алғашқы некесі сәтсіз болып, ажырасып үлгерген, ол жақтан бір қызы бар.
Әкем мен анам үйленген соң, араларында ортақ бір ұлдары болды. Сонымен төрт ағайынды болдық. Үш қыз, бір ұлдың ата-анасы атанып, әке-шешем бақытты өмір сүріп жүрді.
Екеуі бірге он жыл өмір сүріп, содан әкем өмірден өтті. Сонда әкемнен қалған екі қыз тұл жетім атанып, балалар үйіне өткізілгелі тұрған жерінен анам шыр-пыр болып жүгіріп жүріп, өзі «қамқоршылыққа» алды.
Қазір сол екі қыз да тұрмыста. Сол екі қыздың бірі - менмін. Туған анамнан айрылған кезде небәрі үш жастағы кішкентай бүлдіршін қыз болғанмын. Яғни оны үш жасымнан бері өз анам екен деп қабылдадым. Өгей болса да, "анам" деп соншалықты өзіме жақын тұтып отырғаным да сондықтан.
Мені кішкентайымнан бауырына басып, туған анамдай қамқорлық көрсетті. Ол кісіден ешқашан өгейлік көрмегенмін. Керісінше, мені еркелетіп, керек жерінде ақылын айтып, өте жақсы тәрбие берді. Сондықтан, анамды өгей деп айтуға аузым бармайды.
Қазір бақытты анамын. Балалық шағымды бақытқа бөлеп өсіргені үшін анама алғысым шексіз. Мен де анамның бірінші некесінен туған қызын туған сіңлімдей санаймын. Үш қыз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Інімізді төркіндеп, іздеп келеміз. Анам үш қызын да ұзатып, тойымызды жасап, жасауымызды әкеліп, құдалығымызды да жасап үлкен тойымда бар алтынын тағып берді. Өмірде осындай бақытымның бар екеніне қуанамын."