Әлемге танымал психолог М.З. Дукаревичтің бұл әдісімен балаңыздың өзін-өзі қалай бағалайтынын, шығармашылық әлеуетін де тани аласыз.
Фото: ЖИ
Балаңыздың шын мәнінде не ойлап жүргенін білгіңіз келе ме? Иә, балалар өзін мазалаған қорқыныштарын немесе асыл армандарын сөзбен айтып жеткізе алмайды. Ал оны кез келген ата-ана білгісі келеді. Олай болса, оған өмірде жоқ жануарды салғызып көріңіз!
Бұл қарапайым тапсырма арқылы баланың ішкі қорқыныштарын ғана емес, көшбасшылық қасиеттерін және шығармашылық әлеуетін тани аласыз.
"Өмірде жоқ жануар" психодиагностикалық әдісті әлемдік психологияда мойындалған М.З. Дукаревич ойлап тапқан. Ол бұл әдістемені ең алдымен тұлғаның психологиялық портретін жан-жақты зерттеу мақсатында ойлап шығарған. Ол "Бұл жай ғана сурет салу емес, бұл – балаңыздың жан дүниесіне ашылған кішкентай терезе" дейді өз әдісі туралы. Мақсаты – адамның мінез-құлқын, қорқыныштарын, амбицияларын және қоршаған ортамен қарым-қатынасын оның қиялы арқылы «оқып шығу».
М.З. Дукаревичтің бұл әдістемесін 5 жастан бастап қолдануға болады. Ол үшін сізге арнайы психологиялық білім қажет емес, тек балаға зейін қойып, бақылау жеткілікті.
1-қадам: Дайындық
Баланың көңіл-күйі жақсы, шаршамаған кезін таңдаңыз. Бірнеше ақ қағаз (А4), түрлі-түсті қарындаштар алдына қойып, «Маған өмірде жоқ, еш жерде кездеспейтін, ертегілерде де, мультфильмдерде де болмаған бір жануардың суретін салып берші» деп айтыңыз. Бұл – проективті тест, яғни адам сурет салу арқылы өзінің саналы түрде айта алмайтын немесе жасырын тұрған ішкі сезімдерін «сыртқа шығарады».
2-қадам: Бақылау
Сурет салу процесінде оның қасында отырыңыз. Бірақ «мына жерін былай сал» деп араласпаңыз. Мынаған назар аударыңыз:
- Бала суретті парақтың қай жерінен бастады?
- Қандай түстерді көбірек қолданды?
- Сызықтарды қатты басып сала ма, әлде әрең көрінетін нәзік пе?
3-қадам: Сұхбат
Ең маңызды кезең. Сурет дайын болған соң, баладан жануар туралы әңгімелеп беруін сұраңыз. Мына сұрақтарды қойыңыз:
- Бұл жануардың аты кім?
- Ол қайда тұрады?
- Ол немен қоректенеді? (Ет жей ме, әлде гүл ме?)
- Оның достары бар ма?
- Ол жалғыз тұра ма?
- Оның жаулары бар ма?
- Ол неден қорқады?
- Оның арманы не?
- Егер ол сиқырлы болса, қандай тілек орындар еді?
Бұл сұрақтарға жауап – баланың өзі туралы айтқаны.
4-қадам: Нәтижелерді талдау
Суретке қарап, мына детальдарды іздеңіз:
1. Парақтағы суреттің орны
Жоғарыда: Бала өзіне сенімді, бірақ мақтауды көп қажет етеді.
Төменде: Бала өзіне сенімсіз, ұяң, көңіл-күйі төмен болуы мүмкін.
Ортада: Психологиялық жайлылық, қалыпты жағдай.
Егер жануар өте кішкентай болып, парақтың бір бұрышында қысылып тұрса – бұл төмен өзін-өзі бағалау.
Егер жануар парақты толтырып, тіпті сыймай кетсе – бұл жоғары амбиция немесе өзін тым жоғары санаудың белгісі.
2. Жануардың мүшелеріне қарап, адамның өзгелермен қарым-қатынас жасау стилін түсінуге болады.
Бас бөлігі оңға қарап тұрса: Бала белсенді, өз ойын іске асыруға тырысады.
Солға қарап тұрса: Бала ойшыл, өткенге көп үңіледі, іске көшуге қорқады.
Үлкен көздер: Қорқыныш пен мазасыздықтың белгісі.
Құлақтар: Құлақтың үлкен болуы – басқалардың өзі туралы пікіріне тым сезімтал болу немесе ақпаратты мұқият тыңдау.
Тістері көрінген ауыз: Баланың біреуге ренжуі немесе сөзбен келетін агрессия.
3. Қосымша мүшелер (Қорғаныс):
Егер жануарда мүйіз, тікенек, сауыт немесе тырнақтар көп болса – бұл баланың өзін қорғансыз сезінетінін және айналасынан қауіп күтетінін білдіреді.
Қанаттар: Шығармашылыққа бейімділік, арманшылдық.
4. Сирақтар (Аяқтар):
Егер аяқтары берік, денесіне сай болса – бала тұрақты, өзін сенімді сезінеді.
Аяқтары жоқ немесе өте әлсіз болса – баланың қолдауға зәру екенін көрсетеді.
5-қадам: Ата-анаға кеңес
Бұл әдістеме – балаға қойылған «диагноз» емес, бұл оның дәл қазіргі сәттегі көңіл-күйі. Егер сурет тым қараңғы немесе агрессивті болса, бірден қорықпаңыз. Мүмкін бала жаңа ғана мультфильм көріп әсерленген немесе біреумен ренжіскен шығар. Бір аптадан соң қайталап көріңіз. Егер сол бейнелер қайталанса, баламен ашық сөйлесуге немесе маманға жүгінуге негіз бар.
Есте сақтаңыз: Баланың суреті – ол сізге жазылған хат. Оны түсіну арқылы сіз балаңыздың ең жақын досына айналасыз.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Өзгерісті ОСЫНЫ ОРЫНДАУДАН бастаңыз!
«Өзгені тәрбиелейтін» әдеттен құтыла алмай жүрсіз бе?


