​Осы 7 ережені ұстанған адамды ТАЗА деуге болады

0
37 327

Шығыс оқымыстылары «7 дене тазалығын сақтаған адам аурудан, бақытсыздықтан, сәтсіздіктен, перзентсіздіктен, кедейшіліктен ада» деп жазады. Егер, Рамазан айында 7 денеңізді де тазалағыңыз келсе, онда мынадай ережелерді орындап, әдеттеніңіз.


​Осы 7 ережені ұстанған адамды ТАЗА деуге болады

Бүгін қасиетті Рамазан айының үшінші күні. Он екі айдың сұлтаны боп саналатын бұл тазару айында адам ең бірінші таңнан кешке дейін тамақтан, судан тыйылады. Осының салдарынан ағза бір жыл бойы қордаланып жиналған шлактардан тазарады. Бұны терінің күйінен анық байқауға болады. Әрине, бұл физикалық тазару.

Жалпы адам 7 денеден құралған: материалдық, эфирлі, астральді, ментальді, каузальді, атмикалық, буддхикалық. Шығыс оқымыстылары «7 дене тазалығын сақтаған адам аурудан, бақытсыздықтан, сәтсіздіктен, перзентсіздіктен, кедейшіліктен ада» деп жазады. Егер, Рамазан айында 7 денеңізді де тазалағыңыз келсе, онда мынадай ережелерді орындап, әдеттеніңіз.

1. ҚОЛ тазалығы

* Табысты адал жолмен табыңыз.

* Бір кабинетте отырсаңыз да қасыңыздағы әріптесіңіздің қаламсабын пайдаланарда рұқсат сұрауға үйреніңіз.

* Бөгде адамның, тіпті ата-анаңыздың, әпке-сіңлі, аға-іні, құрбыңыздың, яғни «өзім ғой» дейтін жақын адамыңыздың да сөмкесін ешқашан ақтармаңыз.

* Ешкімнің (күйеуіңіздің, әйеліңіздің де) қалта телефонын тексермеңіз.

* Мүмкіндігінше ешкімнен қарыз алмауға тырысыңыз.

* Күніне бір рет балаларыңыздың басынан сипаңыз.

* Күніне бір рет әйеліңіздің (еріңіздің) қолынан ұстап, алақандарыңызды түйістіріңіз. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Ер мен әйел қол ұстасса, саусақтарының арасынан күнәлары төгіледі» деген.

* Жылына бір рет жоқ-жітікке, жетім-жесірге қаржылай көмектесіңіз (Әрине, егер екі қолыңызбен еңбектеніп тапқан табысыңыз өз отбасыңыздан артылып жатса).

* Азық-түлік дүкенінің, мекемелердің, подъездің есігін, автобустағы орындықтарды, банкоматтың, терминалдың түймелерін күніне бірнеше адам ұстайды. Сондықтан да көшеден үйге келгенде міндетті түрде қолыңызды кірсабынмен ысқылап жууға әдеттеңіз.

2. ҚҰЛАҚ тазалығы

* Лажы барынша өзгеден жаман, былапыт сөз естімеуге тырысыңыз. Әрине, ол үшін ешкіммен ұрыспауды, өзгені ашындырмауды ойлаған жөн.

* Өзіңізге қатысты жоқ өсек сөзге, мәнсіз бос әңгімеге құлағыңыз «керең» болсын.

* Таңертең бетіңізді, тісіңізді жуғанда құлағыңыздың іші-сыртын сулы саусақтарыңызбен бір сипап өтуді ұмытпаңыз.

* Таңертең ұйқыдан тұрғанда және түнде жастыққа бас қоярда екі құлағыңызды 1-2 минут массаждаңыз.

3. КӨЗ тазалығы

* Өзгенің мүлкіне қызғанышпен қарамау.

* Көшедегі ашық-шашық киінгендердің және көпшілік моншасында өзгенің тәніне, әуретті жеріне қарамауға тырысу.

* Лажы барынша, көшедегі танымайтын адамның көзіне тіке қарамаған жөн.

* Таңертең арайланып көтеріліп келе жатқан және кешке қызарып батып бара жатқан Күнге қараңыз.

* Ата-анаңыздың көзіне мейіріммен, ал жан жарыңыздың көзіне сүйіспеншілікпен қараңыз.

4. АУЫЗ тазалығы

* Өзгені сырттай тілдеуден, ғайбаттаудан тыйылыңыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ғайбат – адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын сумаңдаған өрттен де жылдам» дейді. Хазірет Әнас (р.а.) былай деген: «Пайғамбарымыз бір күні ауыз бекітуді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын» деді. Кеш батып, ымырт үйірілген шақта Пайғамбарымыз алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат беріп отырды. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын» деген кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі екінші рет келіп: «О, Алланың елшісі, шыдамдары таусылып, аштықтан бұратылып тұр» дейді. Пайғамбарымыз оларды әкелгізіп біреуісіне: «Кәне, лоқсы» деді. Ол қан аралас ірің лоқсиды. Тіпті, ыдыс толып кетті. Екіншісі де дәл солай. Осыдан кейін Пайғамбарымыз «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеді» деген-ді. Пайғамбарымыз ғайбаттың адам етін жеумен бірдей жиіркенішті екенін үмбетіне осылайша үйретті. Әлгі екі қыз ораза ұстағанымен, күні бойы өзгелердің сыртынан жағымсыз сөздер айтқан.

* Былғанышты паразит сөздерді сөздік қорыңыздан жойыңыз.

* «Аз сөз алтын, көп сөз көмір» дегенді әркез есте ұстап, пайдасыз әңгімеден, көпсөзділіктен арылыңыз.

* Күніне бір рет Алланың 99 көркем есімін дауыстап қайталаңыз.

* Тиісті жерде «Кешіріңіз!», «Мен сені жақсы көремін!», «Рахмет, Алла разы болсын!» деген үш ауыз сөзді айтып үйреніңіз.

5. ДЕНЕ тазалығы

* Әр күніңізді салқын сумен жуынудан бастап, жылы сумен шайынумен аяқтаңыз.

* Бүкіл дене мүшелеріне үлкен құрметпен қараңыз. Тәнін құрметтеген адам некелі жарынан басқаға денесін ұстатып аймалатпайды.

* Ұятты жерлерді сырт көзден, сұқ көзден бүркемелеп қорғаңыз.

* Тән саулығы үшін күніне 10 минут уақытыңызды дене шынықтыруға арнап, бір рет тер шығаруға әрекеттеніңіз.

* Артық салмақпен күресіңіз.

6. ОЙ тазалығы

* Өзге туралы, өмір жайында жаман, сасық ойға берілмеңіз.

* Қара ниеттен сақтаныңыз.

* Нендей жағдай болса да өзіңізді де, өзгені де жазғырмауға талпыныңыз.

7. ЖҮРЕК тазалығы

* Жан мен жүрек тазалығы үшін ашу, кек, реніш секілді эмоцияны басқара білген жөн. * Қайтарымын күтпей-ақ барлық адамға жақсы сөз арнай біліңіз, қолыңыздан келіп тұрса жақсылық жасаңыз.

* Күніне кем дегенде 3 адамды қуандыруға тырысыңыз.

* Құран сүрелері жүректі тазалайды. Құранда 114 сүре бар, осы уақытқа дейін сіз соның нешеуін бір рет болса да оқып шыққансыз? Күніне бір сүреден оқуға дағдылансаңыз, 3-3,5 айда барлық сүрені оқып шыға аласыз.

Қарапайым ғана осы ережені орындау ешкімге қиындық тудырмаса керек. Кез келген нәрсеге әдеттену үшін 21 күн қажет. Меніңше, тазалықтың 7 ережесіне дағдылануды Рамазан айында бастағаныңыз дұрыс. Өйткені, кежегеңізді кейінге тартатын, жақсы іске кедергі болатын нәпсіңіз бұл айда «байлаулы» тұрады.Өз басым шайтанды нәпсіге балаймын. Ал, хадисте «Рамазан айында шайтандар кісенделеді» делінген.

Ж.Нұрабайқызы

ERNUR.KZ