Суреттегі бір жемісті таңдаңыз да, болмысыңыздың өзіңізге беймәлім тұстарымен танысыңыз.
Үстелде алмұрт, алма, жүзім, мандарин, шие және банан салынған табақ тұр. Осы жемістердің қайсысын бірінші жейсіз?
Психологтар адамның сүйіп жейтін жемісі оның мінезінің кей тұстарынан хабар береді дейді.
1. АЛМА
Басқа жемістермен салыстырғанда қаттылығымен, қышқылдығымен ерекшеленетін алма сияқты бұл адамдар да сондай. Таңертең күліп оянса, түсте мұңайып, ал кешке қырсығып қалуы мүмкін. Осынысымен де онымен өткен күн жалықтырмайды, қызық, көңілді.
Басына қара бұл үйірілсе, жылап немесе қол қусырып отыра бермейді. Әрекетшіл. Өмірдің жағдайларына қарай тәтті, қышқыл, жасыл, қызыл, сары боп өзгеріп, ортаға байланысты жылдам бейімделе алатын өлермен адамдар. Болмашыға бордай езілмейді.
Армандары асқақ. Көштен қалмай әйтеуір әрдайым әрекетте жүреді. Жақсы қасиеті – сенімді ақтай алады, еңбекқор. Сондықтан оған кез келген жұмысты сеніп тапсыруға болады. Бірақ олар көбінесе өзін қарапайым ұстап, қарапайым өмір сүргенді жөн санайды.
Кеңес: Көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиеттеріңізді қолдана білсеңіз, өміріңіз әлдеқайда жақсырақ болады.
2. БАНАН
Сырт көзге суық, қатал, эгоист боп көрінгенімен, оның мінезі жұмсақ, жүрегі нәзік. Ішінде сыр сақтай алмайды.
Жұртқа көп жақсылық жасайды, көптің көңілін табуды ойлайды. Бірақ осы қасиетінен жаны көп жараланады, ренжиді.
Өзінің емес, өзгелердің пікірін жоғары қоятындықтан, сөзге ергіш.
Арманы көп, бірақ, жетектегенге ере кететіндіктен, бұлар көбінесе өзінің емес, өзгелердің арманын орындауға өмірін арнайды.
Бұларға сенімсіздік жетіспейді. Өзін бағалап та үйрену керек.
Кеңес: Бақыр тиынның екі жағы болатынын есте ұстаңыз. Адамдарды айыра біліңіз.
3. ЖҮЗІМ
Жүзім өзінің жақсы қалыптасқан тамырымен ерекшеленетін өсімдік. Бұл жемісті сүйіп жейтіндердің жүйкесі мықты, олар шыж-быж боп күйгелектене бермейді. Кез келген мәселені салмақтылықпен қабылдайды. Ол қандай жағдайда да тыныштықты бірінші орынға қояды.
Өте тәртіпті. Кешікпейді, сөзінде тұра алады. Сөйлегеннен гөрі тыңдағанды жақсы көреді, сондықтан да оған мұңын айтатындар көп. Ол тек өзгелердің құпиясын ғана емес, өзінің де сыры мен мұңын іште сақтай алады.
Ешкімге сенбейді. Жұмыста өсуіне, дос арттыруға, мүмкіндіктерді пайдалануға оның сенімсіздігі мен тұйықтығы көбіне кедергі боп жатады.
Кеңес: Кейде өмірді өзгерту үшін қателесудің, алданудың да пайдасы бар. Тәжірибе жинайсыз, есейесіз. Сондықтан ешкімнен де, ештеңеден де қорықпаңыз. Батыл қадам жасаңыз, қорқыныштар өзі-ақ жоғалады.
4. АЛМҰРТ
Өте тартымды. Мінезі жайлы. Олардың есігі әрдайым қонаққа ашық. Шаңырағы да, қолы да берекелі. Шығармашылыққа жаны жақын. Сурет салып, тігін тіккенді жақсы көреді.
Әзілқой, арманшыл. Алмұртты жақсы көретін әйелдер қай жаста да кез келген еркектің көңілін оңай жаулап ала алады.
Ал алмұртты сүйіп жейтін еркектер керісінше көппен тіл табысуы, достасуы қиын. Өйткені олар тез ренжиді және өкпесін іште ұзақ сақтайды. Үнемі кедергі келтіріп жүретін жаман мінезі – шыдамсыздық. Кез келген нәрсеге қызығушылығы тез тұтанып, жылдам өшеді. Сондықтан да олардың арасында бастаған істі, таныстықты аяғына дейін жеткізбей, орта жолда тастап кететіндері көп.
Кеңес: Бастаған жұмысты соңына дейін аяқтап үйренсеңіз, мақсаттарыңызға жете аласыз.
5. МАНДАРИН
Көңілді, ақжарқын, жан-жағына қуаныш сыйлап жүретіндердің сүйіп жейтін жемісі – мандарин. Маңайындағылар оның ішкі жан дүниесінің сұлулығына ғашық.
Түсінігі мол. Онымен өмір сүру де, әңгімелесу де, бір нәрсені түсіндіру де оңай. Өйткені ол қатып қалған қағидаға сүйенбейді, еркін ойлай біледі және мәселеге, жағдайға жеңіл қарай біледі. «Бұнымен өмір тоқтап қалмайды. Қайғыруға 100 себеп болса, қуануға да 100 себеп табылады» деген оптимистік көзқарасымен дос, әріптес, туыстарын әрдайым «зарядтап» жүретін «қуаттандырғыш». Ал өзі күш-қуатты табиғаттан, саяхаттағаннан алады.
Ешкімге салмақ салғысы келмейді. Сондықтан да бұлар көбіне бақытына, армандарына да кеш жетеді.
Кеңес: Сәл-пәл салмақты болуды үйреніңіз. Сондай-ақ кей-кейде қатты қиналғанда жақын адамдарыңыздан жәрдем сұрап үйренген де жөн.
6. АЛША
Дәлел, нақты айғақ келтірмейінше кез келген нәрсеге сене бермейді. Өсек пен өтірікке жаны қас. Бірақ оның бұл қасиетін бағалайтындар аз.
Өмір жолында түрлі мәселеге, шытырман оқиғаларға көп кездеседі. Өйткені ол барлық адамға көмектесіп жүреді, айналасындағылардың қиналғанына бей-жай қарай алмайды. Жүрегі мейірімге толы, пейілі кең, қолы ашық.
Тез ғашық болады, бірақ махаббатта тұрақты. Құлай сүйеді, содан болар, сүйіктісі немесе өмірлік жары үшін кез келген құрбандыққа бара алады. Махаббаттық қарым-қатынаста ол пәк, көңілі ақ, қулық пен сұмдықтан жаны таза.
Кеңес: Өмірдегі ең бірінші жақсы көруіңіз қажет адам – өзіңіз. Қолдауды да, көмекті де ең бірінші өзіңізге жасаңыз.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Табиғат ҚАЛЫБЕК,
Тағы да оқыңыз: