"Бала сүйе алмай қаламын ба?" - ҚОРҚЫНЫШты "қуатын" ГИПНОЗдық ТӘСІЛ

0
3 462

​Стресс саласы бойынша эксперт, гипнолог, коуч Ержан Нұршанов ұсынған супер тәсілмен қорқыныштарыңыздан құтылыңыз.


Дерттің бәрі де жүйкеден пайда болатынын мамандар айтып та, жазып та ескертіп жүр. Жүйке жүйесі шаршаса, оған ауыр ойлардан салмақ түссе стресс, депрессия пайда болады. Ал бұл екеуі өмірге қауіпті.


КҮЙЗЕЛІСТІҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ

Күйзеліске түсіретін себеп көп. Оның бастысы – стресс. Стресс сөзі "қысым" дегенді білдіреді. Ауыр ойдың басуы, эмоцияны сыртқа шығара алмай қысылу, қысымға түсудің көпшілігі қорқыныштан пайда болады екен.

Біреу «Өліп қалсам перзенттерімнің күні не болады?» деп қорқады. Біреу «Баламның ауруы жазылмаса қайтемін?» деп уайымдайды. Тағы біреу дәрігер қойған диагноздан соң «Бала туа аламын ба? Өмір бойы перзентсіз өтпеймін бе?» деп күні-түні ойланады т.б.

Әркімнің өз қорқынышы бар. Әр адам әйтеуір бір нәрседен қорқады. Ал пандемия кезінде бұндай қорқыныштар қатары көбеймесе азаймағаны белгілі. Ауру жұқтырғандарда да, дені сау адамдарда да қазір «Өліп қалмаймын ба?» деген үрей бар.

Осындай түрлі ойға, уайымға толы қорқыныштардың апаратын жері – күйзеліс. Күйзелістің алдын алу үшін, қорқыныштан қорықпау керек. Қысқаша айтқанда, қорқынышқа тез бой алдыратындар психологиялық қорғанысын күшейтіп, ал үрей торына қамалғандар қорқыныштарын азат етіп жіберуі керек. Ол үшін стресс пен депрессия деңгейін төмендеткен абзал. Іштегі уайым, ренжу, кінәлау эмоцияларын босатқан жөн.



ҚАЛАЙ?

Ағзаның психологиялық қорғанысын арттыратын, қорқынышты қуатын жаттығулар көп. Соның бірқатарын гипнолог, коуч Ержан Нұршановтың инстаграм парақшасынан табуға болады. Ол карантин кезінде халыққа көмек ретінде көптеген жаттығуларды тегін ұсынып жүр.

Ал біз гипнолог Ержан Нұршановтың қорқынышты жеңілдететін, психологиялық қорғанысты арттыратын жаттығуларының бірін дәл қазір жасауға кеңес береміз. Бір рет жасағаннан-ақ нәтижесін байқайсыз.



ЖАТТЫҒУ

Жаттығуды жасамас бұрын қорқыныштың қай-қайсысы да ағзадағы энергияның айналымына бөгет болатынын білгеніңіз жөн. Ал терең тыныс алу арқылы қанайналымды жақсартып, бөгеттерді жоюға болады. Сондықтан да кез келген физикалық, медитациялық, гипноздық жаттығуда тыныс алуға аса мән беріледі.


1) Терең тыныс алыңыз. Мұрынмен көкіректі (немесе қарынды) кере ауа жұтып, аузыңызбен шығарыңыз. Жаттығу барысында тыныс алудың осы ережесін ұмытпаңыз. Яғни, мұрынмен тыныс алу, ауаны ауызбен шығару керек.

2) Еденге табандарыңыз тиіп тұратындай, ыңғайлы қалыпта отырыңыз. Көзіңізді жұмып, 10-15 рет терең тыныс алыңыз. Мұрынмен ауа жұтып, ауызбен шығару барысын бақылаңыз.

3) Дыбыстарға құлақ түріңіз. Ол бөлмедегі кондиционердің, тоңазытқыштың дыбысы, шыбынның ызыңы... Даладағы машинаның дыбысы естіліп жатқан болар. Бұрын байқамаған ағза мүшелерінің дыбыстарын да естуіңіз мүмкін. Барлық дыбысқа құлақ түріп, тыңдаңыз. Бұл босаңсуға, трансқа кіруге көмектеседі.

4) Үйіңіздің сыртқы есігін көз алдыңызға елестетіңіз. Ойша есікке жақындаңыз. Ол неден жасалған? Темірден бе, ағаштан ба? Есіктің түсі қандай? Сұр, қоңыр, ақ, қара ма? Ойша көре біліңіз.

5) Есікті ойша ұстаңыз. Ұстаған кезде ол алақандарыңызға қалай тиді, сезініңіз. Жылы ма, суық па? Қатты ма, жұмсақ па? Жылтыр ма, әлде шаң ба? Екі қолыңызды да есікке тигізіп, оның мықтылығын сезініңіз. Есіктің мықтылығы – сізді, отбасыңызды суықтан, желден, дүние-мүліктеріңізді ұры-қарыдан қорғап тұрғандығында. Оның мықтылығы – сіздің сеніміңізді арттыра білгенінде. Сіз есігіңіздің мықтылығына сенгендіктен түнде алаңсыз ұйықтап жүрсіз. Бұдан кейін де ол сізді қорғайды.

6) Есікке алғыс айтыңыз. Осы уақытқа дейін оның мықтылығын бағаламаған болсаңыз, теуіп ашқан болсаңыз кешірім сұраңыз.

7) Ойша өзіңіз отырған бөлмеге оралыңыз. Мұрынмен тыныстап, ауызбен ауа шығаруды жалғастыра отырып, жайлап көзіңізді ашыңыз.


Жаттығу барысында пайда болған эмоцияларға бөгет болмаңыз. Қорқыныштар эмоциялар арқылы сыртқа шығады. Сондай-ақ бұл жаттығу қорқынышты азайтып, сенімділігіңізді арттырады.


Нәтиже бір рет жасағаннан соң-ақ, ертеңіне байқала бастайды. Жалпы қорқыныштың деңгейіне қарай оны күнде бір рет жасап, бірнеше күн қайталаған дұрыс.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Кешіру – АУРУдан сауықтырады

ҚОРҚЫНЫШТЫ жеңген адам ІНДЕТТІ де жеңеді