​ҚОЛдағы ПИГМЕНТТІ ДАҚтарды ең жылдам КЕТІРЕТІН кремдер

0
232

Кейбір өндірушілер нәтижесін 14 күнде-ақ көресіз деп уәде береді


​ҚОЛдағы ПИГМЕНТТІ ДАҚтарды ең жылдам КЕТІРЕТІН кремдер

Сурет: ЖИ

Кейбір өндірушілер пигментті дақтар 14 күнде ғайып болады деп уәде бергенімен, шындығында тіпті ең мықты кремнің өзіне біраз уақыт керек. Алғашқы нәтижелерді байқау үшін кемінде бір-екі ай сабыр сақтауға тура келеді.

Неге десеңіз, қолдың терісі ерекше күтімді талап етеді. Қолдың мүйізгекті тері қабаты бетпен салыстырғанда екі еседей қалың. Сондықтан жасушалардың жаңару процесі де баяу жүреді. Оған қоса, қолда май бездері өте аз, содан тері тез құрғайды әрі сезімтал келеді.

Теріні тітіркендіріп алмау үшін қол кремдеріндегі ағартатын белсенді заттардың мөлшері (концентрациясы) бетке немесе денеге арналған құралдарға қарағанда әлдеқайда төмен жасалады. Бұған қарамастан, t-j.ru сайты нарықтағы ағартатын қол кремдерін мұқият зерттеп, асықпай болса да өз ісін сапалы атқаратын 10 үздік кремді таңдаған. Сонымен, нағыз нәтиже беретін ең үздік ағартатын қол кремдері.


Ретинолы бар қол кремдері

Ретинол терінің жаңаруын жылдамдатады және коллаген өндірісін ынталандырады. Осының арқасында тері біртіндеп тегістеліп, пигментті дақтардың түсі ағара түседі.

Қол кремдерінде ретинол мөлшері әдетте 0,1%-дан аспайды. Бұл өте аз концентрация. Сонда да тері құрғап, тітіркенбеуі үшін және ретиноидты дерматит белгілері туындамауы үшін оны дұрыс қолдана білу керек. Ретинолы бар құралдарды тек түнде жаққан дұрыс. Ал күндіз қолға күннен қорғайтын (санскрин) крем жаққан абзал.


С витамині бар қол кремдері

С витамині меланин пигментінің бөлінуін азайтады және күшті антиоксидант ретінде жұмыс істейді: тері клеткаларын күн сәулесінің зақымдауынан қорғайды әрі коллаген синтезін ынталандырады. Әсерін күшейту үшін өндірушілер С витаминін басқа антиоксиданттармен, мысалы, ниацинамидпен, Е витаминімен, ресвератролмен немесе жасыл шай сығындысымен жиі біріктіреді.


SPF қол кремдері

Бұл кремдер кешенді түрде әсер етеді. Құрамында тек SPF-фильтрлер ғана емес, теріні ағартатын белсенді компоненттер де болады.

Жоғары қорғанысы бар крем (SPF 30) – қолға арналған өнім үшін өте жоғары көрсеткіш. Шыны керек, ультракүлгін фильтрлердің кесірінен крем теріде сәл тығыз әрі ерекше сезілуі мүмкін. Құрамындағы ниацинамид пен пептидтер кешені терінің түсін тегістеуге көмектеседі.

SPF 15 кремі салқын мезгілге өте қолайлы. Ал көктем мен жазда қорғаныс деңгейі жоғарырақ құралдарды таңдаған абзал.


Ниацинамиді бар қол кремдері

Ниацинамид меланиннің терінің үстіңгі қабатына өтуін бөгейді. Сонымен қатар эпидермистегі жеке церамидтердің бөлінуін ынталандырады. Бұл корғанысты нығайтуға, құрғақтық пен қабыршақтануды азайтуға көмектеседі. Косметикада ниацинамидті транексам қышқылымен жиі біріктіреді, себебі ол пигменттің түзілуіне қажетті ферментті бұғаттайды.


Арбутині бар қол кремдері

Арбутин меланиннің бөлінуін азайтады. Осының арқасында жаңа дақтардың пайда болуы баяулайды, ал ескілері терінің үстіңгі қабаты түлеген сайын біртіндеп ағара береді.


Тағы не қолданып көруге болады?

Бет пен денеге арналған ағартатын құралдар. Қол кремдерінде белсенді компоненттер азырақ келеді. Оның орнына бет пен денеге арналған пигментацияға қарсы күштірек құралдарды қолдануға болады. Олар айқынырақ нәтиже береді, бірақ бәрібір тез әсер ете қоймайды, себебі қол терісі өте баяу жаңарады.

Қышқылды пилингтер. Бетке арналған құралдарды қолдансаңыз болады. Мұндай пилингті аптасына бір реттен жиі жасамаңыз: қол терісінде май бездері аз болғандықтан, қышқылдар оны қатты құрғатып жіберуі мүмкін. Пилингтен соң бірден майлы крем жағу өте маңызды. Әсерін күшейту үшін түнге қарай мақтадан жасалған қолғап киіп алсаңыз болады. Ал күндіз міндетті түрде SPF кремін қолданыңыз: қышқылдардан кейін тері күнге өте сезімтал болып кетеді.

Қолдағы пигментті дақтардан арылу табандылық пен жүйелі күтімді талап етеді. Кремдерден тез арада ғажайып күтудің қажеті жоқ, өйткені қол терісінің жаңаруы уақыт алады. Ең бастысы, дұрыс таңдалған құралды тұрақты түрде пайдалану, түнде ретинол немесе ниацинамиді бар кремдермен теріні ағартып, ал күндіз міндетті түрде SPF-фильтрі бар өнімдерді жағуды әдетке айналдыру.

Егер кремдердің әсерін тездеткіңіз келсе, аптасына бір рет жұмсақ қышқылды пилинг жасап, түнге қарай мақта қолғап киіп ұйықтауды байқап көріңіз. Өзіңізге сәйкес келетін күтім түрін таңдап, сәл сабырлық танытсаңыз, қолыңыз қайтадан тегіс, жаңа туғандай ағарған әрі жас қалпына келеді!

Дайындаған: Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ІШКИІМ СТИЛІ: нәзіктік пен ашықтық арасындағы шекараны қалай сақтаймыз?