Біліп қой, еркелеткеннен жалғыз ұлың екеу боп көбейіп қалмайды.
фото: 2char.ru
Оның жалғыз ұлы бар, әрине қыздары да бар. Қоңсылардан естігем. Бірақ, атай жалғыз тұрады. Неге? Перзенттері бола тұра бөлек, жалғыз тұратын қазақ әкені бірінші рет көріп отырмын.
Оны ауладағы ағаш отырғыштан көрген сайын «Неге жалғыз тұрады?» деген сұрақ санама сап ете қалатын. Бір күні жалғыз отырған атайдың жасын сұрап едім, атай бір күрсініп алып былай деді:
«Жасым сексенге таяп қалды. Кемпірім екеуміз төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Қыздарым мектепті бітірген соң, әрқайсысы өзіне лайықты жоғары білім алды. Өмірден өз орындарын тапты. Ал, жалғыз ұл деп бетінен қақпай өсіргеніміз есер, бірбеткей, мінезі нашар. Бұған өзіміз кінәліміз. Мектепте оқып жүргенде де, одан соң да көрсеткен құқайы аз емес.
Жоғары оқу орнына таныстарды араға салып жүріп түсірдік. Өзгенің алдында үлкен басты кішірейтіп, таныстың талабын орындағанымды қайтейін, балам оқуын тастап кетті.
Кейін қатарларынан қалғысы келемй күнде «көлік әпер» дейтін болды. Жалғыздың тілегін жерге тастамай, көлік сатып алып беретін болдық. Бірақ, тек үйленген жағдайда ғана деп шарт қойдық.
Келін түсірдік. Бірінен соң бірін, арасына бір жылдан салып екі ұлды дүниеге әкелді келін. Бірақ, ұлымыздың ықыласы балаларына аумады. Әке атанғаны оның тентектігіне тежеу бола алмады. Ақылды Аллаһ бермесе, адамның айтқан ақылы оған қонбайтынын ұқтым. Ішімдікке тойып алып көлік жүргізуін де қоймады.
Тыңдамайды. Бір үйлі жанның қазасына себепкер болды. Екі қызы мен келіншегін алып жолға шыққан отыз жасар жігіттің көлігімен соқтығысты. Бір отбасы түгелімен сол оқиға болған орында қайтыс болды. Жеті жылға сотталып кеткен ұлымыздың қылығына қалайша күйінбейсің?
«Дұрыс та шығар. Біз ақыры тәрбиелей алмадық, енді түрме түзетер» деп өзімізді жұбаттық. Уайымшыл жүректі шыдаттық.
Арада жеті жыл өтіп, баламыз түрмеден босап шықты. Жеті жыл бойы ешқайда кетпей, үйден ұзамаған, ата-енеден қызметін аямаған келіншегін күнде сабайтын әдет тапты. «Мен түрмеде жатқанда күнде үйде болдың ба? Сонда ата-апаң тіпті тойға да бармады ма? Мүмкін емес. Сенің маған адалдығыңды сақтағаныңа сенбеймін» деп күнде сөзбен езіп, жұдырық астына алады.
Осылай жүргенде келін үшінші перзентін өмірге әкелді. Кішкентай қыз бала әке көңілін жібітер, ойландырар деп ойлағанымыз да қате екен. Перзентіне елжіремеді. Ішімдігін қайта бастап, тіпті үдетті.
Тұрақты жұмысы жоқ, табыс таппайды, бірақ арақ ішкісі келетін маскүнемнің нағыз өзіне айналды.
Кемпірім сол жалғыздың күйігін көтере алмады. Екі жыл бұрын дүниеден озды. Әйелімнен айырылғалы бабым да, өмір сүруге қызығушылығым да жоқ. Келін енесін сыйлап, үйден кете алмай жүрді ме, әлде күйеуінің адам болмайтынына көзі жетті ме, кемпірім қайтқан соң ол да төркініне біржолата кетіп қалды.
Ұлым да есірді. Араққа ақша сұрап алқымымнан алатын болды. Бірнеше рет жұлқылады да. Қорқайын дедім. Қыздарымның үйіне кетіп қалсам болар, бірақ оны жалғыз тастап кете алмай, тамағын істеп, кірін жуып жүре бердім.
Бір күні үйге бір әйелді ертіп келді. Ол әйел бұрын тұрмыста болған екен. Ішімдікке салынып, төрт перзентін күйеуіне тастап кетіп қалған деседі жұрт. Ертеден кешке дейін әлгі әйел әркімнің тірлігін істеп табыс тауып келеді. Кешкісін ұлым екеуі кешкі астан соң бір бөтелкені бөлісіп ішіп алады. Сәл көбірек ақша тапса, қыдырады екеуі. Олар отбасы, ұрпақ тәрбиелеу деген маңызды мәселелерге басын қатырмайды.
Ұлым мейлі есер дейін, ал ол ана емес пе, неге өмірге тура көзбен қарамайды екен. Ол неге өз балаларынан безіп жүр? Тапқан-таянғанын бір алқашты асырап, құлқынның қамымен жүргенше, өз балаларына ойласа нетті? Таң қаламын, таңданамын екеуіне қараймын да!
Ішкен адамда қандай ар-ұят болсын, екеуі мені сыйлаудан қалды. Ұлымның үйге кіргізіп алған әйелі менен ұялмай ашық-шашық жүреді. Дастархан басында екеуі сүйіседі. Ұят-ақ!
Шыдай алмадым. Қыздарымды шақырып, ақылдастым. Олар қаладан бір бөлмелі пәтер жалдап берді. Бөлек шықтым. Ай сайын қыздарым пәтерақыны төлеп отыр. Бастапқыда кезектесіп келіп ыстық тамағымды пісіріп беретін еді. Қазір олар да келемйтін болды.
Осы жасқа келгендегі түйгенім мынау: ұлды да, қызды да дұрыс тәрбие беріп өсіру керек екен. Жалғыз ұл жақсы тәрбие алмаса, жалмауыздың нағыз өзіне айналады. Өзіңнің ұлың бар ма? Айтарым, оны қатты еркелетпе, айтқанын әрдайым орындай берме. Біліп қой, еркелеткеннен жалғыз ұлың екеу боп көбейіп қалмайды. Жалғызым деп жалпылдап отырған ата-ана мына мен жіберген қателіктен сабақ алса екен деймін. Мен ұлымды бетінен қақпай өсірдім, оның бұрыс ісіне ұрыспадым. Ал, нәтижесін енді өзім көріп отырмын. Өзім кінәлімін...»
Иә, кәрілік кезеңі күйікпен өтіп жатса, оған атайдың өзі кінәлі. С. Торайғыров атамыз «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деген. Ендеше, жалғызыңыз есер болсын демесеңіз, еркелете бермеңіз! Жалғызыңыз қыран болсын десеңіз, жалпылдап жапалақ бола бермеңіз!
Ж.НҰРАБАЙҚЫЗЫ.