Жаман әдетті жоюдың 2-формуласы

0
2 889

Жаман әдеттің 1-формуласы – «таным» арқылы өзіңізді, өзіңіздегі жою қажет негізгі жаман әдетті таныдыңыз ба? Оны жазыңыз. Күресті қарапайым жаман әдеттерден бастаған жөн. Әбден машықтанып алған соң күрделі әдеттерді және субъектті ғана емес, объектті (өміріңізге зиянын тигізіп жүрген құрбы, туыс, әріптес т.б.) де өміріңізден алыстата аласыз.


Жаман әдетті жоюдың 2-формуласы

Жаман әдеттің 1-формуласы – «таным» арқылы өзіңізді, өзіңіздегі жою қажет негізгі жаман әдетті таныдыңыз ба? Оны жазыңыз. Күресті қарапайым жаман әдеттерден бастаған жөн. Әбден машықтанып алған соң күрделі әдеттерді және субъектті ғана емес, объектті (өміріңізге зиянын тигізіп жүрген құрбы, туыс, әріптес т.б.) де өміріңізден алыстата аласыз.

Қарапайым жаман әдеттер: алкогольді ішімдіктерге әуестік, үнемі кешігу, тәттіқұмарлық, тәбетті тежей алмау, бүгінгі жұмысты ертеңге қалдыру, жалқаулық, жауапсыздық, тырнақ тістеу, былапыт сөздер, өсек айту, сырды сақтай алмау, сынды дұрыс қабылдамау, ұйқышылдық т.б. Қарсылас ретінде осы секілді әдеттердің бірін таңдаңыз. Мысалы, Маржанның жаман әдеті – темекі шегу. Заттық формасы – темекі.

2-формула – «Білім» деп аталады, яғни білу. Қарсыласпен күресерде күшіңіз, әл-дәрменіңіз жете ме, білу үшін салыстырамыз. Кім және не, қайсысы мықты?

МЫСАЛ: Маржан және темекі.

1. Маржанның бойы 160 см.

Темекiнің ұзындығы 9 см.

2. Маржан – адам, жаны бар, саналы, қимылдайды, әрекет ете алады, сөйлейді, жоғары білімді т.б.

Темекі – зат, жансыз, әрекет жасай алмайды, орнынан қозғалмайды, қолы мен аяғы жоқ, сөйлей алмайды.

3. Маржанның салмағы – 60 кг.

1 тал фильтрлі темекі – 0,94 грамм, фильтрсіз – 0,87 грамм, бір қорап темекі – 17-20 грамм.

АНЫҚТАУ: Сіз – iрiсiз және тiрiсiз! Бiр тал темекіні үстел үстiне қойып қараңызшы. Ол сiзге қарсы әрекет жасай алмайды, орнынан қозғала да алмайды, сөз де қайтармайды, кішкентай ғана, «үф» десеңіз ұшып кетеді. Ал, сiз оны сындыра аласыз, аяғыңызбен мыжисыз, өртесеңіз жанып күлге айналады, суға салсаңыз бөлініп-бөлініп ыдарайды. Адам өзінің артықшылығын, жақсы қасиеттерін, қабілет-қарымын білсе өзін-өзі бағалайды. Ал адамның өзін-өзі жоғары бағалауы – өзінің ядросы. Ядросын тапқан адам өзін-өзі басқара алады.

Маржан қарсыласынан өзінің мықты екенін анықтады. «Бес жылдан бері неге темекіні тастай алмай жүрмін? Неге оны тастау мен үшін қиын болды? Оны жеңу түк те емес сияқты. Ертеңнен бастап...» деп ойлады. Содан бері екі ай, алты ай өтті. Күресуді бастауға ерік күші жетпей жүр.

Адам өзінің күшті, қуатты, ақылды, саналы, білімді екенін білсе де жоспарға кірісуде кежегесі кейін тартады кейде. Мұндайда оның зиянын, зардабын, шығынын есептеу керек. Мұндайда не істеу керек?

Адам өзін-өзі жігерлендіруі қажет. Жаман әдетті жеккөруі керек. Қолыңызға парақ алып, оның зиянын, зардабын жазыңыз.

МЫСАЛ: Маржан бiр күнде берiлетiн 24 ғана сағаттың қанша уақытын темекi тартуға арнайтынын есептеді? Күніне қанша темекі шегеді? Айына жалақысының қаншa бөлігін темекіге шығындайды? Темекі шегетінін кімдер жасырады? Қанша рет ұятты жағдайға тап болды? Темекі тартуды бастағалы ол өзінен қандай ауруларды, өзгерістерді байқады? (тiсi сарғайды, аузынан жағымсыз иіс шығады, aсқазанында жара пайда болды, бет терісі сарғайған, әжім түсті, ұйқысыздыққа ұшырады, жүрегі шаншиды, бесінші қабатқа көтерілгенше ентігіп шаршап қалады, иммунитеті нашарлады, көп жөтеледі.

БОЛЖАУ: Егер темекі шегу әдетін жоймаса, Маржан ерiн, өңеш, көмекей және өкпе рагына ұшырауы мүмкін (мұндай аурудың 90 пайызының себебi темекiден), созылмалы тыныс жолдары қабынуына ұшырайды, жүрек бұлшық етi инфарктiне тап болады, өз қатарынан ерте қартаяды т.б.

Ал, жойса, денсаулығы жақсарады, қауіпті дерттердің алдын алады, уақытты және қаражатын үнемдейді...

ОЙ ҚОРЫТУ: Темекі Маржанға не берді? Берген жоқ, тек алды. Уақытты, қаржыны, денсаулықты жоятын, зияны мен зардабы көп ол қажет пе? Құндылықтың бәрін жоюшыны жойса не ұтады? Оған жұмсалған уақытты өзіне, отбасына, балаларына арнау әлдеқайда тиімді. Оған шығындаған ақшаға қыздарына тәттiлер, ойды дамытатын кiтаптар сатып әперген дұрыс.

Сіз де жаман әдетіңіздің зияны мен зардабын осылай анықтаңыз және болжау жасап, ой қорытыңыз.

ҚАЛАУ, НИЕТ. Күресуді қалайсыз ба? Адамның өзiнде қалау, ниет болмаса, ешкiм де, ештеңе де көмектесе алмайды. Тiлек болса, адамның қолынан бәрi келеді. Жауап беріңізші, жаман әдетті жоюды шынымен қалайсыз ба? Маржан темекі шегудің өзіне қаншалықты зардабы тиіп жүргенін білгеннен соң онымен күресуге ниеттенді. Ниет әрекетке бастайды. Олай болса, жаман әдетті жоюдың 3-формуласы «Әрекет» деп аталады. Әрекетке көшіңіз!

Жазира СМАҒҰЛОВА.

Бөлісу