Сондай-ақ қазақстандық автотасымалдаушыларға қатысты проблема көтерілді.
© Photo : Пресс-служба Министерства сельского хозяйства Казахстана
ERNUR.KZ. Астанада Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның XXVI отырысы өтті, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі, деп жазады sputnik.kz.
Отырыс барысында тараптар көлікке қатысты өзара іс-қимыл мәселесін кеңінен талқылады. Атап айтқанда, қыркүйекте Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың іске қосылуына және Қытай – Еуропа – Қытай бағыты транзитіндегі жоспардағы өсуге байланысты теміржол тасымалы көлемін ұлғайту перспективасы қаралды.
"Қазақстандық тарап сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресейдің көші-қон заңнамасындағы өзгерістерге байланысты қазақстандық автотасымалдаушылардың проблемалары туралы мәселені көтерді", - деп жазылған хабарламада.
Жаңа нормаларға сәйкес, шетелдік азаматтардың Ресейде тіркеусіз болу мерзімі бір жыл ішінде 180-ден 90 күнге дейін қысқарды. Ресей тарапы халықаралық тасымалды жүзеге асыратын қазақстандық жүргізушілердің бұрынғы болу мерзімін 180 күнге дейін қайтару жөніндегі мәселені тез арада шешуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Тараптар жоғары өнімділігі, сыртқы факторға төзімділігі және жақсартылған сапалық сипаттамалары бар ауыл шаруашылығы дақылының бәсекеге қабілетті жаңа сорттарын құру жөніндегі бірлескен жұмысты талқылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік бойынша өзара сауда көлемін кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
"Ресей тарапы Қазақстаннан зығыр мен жасымық тұқымын әкелуге фитосанитарлық шектеуді алып тастау мәселесін қарастыруға, сондай-ақ Ресей аумағында жинақталған астық пен бұршақ дақылының транзитін қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді", - дейді мамандар.
Отырыс барысында отын-энергетика кешені, қаржы, мұнай және газ, өнеркәсіп, атом энергетикасы, стандарттау және метрология, туризм, білім беру, байланыс және ақпараттық технология саласындағы өзекті ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша делегация басшылары – Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ресей үкімет төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Үкіметаралық комиссияның XXVI отырысының хаттамасына қол қойды.
Комиссияның келесі отырысы 2026 жылы Омбыда (Ресей Федерациясы) өткізілмек.


