Ақпараттық-насихаттық жұмыстарды белсенді жүргізуде.
Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб түркістандық диқандармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
5 маусымда өтетін референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб және өңірлердің қоғамдық штабтары республика көлемінде ақпараттық-насихаттық жұмыстарды белсенді жүргізуде. Осы мақсатта республикалық штаб Түркістан облысы, Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі егіс алқабында шаруа қожалықтарының төрағалары мен диқандармен кездесті.
Кездесу барысында Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың және «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев, облыстық қоғамдық штаб төрағасы, Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев өз ойларымен бөлісіп, Референдумның мән-маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, ұлтымыз тағдыршешті сәтте тұрған шақта ел Президентінің жанына топтасып, жаңа Қазақстан - екінші Республика құру идеясын қолдауға және референдумға белсенді қатысуға шақырды. Өз кезегінде, диқандар еліміздегі оң өзгерістерді қолдайтындықтарын сондай-ақ, референдумға қатысатындықтарын жеткізді.
Бұдан бөлек, Республикалық штаб төрағасы мен облыстық штаб мүшелері Сауран ауданындағы ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысып, референдумға қатысты пікірлерін тыңдап, Конституциялық реформаларды кеңінен түсіндірді.