Антонимдер өлкесі – ертегі. Жібек Зинелова

0
1 775

Ол күн сайын шашын екіге бөліп тарап, бір жағын жоғары жаққа, екіншісін төмен жаққа жинап, буып жүреді екен.


Антонимдер өлкесі – ертегі. Жібек Зинелова

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көк терезелі керемет бір үйде сары шашты сүйкімді бір қыз тұратын еді. Оның аты шашы сияқты Алтыншаш еді. Сүкімді қыз әдемі көздерімен, кішкене мұрнымен, жылы шырайлы жүзімен үйдегілердің ерекше ықыласын алған балақай болатын.


Ол күн сайын шашын екіге бөліп тарап, бір жағын жоғары жаққа, екіншісін төмен жаққа жинап, буып жүреді екен. Алтыншаш осы бір ерке қылығымен одан әрі сүйкімді бола түсетін.


Кішкентай қыз қиялдағанды қатты жақсы көреді. Әр кеш сайын жатар киімдерін киіп, төсегіне жайғасқан соң қиялдайтын. Көзін жұмып алып, қиял мекеніне саяхат жасайтын. Кейбір кештерде өзінің қиял мекеніндегі достарымен асыр-салып ойнайтын. Әдетте ол қиялында пойызбен саяхаттағанды ұнатады. Ұзын пойыздың алдына өзі отырып, артына достарын мінгізетін. Олар осылайша сапарды көңілді өткізетін.


Бір күні Алтыншаш кешкісін әдеттегідей қиял мекеніне саяхатқа шықты. Пойызда отырып, айналасындағы бүкіл қызықты нәрсенің бәрін тамашалай бастады. Олардың алдынан бір маймыл шықты. Қыз сөмкесінен екі дана банан шығарып, маймылдарға ұсынды. Олар кішкентай қыздың берген банандарынсүйсініп жеді. Алтыншаш осы кезде бөлісіп жеудің өте керемет сезім екенін ұққандай марқайып қалды. Пойызбен саяхатын жалғастырып келе жатқанда, көзіне бір тақтайша көрінді. Тақтайшада «Антонимдер өлкесі» деп жазылған екен. Бұл өлкеде не бар екені Алтыншашты қатты қызықтырды. Пойыздыңбағытын өзін қызықтырған мекенге бұрды да, тезірек жетуді қалады.


Қыздың жол бастауымен пойыз антонимдер өлкесіне келіп тоқтады. Айнала тамаша! Ағаштардың өзі бір ұзын, бір қысқа болып орналасқан. Оларға қарасаң, құдды ойын ойнап жүргендей. Антонимдер өлкесінде Алтыншашты көп қызықтар күтіп тұрған секілді! Сүйкімді қыз қиял мекенін аралай бастады. Алдынан кіп-кішкентай үй мен үп-үлкен сарай кездесті. Үйлер бананнан жасалған тортқа ұқсайды. Үйдің айналысының бәрі бананмен көмкерілген. Гүлдер жайқалып көздің жауын алады. Қандай керемет еді!


Кішкентай қыз үйге жақын келіп, терезеден қарады. Үйдің ішіндегі жиһаздар да бананнан жасалса керек. Қабырғалары торт кремінен тұрады екен. Бұл үйдің ішінде кім тұрады?! Бәрі ғажайып қой мұнда! Сөйтіп ошақтың жанында отырған екі кісіні көрді. Біреуі қартайған ақсақал, біреуі жас жігіт екен. Екеуі бір-бірімен әңгіме дүкен құрып отыр.


Сары шашты қыз олардың әңгімесін өте жақсы естіп тұрды. Сөйтсе әңгіме өзі туралы екен. « Көрейік, ШЫНАЙЫ БАНАНДЫ тауып,Антонимдер Өлкесінің ханшайымы бола алар ма екен?» деп жатты олар.


Сол сәтте ақсақал Алтыншашты терезеден байқап қойды.Оған жақын келіп, күлімсіреп қарады да:


– Келе ғой, сүйкімді сары қыз. Біз де сен туралы айтып жатқан едік. Антонимдер өлкесіне ханшайым болуға қалай қарайсың? – дегенде қыз таңырқап:


– Әрине, бұл жерде ханшайым болуды қалаймын. Бірақ қалай? – деп сұрайды.


– Қазір өзіңе бәрін жаймен түсіндірейін, – деді қарт. – Бақшадағы банан ағаштарын көрген шығарсың? Міне, осы ағаштардың бәрі бос(жалған) банандар, соның бір түйірі ғана шынайы банан. Соны табуың керек. Сол кезде осы өлкенің ханшайымына айналып, әр кеште түсіңде біздің өлкеге саяхаттайтын боласың. Егер таңдаған бананың бос болып шықса, осыдан кейін Антонимдер мекеніне аяғыңды аттап баспайсың. Қане, қызым, сәттілік серігің болсын! – деді.


Кішкентай қыз бірден бақшаға шықты. Ішінен таңдайтын бананы шынайы болса екен деп қатты тілеп, таңдауға кірісті. Бірақ «Бос шығып қалса...» деген күдігі басым болды. Таңдаудан бас тартатын секілді... Сол кезде ағаш бұтағында бір маймыл оған қарап тұр еді. Ол Алтыншаш қиял өлкесінде банан берген маймылдардың бірі болатын. Сол кезде ол қызға көмектескісі келіп, жымиды да, шынайы бананға қарай бағыттады. Қыз да маймылдың өзіне көмектесіп тұрғанын бірден түсіне қойды. Сөйтіп ол нұсқаған жақтан, бір бананды ашып көрді.


Қанша қобалжып тұрса да, қабығын ашқаны сол еді, ішінен бүтін банан шықты. Ғажап! ИӘ! Бұл нағыз шынайы банан болатын! Жанына маймыл досы мен Антонимдер өлкесінің ақсақалы да келіп қалыпты. Енді Алтыншаш «Антонимдер өлкесінің Ханшайымы» болды! Мейірімді қарт арқасына бірдеңе жасырып тұрғандай, қызға қарай жақын келді.


Сөйтіп ол қызға Ханшайым тәжін тақты.Артынан оны шын жүрегімен құттықтады.Қызға торт пен алқа сыйлады. Бұдан соң қыз әр кеш сайын қалаған уақытында Антонимдер өлкесіне жолға шыға алатын еді. Саяхатында достарымен ойнап, оларға қонақ болып, шат-шадыман болып үйіне қайтатын.


Зинелова Жібек Құрашқызы – Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. Аудармашы, автор. Балаларға арналған «Кәмпитті жеген кім?», «Кербезмүйіз», «Әдептілік қағидалары», «Қиялдағы ғаламшар», «Сұр қоян», т.б кітаптарының авторы. Әңгіме, ертегі, фэнтези жанры бойынша ересектер мен балаларға арналған шығармалар жазады.