Аппақ қар тұралы ертегі – Бердалы Рысбеков

0
810

Біле білсек, қар – қалың елге, жан-жануарға береке екен.


Аппақ қар тұралы ертегі – Бердалы Рысбеков

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Балалар, жерді мекендеуші барлық тіршілік иелері: адам да, аң да, құстар да, тіпті құрт-құмырсқа да – бәрі-бәріміз ұлы Табиғат ананың перзенттеріміз. Табиғат ана біздерге күн нұры боп нәр береді, жел-самал болып көкірегімізге арман ұялатады, найзағайбоп жарқ-жұрқ жалтылдап, жігерімізді қайрайды. Біле білсек, осы табиғат аясынсыз біздің де бір минутымыз өтпейді екен. Жатсақ та, тұрсақ та, жүрсек те, тіпті көз көрмеген сонау алыс қиырларға саяхатқа шықсақ та, біз Табиғат-ананың таза, саф ауасымен тыныстаймыз, тұнық суларына түсіп, салқындаймыз, мөлдір бал бұлақтарынан шөл басамыз, жемістерін үзіп жейміз. Міне бұл – біздіңаса құдіретті әрі аса қамқор Табиғат –ананың мейірбандылығы, ешкімді де алаламас, ешкімді де шетке қақпас аяулы ыстық алақаны.Сондықтан да, балалар, біз табиғатты мәнгі-бақисүйіп өтуге борышты екенбіз.


Иә, балалар, бұл – ертегіге кіріспе ғана. Ал нағыз ертегі енді басталады. Ьұдан мың жыл бұрын ба, жоқ әлде бұдан жүз жыл бұрын ба, кім білсін, әйтеуір, төрт құбылалы дүниенің бір пұшпағын мекендеген елде шал мен кемпір өмір сүріпті. Жан дегенде, асырап алған жалғыз баласы бар екен.Жаз қос айдап егін салып, қыс пеш түбінде өткен-кеткенді айтып жәпірейген жер кепесінің қисық түтінін сөндірмей қаужаңдасып отырады екен.


Бірақ жылжып жатқан уақытта шек бар ма? Өлмес-талмас тірлігіне шүкірщілік етіп күн кешкен шал-кемпірді де бұл дүниеден әлде қашан жұлып кеткені белгілі ғой. Сонда да сол ақкөңіл адал жандар өмірінен бірер елес ел ішінде аңыз болып қалыпты...


Иә, ол жылы қыс қатты болыпты. Тәйірі, біз көріп жүрген қар да қар болып па. Ол жылы қар бұдан әлдеқайда мол, әлдеқйда көп жауыпты. Ұшан теңіз дала көз қарыған аппақ қарға көпсіп, көміліпті де жатыпты. Өзендерге сіресіп жал-жал мұз қатыпты. Шырт-шырт жанған пеш түбінде отыру қайда енді. Байғұс шал малақайының бір құлағы салбырап, атқан таңнан қызыл іңірге дейін қар күрейтін болыпты.


Күндер, апталар, айлар өтеді. Қар жауған үстіне жауа береді. Әбден титықтаған байғұс шал қатты назаланады. Ақыл тісі әлдеқашан түсіп қалса да, ақылы көп шал емес пе:


- Бұл қар емес, аппақ ұн болса қайтті, - дейді көкірегі сыр-сыр етіп, көздің жауын алар аппақ қарды уыстап тұрып. –Мына аштан қырылғалы жатқан елге ұн болсаң етті. Қар неге керек?


Әрине, мұны Табиғат-ана естіп қояды. «Елдің жайын ойлаған ниеті түзу жан екен, тілегін орындайын», - дейді.


Ертеңіне борап тағы қар жауыпты. Жоқ қар емес екен... Аппақ ұн жауыпты.


Ұн болғанда да несін айтасың, көз қаритынаппақ ұлпа жауыпты.


- Ұн, ұн! – деп өзеуреген елдің қуаныштан жүрегі жарылыпты. Күректеп алыпты, шелектеп алыпты, қаптап алыпты, қамбалап алыпты. Ел бір күнде асып-тасып, мәре-сәре болыпты.


Бұған шал да мәз болады. Қап, қамбаларын ұнға сықап, жаңа піскен ыстық көмешті қызыл иектеп қаужалап отырып:


- Бұл менің тілегім еді. Қарды ұн болса еді деп тілеген мен едім. Содан бастап ұн жауатын болды, - деп кемпіріне мақтанады.


Әйткенмен, кемпірі де онша ақылсыз емес еді.


- Әумесер, - деп дүрсе қоя беріпті кенет шалына. Ақылсыз болмасаң, алдымен қант сұрамаймысың. Таңдайымызға қант тимегелі қашан.


Шал шынында да, ойланып қалады. Өйткені ыстық шәйға бір қасық шекерді салып жіберіп рахаттана сораптағанды өзі де теріс көрмейтін еді.


Үй төбесіне шығып, Табиғат-анаға тағы да жалбарынады:


- Табиғат-ана! – дейді, -Ұннан да, қардан да гөрі қантқа зәру екен мына ел. Пенделеріңнің таңдайына тәтті тимегелі нелер заман. Тәттісіз өткен күн де күн болып па, тәйірі.


Бұл кезде Табиғат-ана тағы да бақылап тұрған. «Елдің сөзін сөйлеген ниеті тұзу жан екен, тілегін орындайын», - дейді.


Ертесіне тағы алашаңытып қар жауады. Жоқ, қар емес, бұл жолы... көздің жауын алардай аппақ шекер жауыпты. Жер-дүние аппақ, тәтті ұнтаққа толып сусылдап, сықырлап жатыр. Қаптап аласың ба, қанарлап аласың ба, ала бер керегінше.


Тағы да ел мәз-мейрам, бір күнде асып-тасып шалқып кетеді. Шекер салып шәй ішіп, шал да мәз, кемпір де мәз.


Содан қар орнына шекер жауатын болыпты. Сол шекер осы күнге дейін жауа берер ме еді, кім білсін, егер де бірер апта өткен соң, шал-кемпірдің жан дегендегі жалғыз баласы жатып жыламаған болса, Қар жоқ депті. Өйткені оған бәрінен де сырғанағы қызық қой. Ағаш шаналарын сүйретіп балалармен бірге анау дөңнен қым-қуыт зымырағанға не жетсін. Аппақ қар үстінде алысып, аққала соққанға, не жетсін!


Жан дегендегі жалғыз тентегінің тілегіне сорлы шалдың дәті қайдан шыдасын. Шал тағы төбеге көтеріліп, жалбарына қол созыпты көкке.


- Уа, Жаратушы ием!. Ұн да бердің – рахмет, қант та бердің – рахмет. Әйткенмен, енді қарыңа қайта ауыспасаң болатын емес. Ұнды да, шекерді де алған ел алды, алмағаны аппақ боп далада қалды. Ел тойынып, үстіне көң шашатынды шығарды. Есек аунап, мал таптайтынды шығарды. Енді бұлай жата берсе обал-ды. Қарыңа ауыс, Жаратқан ием, - деп дауыс салыпты.


Ұлы Жаратушы шалдың бұл тілегін де құп алады.Өйткені шал тағы да көкейдегі ақ сөзін айтқан болатын. Оңай олжаға дәніккен елдің тез мастанғанын өзі де көрген еді.


Ертесіне алай-түлей қар жауып, аунап-қунаған балалар мәз-мейрам болыпты. Міне, содан бері тек қар жауатын болады. Кейін талай қиыншылықтарды көрген шал ұнды да, қантты да бірнеше рет тілеген-ді. Бірақ та неге екенін қайдам, Табиғат-ана қайтып илікпей қойды. Шал да көпке дейін өкпелеп жүрді. Дегенмен Табиғат-ананың бұл пенделерін ұмытып кетпегенін, әлі де шама-шарқынша қарасып жатқанын кейін білді.


Бір жылы бұл елді қайдағы бір аш-жалаңаш қайыршылар қаптап кетті. «неге бұлай босып жүрсіңдер?» - деген шалға,


- Е, жарықтық, жерімізге жыл бойы не жаңбыр, не қар бір жаумай қойды. Қара жерге қылтанақ шықпай қалды. Қар болмағасын, кұздік егінді суық ұрып кетті. Мал жұтқа ұшырады. Содан, қайыр сұрап, босып жүргеніміз, - деді олар.


Иә, қар сырын сонда түсінген еді шал.


Қар тек ақ қар ғана емес екен. Қар – көк шалғын, мол астық, жайқалған гүл екен. Біле білсек, қар – қалың елге, жан-жануарға береке екен. Бала көңілін тасытатын мереке екен.


Түркістан облысы, Келес ауданының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Бердалы Рысбеков Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Келес ауданының Құрметті азаматы. Онға жуық кітаптың авторы атанған ол балаларға арналған әңгіме, ертегі, фантастикалық шығармалар жазады.