Бағың нұрлансын, балам! Балаларға арналған әңгіме. Толымбек Әбдірайым

0
832

Күн бесінге таяған мезгіл. Асыға адымдап қасынан өте берген ұлды кәрия тоқтатты.


Бағың нұрлансын, балам! Балаларға арналған әңгіме. Толымбек Әбдірайым

Әбуталап кәрияның қалаға қоныс аударғанына көп бола қойған жоқ. Ауылдағыдай емес, мұндағы тірлік арсы-гүрсі, қым-қуыт па дейсің. Көп қабатты үйдің тұрғындары таңертемен жұмыстарына кетеді. Кешке қарай оралысымен үйді-үйлеріне кіріп, есіктерін тарс бекітіп, қайтып көріне қоймайды. Көлеңке ұзарып, іңір қараңғылығы қоюланғанша есік алдындағы ағаш орындықтардың біріне жайғасып жан-жағына қарап отырады. Бұл жерде де немерелерін ойнатқан бірді-екілі кемпір-шалдан өзге ешкім көзге шалынбайды.


Біраздан байқап жүр, бұлар тұратын екінші қабаттағы қарама-қарсы пәтердегі кішкентай ұл кәрияның қасынан үндемей өте шығады. Өзі пысық бала сияқты. Тап-тұйнақтай киініп, қоңыр сөмкесін арқалап тымпың-тымпың кетіп бара жатқанымен, үлкен адаммен сәлемдесуді білмейді. Кіп-кішкентай болып, ол да асығыс.


Күн бесінге таяған мезгіл. Асыға адымдап қасынан өте берген ұлды кәрия тоқтатты.


— Әй, балам кішкене аялдашы!


Кішкентай ұл кідірді.


— Атың кім?


— Асхат.


— Қай сыныпта оқисың?


— Төртіншіде.


— Сабағың қалай?


— Жақсы.


— Бестік бағаларың көп пе?


— Ия, ата! Бір сабақтан төртім бар.


— Әке-шешең үлкен кісімен амандас деп айтпай ма?


— Айтады.


— Ендеше, неге амандаспайсың?!


Асхат жауап қайтармады. Басын төмен тұқыртып тұрып қалды.


— Жә, қысылма! Онда былай етейік. Сен осы жерде тұр, мен үйден шығып келе жатайын. Мені көргенде Ассалаумағалейкум деп даусыңды шығарыңқырап амандас, жарай ма?


— Жарайды.


Кәрия подьезге еніп, ұзамай қайыра шықты. Оны көрген Асхат:


— Ассалаумағалейкум, ата! — деді дауыстап.


— Уағалейкумассалам! Өркенің өссін шырағым! — деді кәрия.


Әбуталап ата бұл жаттығуын ерінбей бес рет қайталады.


Арада үш күн өтті. Әбуталап ақсақал есік алдында отырған. Әкесіне еріп есік алдына шыққан Асхат кәрияны көре сала:


— Ассалаумағалейкум, ата! — деді жүгіріп келіп.


— Айналайын, үлкен жігіт бол! — деді ата риза пейілмен.


— Сіз туралы естігем, - деді Асхаттың әкесі. — Сыртыңыздан жақсы білеміз. Өзім де танысайын деп жүр едім.


— Оқасы жоқ шырағым! Танысын, танымасын жасы кіші адамдардың, оның ішінде балалардың үлкен кісіге сәлем беруі — адамгершілік! Ізет — ілтипат! Осыны естеріңде ұстаңдар! Ал, Асхат құлыншақ, қолыңды жай, бата берейін!


— Асхат пен әкесі қолдарын жайды.


— Жортқанда, балам жолың болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын!

Қатарыңнан озған өрен бол,

Теңіздейін терең бол!

Ақылың ассын,

Ықыласың тассын!

Сағың сынбасын,

Бағың нұрлансын!

Аллаһуәкбар!

Әумин!


Содан бастап Асхат үлкен кісілерді көрсе сәлемдесіп жүретін болды.


Толымбек Әбдірайым 1955 жылы 12 қыркүйекте Семей облысының Аякөз қаласында туған. 1972 жылы №2 қазақ орта мектебін (қазір Дулат Бабатайұлы атындағы) бітірген соң, Аякөз автомобиль жөндеу зауытында, Б.Майлин ауылдық кеңесінде, Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, Талғар аудандық «Алатау жұлдызы», Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, Көкшетау телерадио комитеттерінде еңбек еткен. «Қазақ әдебиеті» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі болып қызмет істеген. 1991 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. 2006 жылдан бастап ҚР Мәденит және ақпарат министрлігіне қарасты «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Астанадағы өкілетті өкілі.

Алғашқы әңгімелері мен очерктері 1970 жылдан бастап газетжурналдарда жарияланып келеді. 1988 жылы «Елегізу» атты әңгімесі «Арман қанатында» жинағына енген.

Бірнеше Құрмет грамотасымен, Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталған.